Естелік
блог
Қалғанда көктем орнап, таң қысқара,
Суретіңді беріп ең жалғыз дана.
Басыбайлы менікі болып отыр,
Армандаған елесің сан қызғана...
Суретіңді қолға алам күнде сенің,
Үнсіз елес бейнеңмен тілдесемін.
Жанымнан егер мәңгі кетпегенде,
Қажетсіз қағаз құнын білмес едім...
Сенен қалған ең қымбат естелік бұл...
Мұңым тыңдап, жанымды ескеріп тұр.
... Мойныңа айдан алқа тағар күнде,
Жүректі жарып ұшқан кестелі жыр...
Өңім бе, түсім бе деп сан ойланам,
Сүйем деп те жасағам талай қадам.
Суретіңдей бір сәтке құшақтар ем,
Дүние-жалған көрінсе шарайнадан...
Өмір-жаз, ауысатын күзге мүлде,
Махаббат дейтін нәзік күште емес пе?
Түсіреді сабама сені ойласам,
Жындандырып жіберер түссең еске...
Жүргеніңмен жыр тілеп, кемелдей шын,
Бөлмеме кірмесем еш еленбейсің.
Естелікке қалдырып суретіңді,
«Мәңгі мені ұмытпа» дегендейсің..!