Эстафета таяқшасы бұйырмаса
блог
Эстафета деген жақсы ғой. Танымайтын адамың жайында ақпарат алып, онымен жақын танысқандай боласың. Бүгін Түргендік Сәкен Алаштың өзі жайлы, әрі туған жері жайында жазған жазбасын оқи сала, көптен бері туған өлкем жайлы жазайын деген жазбамды жариялауға бел будым. Әркімнің туған жері өлең-төсегі. Мен теріскейдегі қысы қытымыр, жаз айларынан гөрі қыс айлары ұзаққа созылатын солтүстіктің тумасымын. Дайындық деген ауылда дүние есігін ашқам. Руым осы өңірді жайлаған атығай да не керей емес, арғынның қаракесегімін. Енді әрі қарай айтпай-ақ қояйын. Қазақтың тойында сөз сөйлегендей болып көрінермін. Жалпы туған жеріммен бала кезімде мақтанбаушы едім. Дәм түсіп, қазақстанның көптеген елді-мекендерінде болдым. Шетелге де табан тіреген кезім болды. Бірақ Сәбең, Ғабең аталарымыз, Шал ақын, Қожаберген жырау жырлаған өз өлкемдей жерді ешқайда кездестірмеппін. Ел ішінде солтүстік орыстанған жер деген пікірді жиі естуші ем. Тіпті кей адамдар мені шоқынған қазақтарға теңестіріп, бойларын аулақ ұстаған кездер де есімде. Әсіресе бала кезімде Атырау қаласына Махамбет оқуларына барғанымда "сендер жақта қазақ бар ме еді, мешіт деген атымен жоқ шығар" дегендері де болды. Бірақ Аллаға шүкір о заманның өзінде Қызылжар қаласында 18 мешіт болыпты. Оны қазіргі тарих беттері дәлелдеп отыр. Қызылжардың маңында өңірді қоныс еткен ежелгі адамдардың мекенін де тапқан. Ол қонысты қазіргі таңда Батай қонысы деп атап кеткен. Жергілікті және шетелдік ғалымдардың жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде жалпы әлем бойынша алғашқылардың бірі болып, жылқы малын қолға үйреткен адамдардың мекені анықталды. Егерде біздің жаққа бас сұға қалсаңыздар міндетті түрде тарихи-өлкетану мұражайына кіріңіздер. Ол жерде барлығы тереңінен суреттелген. Бәрін айтта бірін айт, ең бастысы мен Қызылжардағыдай күннің батқан мезетін әлі ешқандай жерден көрмедім десем артық айтқаным болмас. Шаһардың Қызылжар деп аталуы да сондықтан болар. Қала жардың үстінде орналасқаны шындық. Және күннің қызарып батуымен шығуы да әдемі. Кей кездері арнайы күннің батқан мезетін көру үшін Есілдің жағасына барып, тамашалап қайтамын. Немесе көлікпен кетіп бара жатқанымда міндетті түрде жол жиегіне тоқтап, күннің батқанын тамашалау тіпті әдетіме еніп кетіпті. Түсіріп алған кей суреттерімді сіздерге ұсынып отырмын. Тамашалаңызар.
Бұл Дайындық ауылы. Күннің шығуы.
Күннің енді қызарып шығып келе жатқан тұсы.
Мынау қаламыздың кіре берісінде жаңадан салынған "Солтүстік жұлдызы" саябағы. "Пестрое" деген көлдің жағасында салынған. Күннің сан алуан түске боялып батуы, ескерткіштің өзін сан түстерге бояйды.
Күннің батуы.