Эстафета таяғы менде!!!

Эстафета таяғы менде!!!
жеке
блог

Эстафета басталғалы бері таяқтың ұшы маған да бір жетер деп төмендегі сұрақтарға іштей ойланып, еске түсіріп жүрдім. Содан жетті-ау ақыры. Олай болса кеттік.)))

Бір себептермен болса да өтірік айтып, оның ашылып қалған тұстары болды ма?

Меніңше, өмірінде өтірік айтпайтын адам болмайтын сияқты. Күнделікті өмірде адам өзі өтірік айтып тұрғанын байқамай да қалады. Ал кейде өтірікті айту керек жағдайлар болады.

Мысалы, мен біреумен кездесуге баратын болып, ол адам «Міне, келіп қалдым сыртқа шыға бер» деп звондағанда әлі дайын болмай жатсам да «Иә, міне мен де шығып келе жатырмын, немесе есіктің кілтін таппай жатырмын» дееееп кішкене өтіріктен араластырып қоятыным бар.

Қазіргі агент деген бәле де өтірік айтқызбай қоймайды))) Бірде сол агентте бір жігітпен танысып, ол менен жұмыс істейсің бе деп сұрады. Егер «істеймін» десең, қайда, кім болып, т.б. анау-мынау сұрақтар жауады ғой тағы. Сосын бір сөзбен «жұмыс істемеймін» дедім. Сөйтіп, келесі күні ол жазды «Не істеп жатырсың?» деп. Мен ойымда ештеңе жоқ «Отырған сол жұмыста» деп жазғанмын ғой, іле-шала «Сен кеше жұмыс істемеймін деген жоқсың ба?» демесі бар ма. Содан тез арада жазбалардың архивін ақтарып, есіме түсті. «А, мен жай анда-санда жұмысқа шығамын» деппін.

Негізі, менің өтіріктерімнің ашылып қалған тұстары есімде жоқ. Соған қарағанда өтірікті жақсы айтамын-ау деймін)))) Өтіріктің де кейде пайдасы тиіп қалатын кездері болады. Ал біреудің өміріне қауіп төндіретін немесе басқа да қиын жағдайларға алып келетін өтіріктерді айту үлкен күнә деп ойлаймын.

Қатты ұялып, жаныңызды қоярға жер таппай қысылған кез басыңыздан өтті ме?

Колледжде оқып жүрген кезімде практиканың қағаздарын компьютерде теру керек болды. Өзімде компьютер жоқ, колледждегілер бос емес. Содан тәтемнің жұмыс орнына бардым. Әйтеуір «открыть», «сохранить» дегендерді басып, мәтінді теретінім болмаса, компты керемет біле қоймайтынмын. Содан жазып отырғанда бірдеңесін дұрыс баспадым ба, әйтеуір рабочий столдағы документтер жоқ болып кетсін. Зәрем қалмады. Тышқанды былай да былай қозғаймын. Комп міз бақпайды. Тәтеме айтып едім, ол да дұрыстай алмады. Тіпті болмаған соң програмисттерді шақыртты.

Сондағы қатты ұялғаным-ай. Бір жағынан қорқып та отырдым, құжаттары мүлдем жоғалып кетсе не болады деп. Кейін ол жерге бармайтын болдым.

Кішігірім болса да ұрлық жасап көрдіңіз бе?

Мектепте оқып жүргенде болған кішігірім ұрлықтар ғой енді. Оның өзін осы эстафета басталғанда есіме түсірдім.

Ұмытпасам, 6 не 7-сыныпты бітірген жылдың жазы. Ауылдың жаздағы өмірі қызық қой, шіркін! Ауылдың балалары білетін шығар, қой кезек бағу дегенді. Содан қойдың кезегі бізге келгенде інілерім, мен және қаладан қонақ боп келген туыстардың балалары бәріміз «мен барам, мен барам» деп таласатынбыз. Көбіне таңертең ерте тұруға ерініп, барам деген сөз жайына қалатын. Бірде әйтеуір ертемен тұрып қой бағуға кеттік. 1-2 бала болса бір сәрі, 6 бала шықтық. Бір жақсысы, біз ауылдың шетінде тұратынбыз. Сондықтан қойды түске дейін бағып, түстен кейін қарап қойып, үйіңде жүре бересің. Тек желмен ығып кететіндей болса, екі өкпеңді қолыңа алып жүгіресің қойға қарай.

А, иә, содан қой кезекке шыққан бір күні қой жайылған маңайда шағын котлован болатын. Сонда көршінің балалары балыққа ау ма бірдеңе құрып қойыпты. «Қойшылардың» қызығушылығы шектен шығып әлгіні судан тартып шығарып алдық. Арамыздағы жасы кіші бір-екеуін қарауылға қойдық. Себебі, көршінің балалары жазда таймен шауып жүретін. Кез келген уақытта жетіп келуі мүмкін ғой. Әлгі тордың ішінде қайбір балық дейсіз, бірнеше шабақтар бар екен. Сөйтіп не керек оларды алып (немесе ұрлап) торды қайтадан суға лақтырып жібердік түк болмағандай. Шабақтар бізге ас болып жарымады, қақтаймыз отқа деп қойғанда, күйіп кетіп, қаңқасы ғана қалды. Кейін көршінің балалары біліп қойып бізге ренжіген. Сөйтсек, олар шабақтарды үйіндегі үйректеріне тамақ қылып беруге аулаған екен.

Тағы бір есіме түскені, мектептің кітапханасынан кітап ұрлағаным. Төменгі сыныпта болса бір сәрі ғой, 11-сыныпта оқып жүргенде кітапханадан Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында шыққан мектеп оқушыларының Тәуелсіздік туралы үздік шығармаларының жинағын алып кеттім. Алған құрлы кітапханашы апай біліп қойса масқара болам ғой деп ойлап қоям. Бір жағынан мектепте қаншама бала бар, кім алғанын қайдан білсін деп өз-өзімді жұбаттым. Сол кітапты үйден көрген сайын оны мектептен ұрлап алғаным есіме түсіп, ұялып кетемін.

Айтпақшы, ұмытып бара екем. Студент кезімізде бізді сельхозға апаратын. Сәбіз, қызылшаға бір-екі рет қана бардық, көбіне картоп жинауға баратынбыз. Даладағы картоп егетін алқапқа апарғанда, қайтарда бір-бір пакет картоп алуға рұқсат беретін. Енді даладағ шашылып жатқан картопты ешкім санамайды ғой. Вот складқа барғанда ондағы картоп санаулы. Кетерде автобусқа пакет, сөмкемен кіргізбейтін. Ал жатақханада тұратындарға  тегін картоп таптырмас тамақ. Содан не керек картопты ұрлауға көштік. Қалай дейсіз ғой, Складқа апарады деген күні кеңдеу күрте немесе спорттық костюм киіп барамыз да, картопты соның ішіне саламыз. Енді толтырып салмайсың ғой, әйтпесе, тексеретіндер біліп қалмай ма. Әйтеуір бір пісіретін картоп әкелетінбіз. Кейін уақыт өте келе сол картоп ұрлағанымды күліп еске алатын болдым)))

Эстафета таяғын Қайрекеге беремін.