«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» деп Мұқағали әкемнің сөзімен немесе Иран-ғайыптың тілімен «Ал, дүние!» деп «Массагеттің» барша оқырмандарына жалынды сәлемімді жолдадым. Айқаста қол бастамасақ та, алқалы топта сөз бастаудың қиын екенін түсінем. «Жаман сырын айтам деп шынын айтыпты» дейді. Абайша қазекемнің болмысына үңілсем, сыр – шын болмаса, оның несі сыр. Жә, пәлсапамды пәтуаламай, айтарыма көшейін.
Дәкеңе рахмет. Эстафета таяқшасын ұстатты. Енді сенім үдесінен шыға білу керек. Шыға білмесем – азаматтығыма һәм жігіттігіме сын болмақ.
Менің өмірімде романтика деген жетіп артылады. Махаббаттағысы, одан тысқарысы бар дегендей. Творчество ханшайымға қызмет еткендігімнен шығар деп долбарлап қоям. Оның мені тартқаны, әлде менің оған жақындығым, әйтеуір бір байланыс бар. Мана эстафета таяқшасын алғанымды білгенімде «не жазам» деген ой келді ең бірінші. Жазатындай дәнеңе болмағандықтан емес, көп болғандығынан. Ақыры ойлана келе, мына бір махаббат тарихын жазуға һәм сыр ғып тартуға бел будым.
Бәрі бірінші курстағы студенттер күнінен басталды. 2000 жылдың 17-қарашасы. Группадағы гранттар алғашқы стипендияларын алған. Бақандай 2500 теңге екі айға. Түстен кейін дене шынықтыру сабағына Горький паркіндегі «Спартак» стадионына бардық. Әлі есімде, сол күні алғашқы қар жауды. Сабақтан соң гранттар стипендияларын «жуды». Екінші жағынан жақынырақ таныстық, алдымызда асқар таудай боп жатқан төрт жыл бар. Біздер – «госкредиттер» (өзімізді «қарыз грант» дейміз) мен «платниктер» 50 теңгеден «собраз» жасап, жуып бердік. Не керек, жуудың арты қармен атқыласуға ұласты. Қарға «шомылып» жүрген баяғы қыздар жағы. Қуып жүріп, ұстап аламыз да, қойын-қоныштарын қарға толтырып жібере саламыз. Арасында көзімізше майысқанымен іштерінен жеті атамызды түгендеп бара жатады кейбірі. Жалпы, қазір білмеймін, ол уақытта қарға жуындыру кезінде өзің ұнатып жүрген қызға көңілің бар екенін іс жүзінде дәлелдеп қалудың сәті туатын. Енді былай... оған тиіспейсің, оны қорғайсың немесе жақын тілдесу үшін «оңдырмайсың» дегендей. Алғаш оқуға келгеннен бастап мен де бір қызды ұнатушы едім. Өзі мына Талас жақтікі. Қос жанары мөлдіреген, еріндері үлбіреген, иығынан аса төгілген шаштары белін орайтын орта бойлы келбетті қыз.
Басқа қыздарды қарға малшындырып жүріп, сол аруымды көзбен іздедім. Сөйтсем, бір шыршаның жанында бүрсиіп қара-а-а-ап тұр. Зулап жанына жетіп бардым. Жыртқыштан қорыққан еліктей екі көзін тарс жұмып алды да: «Өтінем, Ерке, тиіспеші», – деді жалынышты үнмен. Елжіреп кетсем де, маған керегі сол: «Айтқаныңды орындаймын» де», – дедім қар алуға еңкейе беріп. «Мақұл, мақұл, айтқаныңды орындаймын, тек тиіспеші». Сол сәт екеуміздің көздеріміз түйісе кетті. Баяғы сыртынан ұнатып жүргенім дым емес екен, әлгі жерде жүрегім аузыма тығылды. Дәп бір жасын түскендей болды жүрегіме. Сезімнің құдіретін түйсіну үшін адамға бір-екі секунд жетеді екен ғой.
Сөйтіп аңырып тұрғанда, қолында оңбағандай қылып жинап алған қары бар Азамат группаласым келе қалды.
- Ей, тиіспе оған! – дедім айқайлап.
- Не болды? – дейді.
- Ештеңе. Тиіспе, болды. Кет былай!
- Ибай, шшш..., жынды боп қалғансың ба-ей?!
Менде үн жоқ. Манағы жүректі өртеп кеткен сезімнің әсерінен шыға алмай тұрғаным анық.
Содан кейін менде маза болмады. Шимақтап-шатпақтап өлең жазам босай қалсам. Есіл-дертім сол қызда. Он жетіге әлі толмаған мен өртеніп жүрмін. Сабақта ол отыратын партаның артқы жағына отырам. Алысырақ отырып қалсам көңіл-күй жоқ. Не сабақ ұқпаймын, не маза жоқ. Әсіресе «поточный» лекцияларда қиын. Ылғи қыздар жамырап алдыңғы жаққа отырып алады. «Қойдан шыққан қотыр ешкі» болмайын деп артқы жаққа амалсыз жайғасам.
Сезімімді жеткізе алмаған күйі солай бірінші курсты бітірдім. Жаздағы өмірім өмір болмады. Күні-түні сол ғашығымды ойлаймын. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон деген қат дүние. Оны түсімізде ғана көреміз. Адресі бар, хат жазуға батылым бармады. Уффф, жазды да өткіздім-ау... Алпыс бес күн мен үшін мәңгілікке айналып кете жаздап еді.
Сары алтынға көмкере келген күзбен екінші курс студенті атандық. «Перваштарды» жинап алып, дәстүр бойынша «жиналыс» өткізіп жібердік. Ол да бір «романтика». Группадағылардың көбі өзгерген сықылды. Әсіресе, менің ғашығым. Бұрынғыдан құлпыра түскен. Маралдың жанарындай көздерімен кез келген жігітіңді бір атса болды, бейшаралар есі ауып, талып қалуға шақ қалатын. Оны өзіме сынап көргем:-) Сонымен, не керек, жеңешемнің сарыла күткен сериалындай от сезімге толы күндер тізбегі тағы басталды. Жазда өзіме берген сертім бар: «Осы жылы сөз айтпасам, Еркебұлан атым өшсін» деген. Серт еттің бе – орындау керек, «уәде – Құдай сөзі».
Жатақханада тұрса жақсы еді ғой, әйтеуір амалдап барып, тілдесіп қалатын. Әпкесінің үйінде тұрады. Не телефоны жоқ.
Бір күні отырып хат жаздым. Жағдайдан шығудың осы амалын таңдаған түрім ғой. Екі күн дегенде қинала, ойлана жазып бітірдім. Ендігі іс – адресатқа жеткізу. Мектептегідей «анау тәтеңе апарып бер» деп жүгірте салатын кішкентай бала да жоқ. Бере алмай бір апта жүрдім. Бейшара хатым шүберек болайын деп қалған. Үйге келем, ашамын, оқимын, қайта салам. Осылай-ақ мыжып бітірдім. Таза параққа қайта көшіріп, әдемілеп бүктеп, қалтама салып қойдым. Ертеңінде амалын тауып құрбысын шақырып алдым да, «Ренжімесең, мынаны ... -ға бере салшы» деп хатты ұстата салдым. Ол да көп сөзі жоқ қыз-тын, «жарайды» деді де кетті.
Ал күт жауабын. Түу, құрғыр-ай, уақыт деген неме тасбақаға мініп алғандай ғой. Сағат, минут дегенің түк те емес, милисекунд санап кеттім. Сабаққа «аппетитім» жынды еді, ол да жоғалды. Білсеңіз, темекі шегуді сол кезде бастағам. Білмеймін, сонда бір пайдасы тигендей болған:-)
Арада екі аптадай өткенде әлгі құрбысы келіп тұр. «Мынаны ... беріп жіберді». Жадым жаңылыспаса, туған күнімнен екі күн өткенде. Жоқ әйелім ұл тапқандай қуандым. Қуанғаным соншалық, басқа автобусқа отырып алыппын. «Мейлі түк етпес, айдалада жүргем жоқ қой» деп қоям өзімді жұбатып.
Жауабынан түсінгенім: мен де оған ұнайды екем. Сөзінің соңын «осы сәттен бір-бірімізге жақын болайық, сенің сүйген қызың болуға және менің сүйген жігітім болуыңа қарсы емеспін» деген шешіміне тіреген.
Ал содан махаббат қызығы мол күндер басталды. Шыны керек, қысқы сессия басталып кетті, емтихандарға дайындалу керек. Біраз уақыт арамыз алыстап кетті. Қысқы каникулда ол ауылына кетті. Қимай-қимай қоштасып, мен тағы секундтар санап үйімде қалдым.
Екі апталық каникулды да әйтіп-бүйтіп өткіздім. Оқу семестрі басталды. Алғашқы күнгі сабақтан соң оны шығарып салып, қайтып келе жатсам, жолда бір кісі үстелін жайып тастап, қызылды-жасылды бірдеңелер сатып отыр. Жақындап барып қызығып қарадым. Жүрекшелердің неше түрі. Әрқайсысында, құдай-ау, небір махаббати сөздер жазылған. Ананы оқып, сезімің одан сайын таси түседі екен.
- Бұлар не үшін? – деп сұрадым сатушы ағайдан.
- Білмейсің бе? Бүрсүкүні «ден сбятой валентина» ғой.
Ондай күнді естуім бар. Компьютер шұқып, кітап мүжіп жүрген басым оның неғылған мереке екенінде расын айтсам шаруам да болған емес.
- Ол қандай күн?
- Ғашықтардың мерекесі, балам. Қызың бар ма, бір-екеуін ал. Риза боп қалады.
Ұрыста тұрыс жоқ. Таңдап тұрып, үлкендеу біреуін сатып алдым. Жолыңда жаным құрбан деп жүрген мен немді аяймын. Мектепте Алғабек ағайымның сурет үйірмесіне екі жыл қатысқанымның пайдасы тиді. Әлгі жүрекшеге өрнектеп, әдемілеп есімін жаздым. Ойланып жатырмын, құры жүрекшені апарып ұстаса салған құрғақ боп қалатын сияқты. Бірдеңе жетпей тұр ма?.. Гүл! О, таптым. Гүлмен бірге беру керек.
Ерте тұрып, тезірек жиналып, қалаға келдім. «Саяхаттың» гүл базарына бір шоқ раушан гүлін сатып алдым да, 37-автобусқа отырдым. Ой, қысылғаным-ай... Бәрі маған қарайды. Бәйгеге бапталып жүргендей сорпа терім шықты. «Неғып жаяу кетпедім» деп өзімді кіналап келе жатырмын. Жол да ұзарып кеткен секілді ме?..
Қолымда гүлім бар корпусқа кіріп келдім. Тағы да – нысанадамын. Сабақ басталғалы қашан, жарты сағат өткен. Өзімнің жоспарым сол. Кешігу керек. Сөйтіп ешкімге көрсетпей, білдірмей гүлді тапсыру керек. Үшінші қабатқа көтерілдім. 307-аудиториядан аналитикалық геометриядан беретін апайдың саңқылдаған дауысы шығып жатыр. Ақырын кеп есіктің қолтырауынның көзіндей тесігінен сығаладым. Бәрі сабақ жазып отыр. Менің тұрысым мынау. Қалай тапсырам гүлді?.. Мына гүлмен сабаққа кіруге болмайды. Гүлімді ана апайым өзіме жегізетін шығар. Сөйтіп тұрғанда, орыс тобындағы Алимнің көрші аудиториядан шыға қалмасы бар ма.
- О, салам, Ерёма! Что за праздник?
- Эй, не ори. Салам.
- Че случилось?
- Не спрашивай.
Е, міне, іздегенім алдымнан шықты. Алимге өткен сессияда бір-екі есебін шығарып бергем. Гүлді тапсыруды осыған жүктесем ше?.. Табылған ақыл.
- Алик, подойди сюда.
- Ерёма, сегодня ты – не ты. Что с тобой?
- Передать сможешь? – дедім гүлді нұсқап.
- Кому?..
- ...
- Ну, даешь! Ну, ты джентельмен! Без базара. Передам. Просто так передать и все что-ли?
- Да. Там написано от кого...
Қолымдағы гүлді және «валентинканы» Алимге беріп, «внизу буду» деп ескерттім де, залдың ар жақ басына қарай бет алдым.
Сөйтсем, менің жаным да маған тосын сый дайындап қойған екен сол күні. Үйіне қонаққа шақырды. Ол да мен сықылды тіке келіп айтпай, құрбысын жіберіпті. (Қазір ойласам, сол мереке-сымақтың қазақы дүниеге жат салт екенін жастықтың желігімен жүріп сезінбеген екенбіз. Ол уақытта жаңа-жаңа ене бастаған еді. Сол жылғы бұл күнді атап өткенім алғашқы және соңғы рет болды.)
Біз солай арамыз суымай, ұстасқан қолдарымыз ажырамай бір жыл жүрдік. Керемет күндер еді. Тәңір қоспағанды тағдыр да қоса алмайды. Ол кезде менің атым біраз танылып қалған. Ақын, «КВНщик», олимпиада жүлдегері, сценарист, активист дейтін атақтар ере бастады артымнан. Атақ атаулының ол мейлі үлкен болсын, мейлі кіші болсын, жақсылы-жаманды сыбыстарын ілестіре жүретіні қалыптасып қалған заңдылық қой. Арамызға біреулер бықсытып от салды. Сұқ көздер мен суыт сөздер ақыры бізді екі тарапқа ажыратып тынды. Қалғаны – бөлек әңгімеге жүк. Осымен тәмамдайын. Ұзаққа көсіліп кеттім.
Міне, достар, мендегі кешкен романтиканың бір мысқалы. Жақсы ма, нашар ма, оны өздеріңіз салмақтай жатарсыздар. Айтпақшы, кейін сол қызбен қоштасарда бүтіндей бір кітапқа татитын жырларымды басы бүтін сыйлай салғам. «Маған енді оның керегі де шамалы. Қажет етсең, сақтап қой. Керек қылмасаң, сен де біреуге тарту қыларсың» дегем тілім күрмеліп, тамағыма өксік тығылып тұрып. Осы тарих жайлы "Талас пен Іле арасы" атты мини-поэма да жазылған еді.
Ал, мен эстафета таяқшасының кезегін басы жас, тұнып тұрған романтиканың ортасында жүр ғой, Салтанат)-қа табыстайын.