Эстафета - Қазақшалаудың қиыны-ай

Негізі, бізде аудармасы жоқ сөздер емес, аудармасы жоқ тіркестер мен ұғымдар – басты проблема. Сөздерді аударуға, тым құрығанда, сол күйі қалдыра салуға болады. Ал қазақтың тілінде, танымында жоқ тіркестер қиындық келтіреді. Оларды да ұлттың ұғымына лайықтап, баламасын табуға болады. Бірақ кейбіреулер «противоположный пол» деген сияқты тіркестерді тіп-тікелей аударуы мүмкін. «Массагетте» анау жолғы бір материалдағы  «қарым-қатынастардың көбі әжелермен жасалады» деген сияқты.

Мен ұсынатын қазақшасы жоқ бес сөз:

1)    Ведомость – мәліметтер тізімі, мәліметжай, тіркеме, мәнжинақ

2)    Браузер – жолашар

3)    Травматикалық қару – жарақаттағыш, жазым еткіш қару

4)    Атмосферный фронт – атмосфералық таралымдар (ауа қабатының таралымдары)

5)    Летчик-истребитель – жойғыш ұшқыш

Бұл жерде халықаралық тілдік элементтер мен терминдерді жаппай аударудың қажетсіздігін ескеру керек. Табиғи сұраныс болмаса, баламалардың құны жоқ. Мәселен, газ, курс, университет, институт, технология, контент, факультет, секс, термин, элемент, штат, крахмал, микрофон, тағы басқа осындай сөздерге аударма тауып, жұрттың басын ауырту – өзін-өзі ақтамайтын іс.

Сәтті аудармалар жайлы айтып кетейін, насихаты көп болсын:

–       Интернет – ғаламтор

–       Айқұлақ – «собачка»

–       Магистраль – арналы жол

Сәтсіз аудармаларға мысал:

–       Үймәрет – сооружение

–       Мүшеқап – презерватив

–       Пәрмен – команда (ұялы телефондарда)

–       Бұғат  – блокировка

Аббревиатураларды аударғанда, қазақтың тілі (психологиясы) сөздерді бас әрпі бойынша қысқартпайтынын есте ұстаған жөн. СПИД айтылғанымен,  ЖҚТБ деген қазақшасы дыбыстауға келмейді. Сондықтан ауызекі әңгімеде, телеарна жаңалықтарында СПИД атауы қала беруі тиіс.

P.S. Бір әріптесім «подшипник» дегенді аударып беріңіздерші деп жатыр.

P.P.S. Эстафетаны Сәкенге тағы да жағымпазданып ұсынамын. Сәкен – кәсіби аудармашы, сіреспе аударманың қас шебері.



Бөлісу: