Эстафета: Жыл қорытындысы-2012

Айгерім қарындасым Эстафета таяқшасын маған берген екен. Жалғап көрейін.

 

Жылдың цитатасы: «Ел болам десең бесігіңді түзе» Әуезовтің сөзін бұл жылы ғана емес, өмірлі ұстаным ретінде қабылдаймын. Елге де айтып жүретіні

Жылдың ең үздік танысуы:

Қайсыбірін айтайын. Біраз қызбен таныстық қой. Дегенмен, осыдан бес жыл бұрын танысқан ару маған ғұмырлық жар болса екен деп тілеймін.

Жылдың үздік тағамы:

Сендер менің анам жасаған тағамды жеп көріп пе едіңдер?

- Жоқ!

- Қандай бақытсыз жан едіңдер!!! 

Жылдың үздік сусыны:

Қымыз. «Жайлау» деген жақсы қымыз бар. Біраз дүкендерде сатылады. Қыста да қысырдың қымызын ішкендей боп отырасың.

Ең керемет күн:

Әуежайда оны күткен сәтім. (Кездескен де жоқпын. Тек сырттай ғана көріп қайттым). Оны күткен сол минуттар ғасырдан да ұзақ еді.

Үздік кеш:

Оны айтсам сілекейің шұбырып кетер...

Осы жылда ашылған қызығушылық:

Университет бітіріп, тек қана шығармашылық жолға түсемін деген қызығушылығым болып еді. Журналистика ең жек көретін мамандығым. Ер баспаймын деген жеріне үш барады.

Орындалған арман:

Арман ешқашан орындалмайды. Орындалса оның несі арман! «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді»

Жылдың ең үздік орны:

"Арабша жазумен" бірге баратын сыраханалар.

Рухани өзіндік жаңалық:

Көптеген жаныма жақын адамдармен таныстым, достастым.

Үздік әнші:

Ерлан Ырысқали және Рамазан Стамғазиев.

Үздік ән:

«Сен жүрсің» Мұрат Сұлтанбайдың өз әні. Қыза бастағанда қосылып шырқап кететінім де бар.

Үздік фильм:

«Шал», «Біржан сал»

Үздік сериал:

«Түрмеден қашу»

Үздік актер/(актриса):

Анджелина Джоли. Ал мен үшін ең үздік режиссер деп Ермек Тұрсынов ағамызды айтар ем.

Үздік кітап:

Әбіш Кекілбаев пен Оралхан Бөкей менің ең үздік жазушыларым. Есенғали Раушанов пен Жұматай Жақыпбаев ең үздік ақындарым. Бұл төртеуінің шығармасын қайталап оқудан жалықпаймын.  

Жылдың әсері:

Ренжіткен, өкпелеткен жандар болған шығар. Бірақ, төбемде бір Алла. Ұмытып кетіппін. Ал есіме түссе де кешірер ем. Дүние о баста әппақ еді. Тек қолымдағы бояуларды оңды-солды сілтеп әлде кімнің жүрегіне кір салсам кешірім өтінем. Мені шын жүрегімен сүйген, ауылда қалған ару қыз, сенен ғұмыр бойы кешрім сұрап өтемін. Мен опасыздық етпедім, тек жүрегімнің әміріне бағындым!

Жылдың әділетсіздігі:

Әділетсіздік менің айналамда күнде қайталанып тұрады. Кейде көз жұма қарамасқа шараң да жоқ.

Ең керемет адам:

«Шіркін, сіздің шал асыл ғой, асыл, Мен ондай еркек көрген де жоқпын» деп анама жазған өлеңім бар.

Жылдың сыйлығы:

Сен сыйлаған қалам. Мен онымен бірдеңе жазуға отырсам сиясы бітіп қалама деп қорқатын сәттерім де бар. Ол қаламмен тек өзіңе арнаған жырларды ғана жазатын болам.

Керемет жаңалық:

Университет бітірдім, жұмысқа тұрдым және «Ақырзаман»

Жыл өкініші:

Өлең жазбадым. Шығарашылықтан алыстап қалдым. 2012 маған жыр сыйламады.

Жыл шытырманы:

Махаббаттағы келеңсіздіктер. Сол үшін де ата-анамнан алыстап бара жатқандай сезінемін. Әлі күнгі басымды ауыртатыны да сол.

Ары қарай айтсам шарадай басымда не құпиялық қалады.

Сонымен эстафета таяқшасын Аринова Сәния қарындасыма берейін.



Бөлісу: