Эстафета: жеккөру VS жақсы көру

Жақсы көретін де, жеккөретін де дүниелер бар. Тіпті жеккөретінім артықтау ма деймін, өзімнің мінезім де оңып тұрған жоқ 

Сонымен, Айгерім берген таяқшаны жалғап кеп жіберейін. Жеккөретінім туралы бірінші жазайыншы, айызымды қандырып тұрып бір ішімдегіні шығарып алсам, одан кейін жақсы көретіндерімді айтып, позитивті нотада жазбамды аяқтай қояйын. Сонымен...

Стереотипті жеккөрем! Мен стереотиптерді жеккөретінім соншалықты, кейде сол стереотип дәлелденіп жатса да «Жо-жо-жоқ! Олай емес» деп, төтесінен қарсы шығамын. Жеккөретін тағы бір себебім – оған сенбеймін, қалыптасқан канонға қарсы тұруға болады деп жүрген өзім де оның «қаңбағына» түсіп қаламын. Жалпы, елдерді бірыңғай мақтап не бірыңғай даттамауым керектігін түсіндім. Қысқасы, нендей мәселе қозғалса да салмақтап, өлшеп барып, қана вердикт айтсам деген ойға келдім.

Түсініспеушілікті жеккөрем. Өзін ақылдымын деп ойлап жүрген жолдастар өзгені де төмен түсірмесе екен деймін. Адекваттар мен неадекваттардың ара-жігін салмақтап ашатын болдым. Мәселен, еш себепсіз дүрсе қойса ол адамның ісін сынап ала жөнелмей, әліптің артын бағу керек екен. Солай.  

Қыздардың түсініксіз істерін жеккөрем. «Қалайсың, танысуға бола ма?», «Иә, болады, әрине». «Үйленгенсің бе?», «Иә, үйленгенмін», «Мәәәә, ұқсамайсың ғоооо...»... Сонда мен маңдайыма «Үйленгенмін» деген сөзді баттитып тұрып «VERDANA» шрифімен жазып қоюым керек пе?!

Оны мында да талқыладық. Кейбір «псевдо-қылмыстық» диалогтарды мұнда да жазып қоюға бекіндік.

Бір ғана, өз тіліңді білу керек деген тұжырымды жеккөрем. Әй, замандастар-ау, қанша тіл білсең, сонша өмір сүрмейтін бе едің? Тіл білейікші, ол мейлі қай тіл болсын, әйтеуір жаңа тіл үйренуге, жаңа мәдениетті танығанға не жетсін.

Мен туралы біржақты ойлайтындарды жеккөрем. Жеккөргенде де, неліктен олай ойлайтындықтарын емес, жалпы мен туралы ойлап, миын артық шығындайтынына да. Мен, мәселен, ешкім туралы жаман ойламайтын болдым. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Оны мен емес! Станиславс... ой! Абай айтқан!

Жалпы, кейде іштегі ойымды адамға СЕНГЕНДІКТЕН айтып қоятыным үшін өзімді жеккөремін. Неліктен айтады екем? Мүйіз шыға ма? Осыны түсінбей-ақ қойдым. Көңілім тыныш, ой-ауаным ізгі болсын.

Др-р-р-р-р... Осымен тоқтайын. Енді жақсы көретін дүниелер туралы толғанайын.


Жартымның менімен үнемі санасып жүретініне, менің қызығушылықтарымды, құндылықтарымды аяқ асты етпейтіндігін жақсы көремін.

Кейбір істерді тындыра алмасам да, қалғандары қолымнан келетіндігі үшін де өзімді жақсы көремін. Әсіресе ыңғайсыз жағдайдан актерлік қабілет арқылы шығып кете алатынымды.

Мен кітапты жақсы көремін, оның иісін. Жақсы көру – онымен бірге болу деген сөз емес, әрине 

Мен дана ойларды мазмұндаған өлеңді, поэзияны жақсы көремін. Ұйып отырып тыңдай бергім келеді.

Мен қаламды, кейінде клавиатурамды жақсы көремін. Бітті.

Келесі кезекті (таяқшаны) Нұрбол бауырым Амантайұлына берейін! Ал, шап! :)



Бөлісу: