ЭСТАФЕТА! Жарысқан жаңалықтар.

ЭСТАФЕТА! Жарысқан жаңалықтар.
жеке
блог

Арайлап атқан таңның  шуағына бөленіп,сырлы күздің сыңғырлаған сыйқырлы үнімен  нұрға бөленіп  жүрген жандар,қалдарыңыз қалай? Биылғы күз әркімге әр түрлі басталды деп ойлаймын.Әсіресе студенттер  үшін бҰл күздің өмірден алар орны ерекше шығар.Оқу басталып,ғаламтордан да ұзап бара жатқан түріміз бар.Қол босағанда рұқсатсыз "Массагетті" сығалап қарап қалған едім,сөйтсем Жансаям маған "жарысқан жаңалықтар" эстафетасының таяқшасын  ұсынған екен.Араға бес күн салып,тағы да сіздерді күттірген  кезекті жазбамды жарияласам деймін.

Бірінші жаңалық: "Балалық арманым" деп талай күнді ұйқысыз өткізіп,сіздерді де мазалаған едім.Енді міне,сол мазалаған күндерімнің өтеуі болсын деп қуантайын деп отырмын.Еліміздің жүрегі саналған,еңселі елордамыздағы Еуразия ұлттық университетінің студенті атандым.Университеттегі алғашқы дәріс оқыған ұстазым-Мұратбек Тоқтағазин ағамыз болды.Өзіңді "үлкен адам" сезіну,өзіңді студент сезіну үлкен бақыт сыңайлы.

    

Екінші жаңалық: Бәріңізді күттірген фотоесепті жазып,арқамнан ауыр жүк түскендей болды.Білмеймін сіздерге бұл жаңалық болар ма екен,болмас па екен,сонда да айтайын.Кеше екі мектептегі досымның,екі группаласымның,бір туысымның туылған күні  болды.Бәрін бірден тойлап,бүгін тойдан келген адам секілді бір рахаттанып отырмын.

Үшінші жаңалық: Бұл-сүйінші!Сүйіншіге бәріңіз бір-бір заттан дайындай беріңіздер!Массагеттің дамуына сүбелі үлес қосып,журналистика әлеміне аяқ басқан,арамыздағы белсенді қолданушыларымыздың бірі әрі бірегейі,жүректен  шыққан жырларын жүрекке жеткізіп жүрген ақын қызымыз Әлия ІҢКӘРБЕК республикалық деңгейде қасиетті Семей топырағында өткізілген "Абай оқуларының" БАС ЖҮЛДЕГЕРІ атанды!Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген  талантты жастардың арасынан суырылып шығып,өзінің осал қарсылас емес екендігін басқаларға тағы да мойындатты.Жарайсың,Әлия!Жеңісің жемісті болсын!Осы алған бетіңнен тайынбай "сөйлесе сөздің шешені" болып,халықтың жанашыры, ШЫНШЫЛ журналист болуыңа шын жүректен тілектеспін!Мына гүлдер арнайы сен үшін...

Міне,мендегі жаңалықтар легі осындай.Эстафета таяқшасын көптен бері "Массагетті" сағындырып жүрген Астаналық қолданушымыз Нұрдәлет Болатовқа бергім келіп отыр.Нұреке,сөз кезегі өзіңізде)))