Есті қыз етегін қымтап ұстайды

Өзгенің мінін айтып, ол туралы сөз қозғап, оның әлеміне бас сұғатын әдеттен аулақпын. Сол себептен де кімнің не жеп, не қойғанында шаруам жоқ. Не кисе де, не ішсе де ол кісінің өзінің жеке бас мәселесі. Оған ешкімнің қой деуге, оның ел арасында талқылауға еш хақы жоқ, меніңше. Жазбаммен ешкімге тиіскім кеп тұрған жоқ. Бірақ, жазбасам болмас. 

Өткенде көшеде жаяу келе жатқанмын. Алдымда аяғын баяу басып, бір қыз телефонмен сөйлесіп кетіп бара жатыр. Өз қатарласымыз сияқты. Ары кетсе 3-4 жас кіші болар. Менің жүрісім жылдам болған соң, бір демде жаңағы қызды қуып жеттім. Қасынан өте бергенім мұң екен: "Маған ақша берді ғой ол. И мен кеше барып аборт жасаттым. Жаңа вот врачтан шықтым. Барлығы нормально деді. Кімге айттым, үйге бара бер деді. Он меня вечером забереть" деген әңгімесін естіп қалдым. Тезірек озып кетуге тырыстым. Арғы әңгімесінің қандай болғанын білмеймін. Бірақ, мына 2-3 сөйлемнің өзі маған жеткілікті болды. Біреу өкпемді қысып тастағандай бір түрлі сезімде болдым. Құрсақтағы сәбиін өлтірген емес, құдды бір тісіне жаңа пломба немесе тырнағына әдемі маникюр жаққандай жайбарақат айтып келе жатыр.

 

Пәтерім бірінші қабатта орналасқандықтан даладан барлығы естіліп тұрады. Кеше подъезд алдында темекіні ұзын тістеп бір апам (тәте дегенім ғой) телефонмен сөйлесіп тұр. Дауысы қатты шыққан соң, еріксіз естіп қалдым. Бар айтқаны: "Бәленнің қарындасы беременная 7 ай, ұл екен, әлі 2 айы бар. Бірақ, жігіт үйленбеймін депті. Оның басқа семьясы бар екен. Бәленнің әйелі де екіқабат қой. Но у нее девочка. Ей вот-вот скоро рожать. Осы екі апта ішінде срок. Соған нужно успеть. Анау қарындасын ерте туғызу керек. Потом екі баланы егіз деп жаздыртамыз деп отыр. Ауылдағылар білмейді оказывается. Сен де ешкімге айтпа. Сол жаңағы больница, врач, документ жағын қарастырып, көмектес. Не обидем, білесің ғой".

Мен жоғарыда жазған кісілерді жерден алып, жерге салайын деп тұрғаным жоқ. Әлбетте, өз тірлігі, өз ісі. Тек біз мына түрімізбен қайда барамыз?! Рухани құндылығымызды жоғалтып, ар-ұятымызды шетке ысырып, жүректегі иманнан айырылсақ не боламыз?! 

Ескіден ата-бабаларымыз "Есті қыз етегін қымтап ұстайды" дегенді айтқан еді. Сол сөзді жадымызда сақтайықшы, құрбылар!




Бөлісу: