«Ән- халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі.» Жамбыл Жабаев
Қазақтың әні десе дархан даланы дара үнімен тербеткен Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай әндері бірден ойға келеді. Бай әуен мен астарлы мағыналы сөздер құлақтан кіріп бойды алады. Орыстың ғалымы Потанин : “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” ,-деп айтуы, Затеевич қазақтың мың жарым әнін жинауы текке емес. Себебі, өзге де ел қазақ халқының қанына сіңген өнерін, қазақ әнінің қасиетін мойындап, қадірлей білген.
Кезінде Францияда Әміре Қашаубаевтың киелі, қара домбырамен айтқан әндері әлемді таңдандырған еді. Қазір болса жағдай мүлдем басқа. Заман ағымы өзгерді, заманмен қоса өнерді бағалауда өзгерген. Ән күллі өнердің ішіндегі ең құдіреттісі, ең әсерлісі, баршаның жүрегін тербейтін, өнердің ең жоғарысы боп бағаланатыны емес пе? Ал бүгін де шөп те ән, шөңгеде ән. Шетелге еліктейміз деп, мәдениетіміздің де, болмысымыздың да, әндеріміздің де қаймағы бұзылып бітті. «Музыканы сүю үшін ең алдымен оны тыңдай білу керек»,- деп Шостакович айтпақшы, әйтеуір елдің бәрі тыңдап жүрген ән екен деп, талғам-талаптан жұрдай, дүмбілез, мағынасыз мәтіндерге мән бермейтін болдық. Иә, құлаққа жағымсыз естілетін, мәні де, сәні де қалмаған әндерді жайбырақат отырып тыңдай беруге етіміз үйреніп кеткелі қай заман... Фонограмманы айналдырып қойып атағы шығып жүрген жұлдыз сымақ әншілер де аз емес. Тыңдасаң керең болып қалғың келетіндей, сөзінің мағынасы, тіпті ұйқасы келмейтін әндердің көбейіп кеткені әншілердің өздерін ойландырады ма екен десеңші? Әлде қазақтың ән өнерінің бұл күнгі мән-жайы жүні жұлынған тауықтай болып кеткеніме? Дені дұрыс ән мен әншінің қалмағаны ма? Саны бар, сапасы жоқ жеңілтек әндерге неге әуес болып кеттік осы? Сондай әндер ойнап жатқанда күллі қазақ әндерін жерге қаратып тұрғандай. Мәтінін оқысаң қазақ тілі қорланып, жеңіл желпі жазыла салған. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, алайда, басым көпшілік әндер дәл осындай дәрежеде.
Мәселен, атақты әнші Бүркіт пен Айшаның «Тау- тау сезім» әнін баршамыз естідік, хит те болды. Ән ырғағы тартымды, бірден көңілден шығады. Ал, мәтінін оқысаң қарының ашады.
Жүрегімнің тәңір берген теңісін,
Бір бақытқа бөлендің ғой мен үшін.
Мен барында аялайын сен үшін,
Қуанышым менің.
Жарайды, бірінші жолдан жарықшақ іздемей ақ қойарлық. Екінші шумаққа назар аударсақ : Мен үшін қалай бақытқа бөленуге болады сонда? «Мен барында аялайын сен үшін», мағынасын кім түсінді? Келесі:
Өзіменен күн самалдай ұмыттым,
Даусыннан бір ғажайып сыр ұқтым.
Жалындыма шуағыма жылыттым,
Сен ұқсап көлден.
«Өзімнен күн самалдай ұмыттым», Өзіменен, күн самалының, ұмытудың бір-біріне қаншалықты қатысы бар? Жалындыма шуағыма жылыттым, адамда жалындама шуақ болатын ба еді? Тіпті жалынды да емес, жалындама. Сен ұқсап көлден, алдындағы мәтінмен ұйқасы жоқтығын былай қойғанда, көлден емес, көлге болмаушы ма еді?
Bionic тобының "Керемет" деген әнін тындағандарыңыз бар ма?
Керемет, керемет өмір бұл
Шаттықтың, бақытты өмір сүр
Көңілді, әдемі болып жүр
Жасқанба, бәрі де қолда тұр
Жақсылық жолдасы сағынар
Әрдайым қасымнан табылар
Махаббат жүректерден туған
Сезім пәк шіркін таза болған
Сөйлемдерден бір байланыс табайыншы, мағынасын ашайыншы деп, шыны керек бір неше қайырып оқыдым. Мәтіннің жеңіл жазылғаны, мағынасының ойға қонымсыз байланысқанына қарағанда бастауыш сынып оқушысы жақсырақ жазарма еді?, деген ой келеді. Ұлттық қанық бояуы жоқ, мазаққа айналған әндер жетерлік -ақ. Демек, осындай әндер жарыққа шығып жатса, яғни, оларға сұраныс бар деген сөз. Сонда қазіргі жұртшылықтың талғамы соншалықты төмендегені ме? Әлде дарынды композитор, ақындардың жоқтығы ма? Осындай әндерді орындайтындарға, әннің мәтінін жазатындарға қазақ тілі кітабын сыйға тартқым кеп тұрады.
Иә, бәлкім, дебдіреу тіршіліктен кейін, ойды демалту үшін жеңіл әндер керек те шығар. Алайда, тыңдарман тез қабылдайтын, көңілді ән жазудың жөні осылай деп, қазақтың әнін осындай деңгейге түсіру керек пе? Өкінішті әрине, қазақтың әнінің киесі кірленіп, қазақ тілінің қадірі жоғалып жүр. «Әннің де естісі бар, есері бар,Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда, көңілдің өсері бар»,- деп кемеңгер Абай біліп айтқан болар.
Қаншалықты сынасақ та жеңілтек әндер тізбегі толып келеді. Сондықтан қазақ әнінің абыройын түндіктен сәуле болып нұрландыру үшін бір-ақ шешім көріп тұрмын. Әндерді мәдениет министрлігі арнайы сараптамадан өткізіп барып халыққа ұсыну қажет. Сонда ғана қазақ әні өзінің тиісті мәртебесіне қайтып ие болады. Ән қасиетін ұға білейік ағайын. Есті әнді де, ескі әнді де еститін күн туар әлі. «Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, Өмір сәуле көрсетер судай тұнық»,-деп Абай атамыз айтқандай, әнменен тарихы біте қайнасқан қазақ сахарасын табиғатымызға жат әндер емес, алтындай саф әндер тербесін! Ойымызды оятып, санамызда төрлесін!