Есірткісіз өмір ғажайып

Есірткісіз өмір ғажайып
жеке
блог

Қызылорда ОПД ЕҚКІҚБ тарапынан жарияланған байқауға
Есірткісіз өмір ғажайып
«Есірткіге тәуелділік – шын мәнінде қара басының қамын ойлағандардың сырқаты. Олар өздерін ерікті түрде оған үйретіп алды, себебі олар тек өздерімен ғана айналысып, өздерін ғана ойлайды, тек өздерін ғана көреді, құлқынның құлы болады. Ол үшін бұлтартпас жаза: тұлғаның құлдырауы, ал одан кейін –өлім»
Марек Катаньский
«Нарко» грек тілінен аударғанда есінен айырылып, тұрып қалу»деген мағынаны білдіреді.
Бүгінгі күннің ең маңызды тақырыбы, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдердің нашақорлығы. Жасөспірім шақта балалар өздерін ересек санайды және олар үшін бұл кезеңде өз құрбы-құрдастарының ой-пікірлері өте маңызды болып табылады. Еліктеушілік басым болғанда, достарының сөзін жерге тастай алмау сезімі болғанда, қысым көргенде, манипуляция жасалу нәтижесінде жасөспірім «бәрін көру керек» деген желеумен есірткінің дәмін көруі мүмкін.
Осындай тығырықтан бала қалай шығуы керек? Ерік-жігері мықты болып, есірткі ұсынған адамның ұсынысынан бас тарта алса, қарсы тойтарыс бере алса жақсы. Ал бас тарта алмаса не болады? Бұл сұрақ баласының болашағына алаңдаулы әрбір ата-ананы толғандырады деп ойлаймын. Сол үшін ата-ана балаға тұлға ретінде қарап, оған өзінің жақсы көретінін айтып білдіріп отыруы қажет. Баланы керек кезінде мақтап көтермелеу, оның әңгімесін тыңдай білу, ой-пікірімен санасып, кеңесіп отыру – оған сенімділік беріп, жауапкершілік сезімге тәрбиелейді.
Қазіргі уақытта жігіттер ғана емес, қыздардың да есірткіге құмар болғаны жасырын емес. Жақында ғана ғаламтордан есірткіге тәуелді болған қыздың өз-өзіне қол жұмсағанын оқып, қатты қапаландым. Тағы бір қыздың өз еркімен ауруханаға барып емделуге жазылғанын естіп қуанып қалдым. Болашақ ана болатын қыздардың неліктен бұндай қадамға баратын себебін еш түсіне алмадым.
«Іздеп алған аурудың емі табылмас» демекші, ауруға айналған нашақорлық жоғары нерв қызметін қатты бүлдіретін өте күрделі ауру. Ол адамдарды есіртеді, оны пайдаланған адамның психикасы мен тәнінің саулығына қатты нұқсан келеді. Ұзақ уақыт есірткілерді пайдалану, нашақорлыққа бой ұру – нерв жүйесін күйретіп, масаң күйге душар етеді, нашаны тағы пайдаланғысы келіп, ешбір тежеуге бой бермейтін құштарлық пайда болады.
«Гимнастика, дене жаттығулары, жүру, жұмыс істеу – қабілетін, денсаулығын, кемел қуанышты өмірін сақтағысы келген әр адамның күнделікті тұрмысына берік енуге тиіс», - деп Гиппократ айтқандай, есірткіні тарататын адамға тұтылмас үшін әрбір жан салауатты өмір салтын ұстанып, тазалық сақтау және спортпен шұғылдану мәселесін алдыңғы орынға қою керек.
Зерттеулерге сүйенсек, есірткі қолданушылардың басым көпшілігі- мектеп оқушылары екен. Жасөспірім шақта еліктеушілік жоғары болғандықтан, «бір рет қолдансам, ештеңе етпес» деген ойдың соңы тәуелділікке апарып соғарын байқамай қалады. Есірткінің кесірінен көптеген қылмыс орын алады. Бұны болдыртпас үшін мектепте нашақорлыққа қарсы сауалнама алу, сайыстар өткізу, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының мамандарымен кездесу ұйымдастыру секілді іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып тұру – жасөспірімдердің нашақорлықтан бойын аулақ салуына, есірткісіз де өмірдің қандай ғажайып екенін терең сезіне алуына әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өз жолдауында «Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр», - деп атап көрсеткендей еліміздің әрбір азаматы бақытты әрі жарқын болашаққа қол жеткізу жолында жаман әдеттерден жиреніп, салауатты өмір салтын берік ұстанып, тек сапалы білім алу үшін үздіксіз қозғалып, ерік-жігерді қамшылап, табанды түрде еңбек етуі керек.
#есірткігеқарсыбайқауы

Шерниязова Лаура
Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылы №158 орта мектебінің 11-сынып оқушысы