ЕСІМДЕ ҚАЛҒАН ЖАЗ №1

ЕСІМДЕ ҚАЛҒАН ЖАЗ №1
жеке
блог

Қоңырбай Қазақтың жазбасын күтеміз деп әбден сарғайып біттік. Берсе қолынан, бермесе жолынан дейтін қазақтың ұр да жық мінезінің пайдаға асатын жері осындайда. Сірә, ренжімес. Біздікі кезексөзді тоқтатпаудың амалы. Ал кеттік, ендеше:

... Жаз басталысымен нағашы атамның ауылынан бір шығатын едім. Ол кезде таң атқаннан күн батқанға дейін асыр салып ойнайтын ойын баласымыз. Кешкі шай үстінде ертең таңертең шашымызбен қоштасатынымыз туралы "жарлық" оқылды. Ол кезде қазіргідей зырлайтын машинкалар түп атасымен жоқ, болғаны ұсқынсыз ҰСТАРА. Сол ұстарадан өлердей қорқамын. Қашып-пысып түсті де болғыздым. Әжемнің қазынаға толы үнемі кілттеніп тұратын бөлмесінен ұрлап алып шыққан тәттілер тауысылғаны қашан. Қарын шұрылдап, амалсыз үйге келіп, тұтылдым да қалдым. Ұстарамен арпалыс басталды. Күнге қақталып тұрған бас теріңді шымшып алғанда жаның көзіңе көрінеді. Өкіріп жылап отырып, шашымның жартысын зорға алдырдым. Атам аяды ма, әлде шыдамы таусылды ма, әйтеуір жіберіп қойды. Менің қуанышымда шек жоқ. Көлеңкеде тұрған қолжуғышға басымды шайып алып, әжемнің ыссы бауырсағы мен табиғи салқындатылған шұбатынан тартып-тартып жібердім де, ысқырып шарбақтан атып шықтым. Көшедегі балалардың бәрі мені қоршап алған. Құдды жауды жеңіп, майданнан оралған жауынгердей маңғазданып қоямын. Сол сәтте бір қарасирақтың «ищща, алабас» демесі бар ма?! Балалардың бәрі хормен «алабас, алабас...» деп мазақтап қаша жөнелді. Мен болсам ызадан жарылайын деп оларды тұра қудым. Бір-екеуін ұстап сазайын берсем де, қалғандары қояр емес. Амалсыздан атама келіп, ең төмен тембрмен шашымды алып тастауын өтіндім. Атам қуана-қуана келісті. Пырс-пырс етіп отырып ол сынақтан да өттім-ау...

    Қайран балалық шақ... Қазір сол ұстараны да, ұстараның иесі – АТАМДЫ да қатты сағынып жүрмін. Шын айтам, енді ұстарамен шаш қиғызар болсам жыламаймын...