Еске алу турниры ерекше өтті
блог
Кеше ұзын-ырғасы 220 жеткіншек Ұлан ауданының Мамай батыр ауылында еркін күрестен Өмірбек Мұзапаровты еске алуға арналған ашық облыстық турнирде бас қосты. Аталмыш сында жүлделі орындар 11 салмақ дәрежесінде сарапқа салынған еді.
Иә, расымен де ерекше. Ат арытып, сонау Ақмола облысынан да келген екен. Одан бөлек, Өскемен, Семей, Риддер қалаларынан, Ұлан, Жарма, Зайсан, Көкпекті, Тарбағатай сынды аудандардың спортшылары жарыс жолына шыққан-ды. Жарыс 2007-2009 жылдары туған спортшылар арасында өрбіді. Бозкілем бәсекесінде 13 команда сапындағы жас палуандар өз мүмкіндіктерін байқап, бапкерлер сенімін ақтауға барын салды. Алдымен аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз алып, барша қатысушылардан жарқын белдесу күтетіндігін жеткізді. Бұдан соң облыстық еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Өмірбекұлы да жас спортшыларға жүрекжарды лебізін білдірді. Маңызды сәттің бірі – осы кез еді. Мұзапаровтар әулеті атынан алты отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Сайыс салтанатты түрде ашылғаннан кейін қатысушылар дене қыздыруға кірісіп те кетті. Әдеттегідей сайыс шымылдығын жеңіл салмақтағы балғын палуандар ашты. Бұл ретте семейліктердің аяқ алысы аса сенімді көрінді. Екі топқа түскен Бекарыс Оралбек пен Сабыржан Рахатов жолындағысын ығыстырып, ақтық сынға аптықпай жетті. Белдесу мәнерлері де ширақ көрінді. Десе де алтын медаль үшін болған белдесуде Бекарыстың бабы келісіп, турнир жеңімпазы атанды. Ұландық Данияр Баубеков 52 келіде ешкімге дес бермесе, 41 келіде Мирас Асқаров, 38 келіде Әділжан Мансұр сынды спортшылар өз салмағының үздігі атанды. Сондай-ақ үш алтын медаль еншілеген Семей қаласының жеткіншектері де жоғары әзірлікпен келгендіктерін аңғартты. Тартысқа толы өткен бозкілем аламанында үш алтын, үш күміс және сонша қола алған семейліктер жеке дара көш бастады. Өскемендіткер екі алтын, төрт күміс, төрт қола жүлдемен екінші, ал ақмолалықтар екі алтын медальмен үздік үштікті қорытындылады.
Ең қызығы әрі қуаныштысы турнир соңына қарай орын алған еді. Бұл жерде барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлықтарға ие болса, топ жарған спортшылардың бапкерлеріне де арнайы сыйлықтар табыс етілді. Мәселен «Үздік төреші» болып Нұрболат Мағзұмов, «Үздік жаттықтырушы» ретінде семейлік Дәулет Мұхамадиев ерекшеленді. Ал қатысушылар арасында «Үздік техникасы үшін» аталымы ақмолалық Степан Калеевке, «Жеңіске деген жігері үшін номинациясы кілем қожайыны Ұлан Ерхатұлына берілді.
Әділхан Есімханов
Фото ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылды