Ешкімге қарыз емессіз бе?

Ешкімге қарыз емессіз бе?
жеке
блог

Бірнеше күннен бері эстафета жалғасып, өтіп бара жатқан жылымызға есеп беріп жатырмыз.  Кеше өзім де есеп бердім де, түнімен ойланып жаттым. Осы мен ешкімге қарыз емеспін бе? Бұл сұрақ таңға дейін мазалады. Өзім тұмауратып, қызуым да көтеріліп, қысқасы жайым болмай жатты.

Оның алдында «Жылусыз от» кітабын оқып жүргем. Соның бір жерлерінде бір кейіпкер науқастанады да, о дүнеге барып қайтады. Барлық аталарымен кездеседі. Сонда ауылында бақилық болған бір қарттың жұмақтың есігінің алдында отырғанын көреді.  «Сіз неге кірмей отырсыз» дегеніне «Көзім тірісінде көрші ауылдағы наубайханашыдан бір қап ұн алып ем, соны қайтаруға шама келмей қайтыс болдым. Қанша жыл өтсе де сол бір қап ұн қарызым үшін жұмаққа кіре алмай отырмын» деп жауап береді.  Осы тұста оқып отырған менің де денем түршігіп, мұздап сала беріп еді. Науқастан айығып аяққа тұрған кейіпкер әлгі қарттың баласына барып айтады. «Апыр-ау, әкемнің қайтқанына қаншама жыл, білмеппін ғой» деп көз жасын сығып алады да, әлгі бір қап ұнның өтеуін апарып береді.

Осыны да ойлап, ұзаааааааақ жаттым. Әдетте адамдардан «жаңа жылға қарыз қалдырмай барайық» дегенді құлағым шалғаны бар-ды.  Жаңа жылды қойш, ана дүниеге қарызбен бару қандай қиын еді...

Сонымен ана дүниеге қашан барарымызды бір жаратқан білер, әйтеуір келіп қалған мына жаңа жылға шынымен қарызсыз барайын деп шештім. Көп ойландым. Негізі ұмытшақпын. Есіме көп нәрсе түсіре алмадым. Есте сақтау қабілетімнің нашар екенін несін жасырайын...

Сомен есіме түсендері мынадай болды. Осыдан бірнеше ай бұрын (қай кез екені есімде жоқ) бір таксиге отырып, ірі ақша бердім. Жүргізушісі қазақ емес, ұйғыр ма, түрікмен ба білмедім... Түсерде ірі ақша бердім. Амалсыз. Ұсағым болмап еді. Оның да қайтарар ақшас болмаған соң «телефоныма бірлік сала салсаң болады» деп түсіріп кетіп еді. Номерін «Такси» деп сақтағам. Жүгіріп жұмысқа келдім де, кірісіп кетіп, әлгіні ұмытып кетіппін. Сосын ол мүлде тарс есімнен шығыпты. Түнімен мазалаған «осы мен ешкімге қарыз емеспін бе?» деген сұраққа бірінші жауабым осы болды.  Сосын тағы да ауыр ой құшағына алып, қыса құшақтады. Жақсы көргені емес шығар, әрине. Менің ұмытшақтығымды біледі, көмектескені болар... Сосын тағы бір қарызым есіме түсті. 4-курс оқып жүрген кезімде, сүйікті ұстазымнан мамандыққа қатысты «Жыл құстары» деген кітабын алғам. Кейін қайтарайын деп кабинетіне барғанымда орнында болмады. Сонымен кітап менде қалыпты. Оны әдеттегідей ұмытып кеттім. Ағайым біраз уақыт өтіп кеткенде кітапты сұрады, мен қайтарып бергенімді айттым. Менің ойымда қайтару үшін кабинетіне барғаным ғана қалса керек. Қайтарып бердім деп ойлап жүр екем. Ағай да қарт адам. «Аааа, таппай қалдым, сенен алған соң қайда қойғанымды ұмытып қалып отырмын» деді. Сонымен бұл тақырып жабылды. Оқу бітіріп қайтқан соң, жазда сыйлыққа берілген 150 кітабымды жайғастырмақ болып, кітаптарымды реттегем. Әлгі «Жыл құстары» кітабын көрдім. Таң қалдым, брақ ары қарай ойланып жатпадым. Неге екенін білмеймін. Осы жағдайда ойыма оралып...

Сонымен таңертең келдім де, таксистің номеріне бірлігін салып, звондап айттым. Ұмытып кеткенімді айтып, кешірім сұрадым. Ол кісі деп ұмытып кетіпті, сонда да рахметін айтып күліп жатыр. Ал кітапты сенбі-жексенбі демалыста апарып салып жіберем. Ағайыма қайтарайын, менен кейінгі шәкірттеріне де керек қой.

Сіз де өзіңізге іштей есеп беріп көріңізші... Бір жеңілдеп қаласыз...