Ешкімді аңсамаймын, Ешкімге құмартпаймын...
блог
Көктем-жазды жанмен сезінгім келген,
Бір сәт тәтті оймен көз ілгім келген.
Сабырлы-ақ едім сезім-алаңда,
Ұрлап кеткен кім ол төзімді менен?!
Ақша бұлтпен бірге ауып кетсем бе,
Жетіқат сол көкті тесіп өтсем бе?!
Менен қашып кеткен күлкімді, бәлкім,
Осылайша жылдам қуып жетсем бе?
Тіршіліктен хабар бергендей болып,
Қан жүгірді бойдан, тамырға толып.
Сезімсіз-ақ өмір сүрмекші болған,
Жүрегім де күнде барады солып...
Жанарда жас, жүрегімде күн күлген,
Сезім-пышақ көңілімді мың тілген.
Құзға құлап, мейлі өлсін, демесең...
Емдеп, жазшы, Еркем, ерке күлкіңмен...?
/02.06.2014/
Ешкімді аңсамаймын,
Ешкімге құмартпаймын.
Іздеп те шаршамаймын,
Ешкімге мін артпаймын.
Ешкімді күтпеймін де,
Келеді, кетер, қалар...
Жат баққа өтпеймін де,
Бұйырған бір іс болар...
Алматы жаңбырының,
Астында малмандай боп.
Шомылам,
Өте бер Сен,
Танымас бір жандай боп...
/29.05.2014/
Көктем келді, жадырап күллі ғалам,
Нұрланып сала берді байтақ далам.
Өзіңізсіз жаз, күз, қысты өткердік қой,
Жанымда жоқсыз бірақ, Асыл Анам.
Уақыт-емші, естеліктер көңілге леп,
Сүріп жүрміз өмірді "Құдайы" деп.
Жылдар жылжып барады тізбектеліп,
Құстарменен ауылға бір келіп-кет...
/05.2013/
Құдайдың қаһары түскен жерге,
Жаумайды жаңбыр.
Кейіп бос, достым, түспегін терге,
Әдірем қалғыр.
Аямай төксе нұрынан Хақ,
Артық па саған?
Әр күнге баға беретіндей нақ,
Қандай өз бағаң?
Дұға тілегін жаңбырмен жарыса,
Ертпесін сарсаң мұң.
Тозақтың оты жаныңды қарыса,
Жаңбырды аңсарсың...
/30.05.14/
Алғанынан берері көп, жиып-теріп,
Мен де ауылда армансыз өскен едім.
Бүршік атып кешеуілдеп, қар да еріп,
Біз жаққа, білем... көктем кеш келеді.
Тәтті мұң ауыл жаққа жетеледі,
Самалы есіп беттен, күнім сүйіп.
Қазір-ақ жолға шығып кетер едім,
Арманды, сағынышты жиып-түйіп.
Айналып кетсем дала гүлдеріне,
Әй, бірақ, гүлдей нәзік болу қайда...
Қаңбақтай жүрмін ұшып, қонып бірде,
Жел ұшырар, бөгелер мекен сайда.
Сайын далам, шегі жоқ қиыр далам.
Ауыл, сені сағынған мен бір балаң.
Қаланы тәрк етем де, бәрін тастап,
Бір күні, Ауыл, саған барып алам.
Ауылымның топырағы, топырағы,
Қалада жүрген мені шақырады.
Түсіме де соңғы кезде жиі-жиі,
Кіріп жүр ен даламның атырабы.
Қашып кетіп қаладан, қарбаластан,
Бірер күнді ауылыма арнайыншы,
Әкетай, атты ерттеп қойыңызшы?
Жусан иіскеп, жазықты шарлайыншы.
Құшағыңды аш, туған жер, мен келемін,
Мен келемін ат артып сонау қырдан.
Құрбы-қайың, мені күтіп қалдың, білем,
Моншақ тізем мен саған мұңнан, сырдан.
Ал, Алматы, мен кеттім, қош, аман бол,
Көріскенше күн жақсы болсын ылайым.
Ауыл жақтың бағытына саламын жол,
Жар болсын саған қалам, Бір Құдайым!!!
/30.05.14/
Сүгіреттер жеке мұрағаттан