Құрметті оқырман, ешкімді бей-жай қалдырмайтын, ойландырмай қоймайтын Мейіргүл Оңғарованың "Ешкім жауабын таба алмайтын 8 сұрақ" мақаласынан кейін көп ойлындым. Ойым біраз жерді шарлады. Ақырында блог жазуға бел байладым.
1
Неге осы біз бейтанысқа "сіз" деп, жақынымызға жекіп сөйлейміз?
Біз көбіне сыртқы әлемге тәуелдіміз. Кейде ойлаймыз ғой "тәнімізге жанымыз берілген"-деп. Тәнімізді күтеміз, оны асыраймыз. Негізінде адамның жаны бәрінен биік. Ал ол аш болса... Сол секілді жаңа, бейтаныс жандар біз үшін жаңа сыртқы әлем. Олар біз жайлы "мінсіз" пікірде болу керек. Сол үшін бәрін жасаймыз. Әрі қолда барда, алтынның қадірі жоқ.
Адамның бәрі шетінен.
Артист боп кеткем заман ба!
Бірқатар жұрттың жартысы.
Қара тер болып жүр босқа.
Бір басқа адам артисі.
Ал артист адам бір басқа.
Қадыр Мырзалиев
2
Неге осы біз біреуді жамандағанда әңгімеге құштарлана қосылып, біреуді мақтағанда үнсіз қаламыз?
Сараңдықтан. Қазір сөзге де сараңбыз. Орынды мақтау, лайықты жанды мақтауды ұмытып барамыз. Таразының екі басы секлді. Таразының бір басынан бір затты алсаң, бар салмақ екінші жақта болады. Сол секілді, жамандау көбейген жоқ. Абайдың заманындағы жамандау, әлі сол жамандау. Тек мақтау азайды. (Мейіргүл, сізге рахмет! Мақалаңызбен шынайы ой салғаныңыз үшін!)
Тірі адамның өсектен аманы жоқ,
Өлген адамның жаманы жоқ.
Абай
3
Неге осы біз өзіміздің кемшілігімізді көре тұра өзгенің кемшілігін түзеуге тырысамыз?
Өте қиын сұрақ.
Бір жолы бір кісі айтыпты: " Менде мүлдем кемшілік жоқ. Менде тек артықшылықтар бар. Кейде артық сөйлеп қоямын, артық ішіп қоямын, артық төбелесіп қоямын"- деп.
4
Неге осы біз еңбек еткен адамның жақсы өмір сүретінін біле тұра еңбек етуге ерінеміз?
Екі қолдан жалғыз ауыздың жылдам болғанынан болар. Еңбегін көре алмай жамандап отырғанда, жамандаған адамның еңбегін, жасағанын қайталауды әбестік көреміз. Бірақ сол еріншектік Шәкәрім айтпақшы надандыққа бастар жол.
Еріншектіктен -салақтық,
Салақтықтан -надандық...
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар солай адамдық.
Шәкәрім
5
Неге осы біз интернетте уақытымыз бос өтіп жатса да, күні-түні интернетте отырамыз?
Таяқтың екі ұшы бар. Пайдасы және Зияны. Кез келген заттың, дүниенің де солай. Орыстарда жақсы сөз бар: "Әлемдегі барлық өнертабыстар адамның жалқаулығынан пайда болды"-деген. Мысалы, пульт теледидарды орнымыздан қозғалмай басқару үшін. Оның үстіне "есірткіге" тәуелділіктен құтыла алатындар аз. Өте аз.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық.
Аздырар адам баласын.
Абай
6
Неге осы бізге айту оңай, істеу қиын?
Ұлы жеңіс қиын жолмен келеді!
7
Неге осы біз тегін оқыту құралдары болса да, оны оқымаймыз, жаңа нәрсені үйренбейміз?
Бұл жерде қысқаша айтайын. Ұлы сөзде ұят жоқ.
Есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған келеді.
8
Неге осы біз "қазақ десе, өзіңе тиеді" деп алып, қазақтың жақсы болмағы әр адамның өзіне де тікелей байланысты екенін ескермейміз?
Бізде ұлттық сананы көтеруге бағытталған идеология ақырын болса да жүріп жатыр. Өте баяу болса да жүріп жатыр. Қисық өскен ағашты түзей алмайсыз. Амал қанша. Енді жастардың қалай болары, тәрбиесі маңызды.
Енді, бүгін кім жаман?
Данышпан емес, кім надан?
Қамқор емес, кім жауыз?
Жомарт емес, кім сараң?
Көсем емес, кім жалтақ?
Шешен емес жоқ адам.
Бәрі білгіш, бәрі де ер,
Жеткіздің, Алла тағалам.
Міржақып Дулатұлы
P.S. Оқырман, жоғарыдағы сұрақтарға жазылған жауап емес, менің тек өз ойым деп түсініңіз.