Біз бақытты жандармыз,себебі Отанымыздың бейбіт аспаны астында дүниеге келдік, ешқашан зеңбіректер мен жаудырған оқтардың, жарылған бомбалардың даусын естіген жоқпыз.Біз аштық пен суықты білмей , өз жақындарымыздың тағдырына алаңдамай өстік.Бізге, бейбіт өмірдегі балаларға, сол бір зұлмат соғыс жылдарындағы ауыртпалықты сезіну мүмкін емес.
Сұрапыл сол соғысқа, өз Отанын қорғауға, жүрегі "елім" деп соққан әр азамат аттанды.Сондай жандардың бірі менің атам - Қадірқұлов Зайдұлла Сафуанұлы. Ол 1916 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Атам екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі - Сталинград түбіндегі шайқаста болды.1942 жылы 25 тамызда неміс әскерлері батыс жақтан Сталинград түбіне жетеді.Сталинград майданы құрылып, қалаға тың күштер жіберіледі.Қалаға жақын жерлерде қорғаныс шептері салынады.1943 жылы Рокоссовскийдің қолбасшылығымен кеңес әскерлері дұшпанның Сталинград түбінде қоршауда қалған тобын жоюға кіріседі.Сол қантөгісте атамның аяғына оқ тиіп, жарақаттанып, госпитальға жіберіледі. Жаралы жауынгер сауыққаннан кейін майданға жарамағандықтан елге оралады.Майдангер ақсақал соғыс салған дерттің зардабын өмірінің аяғына дейін көреді.Денсаулығының жоқтығына қарамастан ел ішінде еңбекке араласып, әуелі аудандық білім бөлімінде, кейін қалалық №2 орта мектепте шаруашылық меңгерушісі болып қызмет етеді.
Атам - еңбекқор, ақкөңіл, жайдары, қонақжай болған.Оның үйі әрдайым алыстан шаршап-шалдығып келетін құдайы қонақтарға толы болатын.Атам мен Әзиза әжем үш ұл,төрт қызына жақсы тәлім-тәрбие берген.Соғыс өртін өз көзімен көріп, жеңіске жетуге өзіндік үлесін қосқан әкесі туралы менің атам Жұмахан отбасында үнемі әңгімелеп,ерлік істерін мақтан ететін.
Кейіннен бейбіт өмірде майдангердің екі бірдей ұлының әскери қызмет атқаруына әке ерлігі ықпал еткендей.Қазіргі таңда ата батасын алып бауырына басқан немересінің әскери шендегі қызмет атқаруын қанындағы қайсарлық пен өршілдіктің көрінісі деп білеміз.
Тылдағы өмір де өте ауыр болды.Ер-азаматтар қанқұйлы соғыста ел үшін жанын берсе, әйелдер мен балалардың иығына ауыр еңбектің жүгі артылды.Соғыс әскерін тамақтандыру, ішім-жеммен қамтамасыз ету, қолдарына қару асындыру керек болды.Соғыс басталғанда менің әжем Сейітжанова Әзиза небары он жеті жаста еді.Ол сол бір ауыр кезеңдерді есіне түсіргенде көздеріне жас алып былай дейтін: "Сол кезде жағдай өте ауыр болды.Таң білінер-білінбестен алагеуімде егістік алқабына баратынбыз.Мұзбел өңірінде тары ектік, оны ордық.Дайын болған өнімдерді майдан алаңына аттандыратын.Қанша шаршап-шалдықсақ та ел басына күн туғанда өз үлесімізді қосқанымыз көңілімізге қуаныш ұялататын.Сөйтіп қажырлы еңбек пен ауызбіршіліктің арқасында біз жеңісті жақындаттық".
Мен тек қана соғыс азабын тартқан, зұлмат заманның құрбанына ұшыраған өзіме жақын екі жанды ғана әңгімеледім.Ал өмірде ондай адамдар қаншама , ал көбі қазір біздің арамызда жоқ.Бізге осындай жарқын да бейбіт өмірді сыйлаған жандарды ұмытпауымыз керек.Олардың есімдерін ғасырлар бойы келешек ұрпақ мақтанышпен еске алатындай ардақтайық! Өмір бір орнында тұрмайды, сондықтан да біз Отанымыздың тағдыры үшін жауапты екенімізді ұмытпайық!