«Эсхил шығармаларындағы философия»

    «Эсхил шығармаларындағы философия»

           Эсхил – ұлы гуманист ақын. Заманасының бітпейтін қанды  оқиғалары: грек қалалары ортасындағы қақтығыстар, кейбір мемлекет  қайраткерлерінің жеке бас мүддесін ойлап, басқа мемлекеттерге жасаған жорықтары, осыған байланысты халық басына түскен ауыр зардаптар ақында терең ашу мен ызаны оятады. Сондықтан, ақын «Фиваның жеті дұшпаны» трагедиясында аңыз оқиғалары негізінде осы кезеңдерде өршіп тұрған тақ таласын, олардың қанды іздерін қатты сынаған болса, «Агемемнон» трагедиясында мифологиялық  образдар арқылы өз замандастарының Агемемнон, Ахилл және  т.б. аңыз қаһармандары сияқты даңққұмарлығын, жаугершілік  талаптарын сынға алды. Эсхил тек азат етуші соғыстарды ғана әділетті ұрыс деп таниды. Тыныштық - өмірдің өшпес заңы, адамның  мәңгілік арманы. Міне, осындай қасиетті ақиқатты мойындамай,  соғыс өртін тұтандырған әр қандай адам құдайлардың қаһарына  душар болады, жасаған қылмыстарының жазасын тартады. [1]

     Өйткені, жазықсыз төгілген бір тамшы қанның да обалы бар. Паристің азғындығы бүкіл бір мемлекет халқының көз жасына әкеп соқтырса, бір әйелдің себебінен басталған ұрыс қаншама адамның  өмірін қыршынынан қиды. Осы соғыстың қолбасшысы Агемемнон  да өз қылмыстарына сай жазасын алды.

       Адам баласының ауыр тұрмысына, жер бетіндегі зұлымдық пен әділетсіздіктерге қарсы үн әсіресе, «Бұғауланған Прометей» трагедиясында анық естіледі. Бұл шығарма жалғыз Эсхилдің ғана емес, ал бүкіл дүние жүзілік әдебиеттің азаттық пен адамсүйгіштік шарапатына тұрғызған ұлы ескерткіші. «Бұғауланған Прометей» трагедиясы, «Азат болған Прометей» және «От сыйлаушы Прометей» трагедияларымен бірге қосылып, тұтас бір трилогияны құрайды, бірақ соңғы екі бөлім өкінішке орай біздің дәуірімізге дейін жетпеген. 82 Эсхилдің соңғы шығармасы болған «Орестея» трилогиясында ақынның таланты кең қанат жаяды. Бұл шығармада актерлар саны екі адамнан үш адамға көбейтіледі, екінші дәрежелі тағы бірнеше қаһармандар пайда болады, хор өз орнын бас қаһармандарға береді, бірақ көпшіліктің алаңдауы мен толқыныстарын бейнелейтін күшті драмалық тәсіл ретінде трагедияда ол әлі де маңызды орында тұрады. «Агемемнон», «Дұғагөйлер» трагедияларының негізгі құндылығы сол, бұл шығармаларда тұңғыш рет бейнесі, табиғаты, рухани жан дүниесі айқын сомдалған, мінездері бір-біріне ұқсамайтын дара жаңа образдар пайда болады. Олардың ортасындағы ең айқыны - Клитемнестра бейнесі.[1]

        Эсхил өз шығармаларында көбінше құдайларды және белгілі бір мақсат жолында күресуші қайсар, жігерлі жандарды бейнелейді. Бірақ қаламгердің туындыларындағы адамдар қарапайым жандарға ұқсамаған құдай тақылеттес ұлы, құдіретті, өжет тұлғалар болып келеді. Ақын осы қаһармандардың табиғатындағы бiр ғана жеке қасиетті ашып көрсетеді. Біз Эсхил шығармаларында кейінгі трагедияшыларға тән терең психологиялық көріністерді, адам жанындағы рухани толғаныстарды көрмейміз. Эсхил өзінің титан тектес ұлы образдарын жасау барысында олардың басындағы жағдайларға қатысты сөздерді көп қолданады. Сондықтан, ақынның әдісі де қаһармандары сияқты ұлы, жетілген теңеу және басқа да көркемдік тәсілдері мол, әрі көтеріңкі рухта болып келедi.[1]

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1) Ж.Т. Қобланов  «Шетел әдебиетінің тарихы», 2011

2)https://el.kz/amp/news/archive/content-30092/

 

 

Сагиева Аяжан Нұржанқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің   магистранты

Жанатаев Данат Жанатайұлы

ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультетінің профессоры, доцент

 



Бөлісу: