Еш өткен өмір

 

Қоңыр  кештің  жайбырақат кезі. Қала тұрғындарының қарасы азая бастаған уақыт. Денені түршіктіретін салқын жел есіп тұр, жұпыны киінген адамның бойын тоңдырып әкететін қауқары бар. Күздің ортасы болғандықтан елдің мазасы қашып, қыс мезгілінің суығына дайындалып жатқан беті болатын. Тұрмыстың түрлі тіршілігін өз бетінше дөңгелетіп жүрген жандардың  айналасына қарауына мұршасы да жоқ секілді. Әйтеуір асығыс, олай болмаса анадайда отырған қарттың жағдайын көріп, халін сұрар бір кісі болар еді. Екі сағаттан бері саябақтың орындығында қадалып отырған қарияның жағдайы өте мүшкіл.

                                                ***

Құбылмалы ауа-райы қойсын ба? Қара бұлт, аспан қабырғасына жиналып сайран сала бастады, бірі екпіндеп жерге етене жақын түсердей секіріп жатса, енді бірі иығын қағып селкілдейді. Найзағайлатқан көкжиек төңкеріліп кетердей. Тосын жауған жауыннан секем алып қалған қарт сасқалақтап қалды. Біраз соң есін жиды да, анадайда тұрған талдың түбіне жақындады. Суықтан дедектеген күйі бір ағаштың тасасына бас сауғалады. Ешкімде шаруасы жоқ, бар ойы жауынның тоқтағанын тосып тұр. Жаңбыр бұлай толассыз жауа берсе суықтан өлетін  түрі бар...

                                                    ***

Кезіндегі Әбдіхалық қарт қандай еді? Төрт ұлды ешкімнен кем қылмай өсірді. Орташа сауатты кісі болса да өмірден түйгендері  көп еді. Жастайынан беделді сал-серілердің жырларын тыңдап, сана-сезімі ерте есейген болатын. Жаны жайсаң, адамгершілігі зор, көпшіл еді. Есікке келгенді елеусіз қалдырмайтын, елдің мұң-мұқтажын бірлесіп шешкенді жаны сүйетін. Не істесе де елінің игілігі үшін еңбек етті. Өзге колхозда басқосулар болса пәпкісін ұстап көпшілік жерден қалмайтын. Дүйім жұрттың алдына шығып айтары - халықтың мұңы, елдің жайы-тын. Шырт ұйқыда жатқанында,  көршінің малы жоғалғанын білсе, атып тұрып, іздеуге кірісетін көңілі дария қарттың игілігі ел аузында еді. Осының салдарынан бекен, әлде төрт ұлдың тағдыры да шымбайына батса керек, Әбді қарт ерте қартайды. Жасына жетпей шашына ақ кіріп, бетінің әжімі де еселене түсіп еді. Бір-бірімен тете өскен ұлдары әкесіне тартпады. Бірі жастайынан сотқар болып, бет-алды жүріп кетсе, енді бірі өзімшіл болып, өскен соң өз басын ойлайтын дәрежеге жетті. Соңғы малын сатып жүріп оқытқан төрт ұлы да атамекен ауылға қайтуды ойламады, ең құрығанда бірі қалар деп үміттенген шалдың соңғы арманы да күл болып көкке ұшты. Алғашқы кезде елдің өсегінен ұялғансып ауылға ақша салып тұрушы еді. Уақыт өте келе ақша түгіл хат келмейтін болып жүр. Қартайғанда қызығын көрем бе деп өсірген ұлдардың бірі де әке арманын орындай алмады. Бойының қуаты барында шапқылап ел үшін жүгіре берген екен, сол арада бала тәрбиесін қолдан шығарып алды ма, әйтпесе ұлдардың өзі санасыз туылды ма, әйтеуір кемпір мен шалдың үкілі үмітін үгітіп кетті. «Қартайған соң ешкімге керек те болмай қалады екенсің да. Өз ұлдарыңа керек болмаған, мына ел, мына жапан дала сені қайтсін кемпір»,- деуші еді кемсеңдеп.

Бірде қарт ана:

-Шал-ау! Жарығымыз өшіп, үмітіміз сөнгенін де байқамаппыз-ау... Жолға шық, ұлдардан хабар ал. Бірі болмаса бірі қайтар,-деген-тін. Ауыр ой үстінде отырған қарт бас изегеннен бөтен ләм демеді. Артынып-тартынып қалаға аттанған қарттың өзімен алғаны кішкене шыт дорба, ішінде кемпірі салып берген күлше нан.

Қалаға келген бойда өзіне жатталып қалған, көкейінде сайрап тұрған мекен-жайға тартып отырды. Жол бойы екі иығы селкілдеп бірде күледі, бірде жылайды. Жүректегі толғаныс бойын билеп барады. Ұлым мені көргенде нестер екен, немерелерімді құшақтаймын, бауырыма басамын. Ұлдарымды көргенде жүрегім жарылып кетпесе екен, шыдайын, сабыр керек мұндайда. Таңдап жүріп, өзі алып берген үйін қарт тани алар емес. Есік алды өзгеріп кеткен бе қалай? Бұрын қабырға мұндай жылтыр емес еді, мына есік алдындағы адамдар кім?

-Айналайындар, Сартайдың үйі осы ма?

-Ей! Шал! Кім керек?

-Сартай....

Шал артқа шегініп жан-жағына қарай берді. Шатасып кеттім бе деп ойлап тұр.

Шалдың үстіне бір қарап, өзара сөйлескен күзетшілер әлдебір тетікті басып тұрып:

-Жеңге, Сәкеңе келіп тұр!

-Кім ол?,-деп ащы дауыспен сұрақ қойған әйел дауысынан қарт тіксініп қалды. Бейнебақылауды қарияның жүзіне қаратқан күзетші кім екенін көрсетті.

-Тиын-тебен бере сал!

Шалдың көзінен тамшылар ағып түсті, күзетшілер қалталарын қағып тиын бергенсіді. Әр жерде шашылып жатқан тиындарға қарап үнсіз күрсінген қарт, әлгі жігіттерге:

-Мені шатастырып алды ғой деймін. Келінім танымай қалды. Сартай менің ұлым, мен әкесімін. Ауылдан келдім,-дегеніне қарамастан еңгезердей екі жігіт көшенің бас жағына дейін иығына көтеріп әкеліп салды.

Мына келінімді көргенді жердің қызы деп ырғатып-жырғатып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап ұлыма өз қолыммен алып берген едім. Әсте мені жақсы таныса керек-ті. Дүниенің құлы болған құлындарым-ай! Үлкен ұлым, тұңғышым, бауыр етім балам деп өсірген перзентім осылай етсе қалғандары қайтер екен? Алдыңғы дөңгелек қайда тартса, артқысы да сонда тартар да. Өзім алып берген келінім осылай етсе, келесі келіндерім тіптен танымас. Өзгелерін іздеп түңілмей-ақ қойдым. Жөніме кетейін. Ауылға аман-есен жетіп алайыншы. Кемпіріме барып шай қой деймін. Тамағым да қурап барады. Айтпақшы, вокзал қай жағында? Мен қалай жеттім? Қарттың уайымы күшейді. Жолдан көлік тоқтатып көрген, барлығы атасының құнын сұрады. Барар жолын қарастырып, қайтар жолын ойламаған да екен. Жаяулатып жүруге аяқ та жарамайды, жолды да жөнді білмейді. Көшеде адам абыр-сабыр. Қайсысынан сұрасам екен?

-Қалқам, вокзал қай жағында?

-Сізге қай вокзал керек?

-Біздің ауылға баратын...

-Хаххаха., білмедім ата...

Көшедегілер бұл кісіні ішіп алған масаң, немесе қайыршы деп ойлады ма, бірі жөнді жауап бермеді. Әйтеуір, жасы егделеу келген бір әйел жөнін айтып, вокзалдың аса алыс емес екендігін жақсылап түсіндірді. Құйдайына алғысын айтып, сол  бағытпен жүре берген. Қан қысымы көтеріліп, мазасы болмай барады. Кішкене отыра тұрайын. Көзіне алғаш көрінген орындыққа отыра кетті. Ұзааақ демін алды. Ұйқысы да келіп жатыр ма қалай, қалжыраған сияқты. Қарны да ашты. Кемпірі салып берген нан есіне түсіп, жас баладай қуанып кетті. Нанын қолына ала сала жұлмалап жей бастады. Екі ортада айналадағы адамдарға көз тастап қояды. Қаланың адамдары тіпті, бір-біріне назар аудармайды екен. Бірі өліп жатса, екіншісі үстінен аттап өтіп кете беретін сияқты. Қабақтары салыңқы, көңіл-күйлері жоқ па. Ішке бірдеме барғасын ұйқысы да келді. Орындықтың арқа сүйер жеріне шалқая кетті.

 

                                             ***

Сол кеште, жауын қатты жауды. Соңынан құйындатып берген бұршақ найзағаймен тайталасты. Көшеде жүрмек түгіл, есік-тесігін жауып алған көпшіліктің аяқ алысы азайды. Айнала тым-тырыс. Бұршақтың бір талы тисе де өңменінен өтіп бара жатқасын бойын тасалап, ана ағаштан мына ағашқа жақындап, бой тасалаған беті еді. Сырт көзге барлап тұрған адамның жүрегін шым-шым еткізіп тістеп алатын көрініс. Өте аянышты қойылым. Сарт еткен ағаштың бір бұтағы иық тұсына кеп құлады. Ағаштың жон омыртқасын опырып жібергенін сезді, көзі қарауытып бара жатқандай. Көз алдына балдай тәтті ұлдарының кішкене кезі келді, асыр салып ойнап жүр. Әкелеп мойнына асылады. Үлкен ұлы бетінен сүйеді. Кемпірі ұршық иіріп отыр...

                                                    ***

Ажал айтып келмейді деген. Әбді қарттың ажалы осындай жолмен болатыны о баста маңдайына жазылып қойған да болар. Мүмкін осы қалаға дәм тұзы тартып келген шығар. Маңыздысы ол емес, мәні сонда - осындай абыройсыз ажалға өз ұлдарының себепші болғандығы. Әке арманын талқандап, сағымдар арасына лақтырғаны. Өмірінің соңғы минутында әке құлағына «Өкіндің бе әке, біз секілді опасыз ұлдарыңның болғандығына өкіндің бе әке, кешір әке»- деген үн талып жетіп жатыр. Бір кезде тұңғыш келіннің сыңсуы естілді. Тіл жоқ, тірісінде армандаған дауыстар дәрменсіз боп, мына өмірден кетіп бара жатқанында шығып жатқанын-ай.  Даусыңды естуге зар болған маған жүзіңді көру тіптен арман болды ғой. Келін бала жылама, жылама, мені расында танымай қалған шығарсың. Өкінбеймін, өкінбеймін. Жылама балам. Жылама...»

Тек, бұл дауысты ешкім ести алмады...

сурет: www.yandex.kz сайтынан алынды



Бөлісу: