Есен Жұманұлы

Адам деп қара

 

Адам деп қара еңбектеп жүрген баланы,

Нешеме жылдар бөліп тұрса да араны.

Еңсеңді ұстап, тік тұрған қалпын болмаса

Айырмаң сенің сол сәбиден де шамалы.

 

Адам деп қара жолы болмай жүрген жандарға,

Көкірегі шерлі, ойы бай шығар арманға.

Сұрағандардың керегін тауып бере алмай,

Жаман деп қалса, алданып соған, иланба.

 

Адам деп қара сырласқан еркін жолдасқа

Жүрегін жайып жүрген жоқ шығар ол босқа.

Жанына жара түсіре көрме, абайла-

Өкініш орны шыңырау құз ғой толмас-та.

 

Адам деп қара жаныңа жақын жарыңа

Жоғыңа төзіп, қуанып жүрген барыңа.

Ұмытып сені перзентке ауса көңілі,

Шапағат шашқан ана ғой, оған тарылма.

 

Адам деп қара болса да кейбір дұшпаның

Шығарма естен өшпендік қысқан күш барын.

Ашуы оның қанжардың жүзі құбылған,

Іздегейсің сен жетесі осал тұстарын.

 

Адам деп қара еңкейген жүзі кәріге

Қуаныш, қайғы көрсе де көңген бәріне.

Сүйегін сүйреп әлі жүр деме, не етесің,

Жасымды ұзарт деген жоқ шығар тәңірге.

 

Адам деп қара, адам деп қара, адамсың, ұғын

Өмірде салған әр ізің

Өтелмей жатқан сансыз да сенің қарызың.

Заманды бағып, тазы боп шалып, өзгермей

Адамды адам деп санап өту – парызың!!!



Бөлісу: