Есболат Айдабосын: "Қалада туған адам қазақ журналистикасына жоламай-ақ қойғаны абзал..."
– Қайырлы күн, Есболат аға! Жалпы осы журналистика саласына келуіңізге не себеп болды?– 1998-2002 жылдар аралығында Абай атындағы АлМУ (қазіргі ҚазҰПУ) қазақ филологиясы факультетінде оқыдым. Университетті бітіре салысымен мектепке баруым керек еді, бірақ ойламаған жерден журналистиканың ауласына кіріп кеттім. Әлі есімде «Қазақ радиосына диктор керек екен» деген хабарландыруды құлағым шалып қалып, шауып отырып бардым. Екпінім тау қопарарлық. Қара шаңырақтың кіре берісінде күзетшілерге мән-жайды түсіндіріп тұрғанымда қияқтай қара мұрты бар жігіт ағасы келе қалды. Бірден мені ішке кіргізіп алды. Кейіннен білдім, қайда келгенінен бейхабар, мен секілді сарыауыз балапанға алғаш қолын созған адам Байғали Есеналиев ағамыз екен. Бірден дикторлар отыратын бөлмеге алып келді. Омархан Қалмырзаев, Ұлжан Пармашқызы, Аманжан Еңсебаев секілді қазақ радиосының корифейлерін сонда көрдім. Даусымды тексерді. Балалығымды, шалалығымды байқады, ақыры «диктор болу ешқайда қашпайды, алдымен журналист болып үйрен» деп арқамнан қағып шығарып салды. Жөн сілтеп қана қоймай, радиодағы әдеби хабарлардың тізгінін ұстап жүрген Қанат Тәкебаев ағамның қасына қосақтап берді. Ол кезде қазіргідей диктофон жоқ, Қанат ағамның 10-15 келілік репортерін көтеріп, соңынан салпақтап жүремін. Ол кісі ақын адам, тыным таппайтын елгезек әрі. Анда барамыз, мұнда барамыз, ақын-жазушылардан сұхбат аламыз. Бақожа Мұқай, Сәкен Иманас, Оразақын Асқар секілді қабырғалы қаламгерлердің қолын алып, дастарханынан дәм таттым. Соның өзі сол кездері менің басымды айналдыратын бақыт еді. Қанат ағам шәкіртім деп таныстырып қояды, менің бөркім қазандай болады. Қойшы, әйтеуір, Тәкебаевтың соңынан салпақтап 3 айдай жүрдім, сол салпақтаумен менің журналистикадағы соқпағым басталыпты. Алматыда «Шаһар», «НТК» секілді тәуелсіз телеарналарда қызмет етім әуелгіде. 2006 жылы Қазақстан ұлттық телеарнасына жұмысқа орналастым. – Сіз осы Қазақстан телеарнасындағы «Апта.kz» бағдарламасы арқылы танылдыңыз. Осы орайда тележурналистің танымалдылығы жайлы не айтар едіңіз?– Тележурналистің танымал болғаны жақсы ғой. Бірақ ол қандай ерекшелігімен танылды, несімен елдің есінде қалды? Осы жағын ойлану керек секілді. Біз бүгін «Сайлаубектердің заманында» өмір сүріп жатырмыз. Адам түсінбейтін былдыр-батпақ өлең айтқан Сайлаубек айналдырған бір жылдың ішінде республикадағы ең танымал адамға айналып кетті. «Сайлаубек синдромы» телевизия саласында да кездеседі. Қайтсем елден ерекше боламын, елге таныламын деп тыраштанғандар бұрын да болған, қазір тіпті көп. Егер адам мен қалай да танымал болуым керек деп алдына мақсат қойса – ол қалай да танымал болады. Біреу аты-жөнін мың құбылтып қолданып жатыр, біреу жау қуып келе жатқандай едіреңдеп эфирге шығады, біреу күшенеді, біреу тістеніп сөйлейді. Енді бірі қазақ тілінің үндестік заңын бұзып, сөздердің айтылуына қиянат жасап жатыр. Неге олай істейсің деп сұрасаң, әркімнің өз стилі, ерекшелігі болу керек деген жауап аласың. Ойпырым-ай, елден ерекшеленудің басқа жолы жоқ па? Тіл қолданысың ерекше болсын, соған күш сал. Жатпай-тұрмай әдебиет ақтар. Төгілдіріп сөйле, тіл байлығыңмен жасты да, жасамысты да таңғалдыр. Ақпаратты беру тәсілің, әр сюжетіңдегі режиссерлық шешім, сөз бен бейнені үйлестіруің өзгеше болсын. Ел қолданбаған тәсілдерді жаса, тың тақырыптарға бар. Міне, ерекшелік деген сол менің ұғымымда. Осы талаптарды орындасаң өзің-ақ таныласың.– Ал, қазіргі кездегі телеарналарға төрт жыл журналистика мамандығында білім алған мамандар емес, жұлдыздардың қажеттілігі көп сияқты. Осы жайлы не айтар едіңіз?– Біз көбінесе шоумендер мен журналистерді шатастырып жатамыз. Телеарналардағы концерттік, ойын-сауық бағдарламаларды әнші-актерлер жүргізгеніне қарсы емеспін. Ал, сіз бір әншінің апталық-сараптамалық бағдарлдамаға шыққанынын немесе саяси ток-шоуларды жүргізгенін көріп пе едіңіз?! Олардың өздері де бұл салаға жоламайды. Өйткені, журналист емес. Қазір біздің телеарналарда ойын-сауық бағдарламалары көбейді де, саяси, тарихи, интелектуалдық дүниелер азайып кетті. Сондықтан да былайғы жұртқа телеэкранды әнші-бишілер билеп-төстеп алған секілді көрінеді. Қазақ телевизиясы бүгінде үлкен төңкерісті қажет етіп тұр, оны жасайтын мамандар жоқ емес. Уақыты келер.– Журналист болу үшін тума талант болу керек пе, әлде көп оқып-тоқу маңызды ма?– Менің ойымша, қалада туған адам қазақ журналистикасына жоламай-ақ қойғаны абзал. Пайдасынан зияны көп. – Неге?– Қазақ телеарналары –қазақ тілін сақтап қалатын негізгі тетік дегенді бұған дейінгі сұхбаттарымда айтқанмын. Тағы да айтайын. Біздің құнарлы тіліміз әдебиет пен журналистикада сақталып тұр қазір. Ал қазір кітап оқитындар аз, теледидарды көретіндер көп. Бір үйде бір адам кітап оқыса оқыды, оқымаса олда жоқ. Ал сол үйдің бүкіл мүшесі телеарна қарайтынына бәс тігем. Яғни телеарнаның қоғамдық санаға ықпалы басым. Сол үшін біз телеарна арқылы тілімізді жастардың бойына сіңіруіміз керек. Сондықтан телеарналарға тілі таза, қаламы жүйрік, қарымды жігіттер жиналу керек. Ал ондай адам қайдан шығады, қазақы ортадан шығады. Біздің қалалар өкінішке орай қазақы орта емес. Қалада туған қазақ баласының сөздік қоры ауылда өскен замандасынан кемдеу келеді. Біздің бүгінгі үндестік заңын сақтай алмайтын, орысша ойлап қазақша жазатын шалажансар журналистердің көбі қалалық жерден шыққандар. – Көп тіл білудің журналист үшін маңызы қандай?– Әрине, көп тіл білу жақсы. Дегенмен, қазақ тележурналистикасына қызмет етемін дейтін адам алдымен қазақ тілін білуі шарт. Өз ана тілінде еркін сөйлеп, өз тілін толық меңгергеннен кейін ғана өзге тілді үйреніп жатса, оның артықтығы болмайды. Осы орайда тағы бір айтар жай, қазақтың тілін газет тілі, телеарна тілі деп бөлгенге қарсымын. Қазақтың бай тілін ретімен қолдана білсек ұтылмаймыз. – Көбінесе қыздар арасынан журналист шығу мүмкін емес деп жатады. Осы көзқарасқа қалай қарайсыз?– Адам бір жетістікке жету үшін өзін сол салаға арнау керек. Батыс елдеріндегі атақты суретшілердің кейбірі өзін тек өнерге арнау үшін саналы түрде отбасылық бақыттан бас тартқан. Үйленбей өткендері қаншама. Сол секілді журналистика дегеніміз қыздар тұрмақ ер-азаматтардың өздеріне ауырлау тиеді кей кездері. Мысалға өзіңді алайық, оқу бітіріп қызметке тұрдың. 3-4жылда тұрмыс құрасың. Балалы боласың, бала күтіміне байланысты демалысқа кетесің. Кемінде екі жыл отырып қызметке шығасың. Бір-екі жыл жүрген соң екінші баланың кезегі келеді. Тағы кетесің. Осылайша әр кеткен сайын кейін шегіне бересің. Ал журналистика сағат сайын жаңарып отырған сала. Оның екпініне ілесіп отыруың шарт. Бала тәрбиесі, отбасы деп жүріп журналист ретінде өзін жоғалтып алатындар көп. Керісінше, журналистиканы бірінші орынға қоямын деп тұрмыс құра алмай қалатындар бар. Дегенмен, мамандығы мен отбасын теңдей алып жүріп, жетістіктерге жетіп жатқандар да жоқ емес. Бірақ, олар некен-саяқ. Не жақсы ана бола алмадым, не журналист болып жетістікке жетпедім деп өкінген адамдарды да көрдім.– Әр журналистен бір-біріне ұқсамайтын ерекшелік көріп жатамыз. Басқалардан ерекшелену үшін не керек?– Басқалардан ерекшеленем деп тыраштанудың еш қажеті жоқ деп әлгінде айттым ғой.... Өз болмысың қандай, солай шыға білу керек. Сол сенің ерекшелігің болып қалыптасады. Халыққа сенің түрің емес, айтқан сөзің керек.– Алдағы уақыттарда жас журналистерге шеберлік сыныптарын өткізіп, өз білгендеріңізбен бөліскіңіз келе ме?– Өз басым ешкімге ақыл айтқым келмейді. Бірақ, жастарға бағыт-бағдар сілтеп, еркін әңгімелесетін пікір алаңы ретінде өткізуге болады. Түрлі тақырыптар жайлы сұрақтарына жауап беріп, өз білгендеріммен бөлісуден қашпаймын.– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Жұмысыңызға шығармашылық табыстар тілеймін! Сұхбаттасқан: Лина Айдын