Ертеңгі күннен жақын жоқ
блог
«Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ». Егер осы жазбаны оқып отырсаңыз бұл сөздердің дұрыстығына келісесіз. Сөздерді сіздің интеллектіңізден гөрі жас шамаңызға негіздеп айтып отырмын. «Массагетке» кіріп, блог оқып отырсаңыз кем дегенде жоғарғы сыныптарда оқығаныңыз. Демек уақыттың қаншалықты жылдам болатындығынан хабардарсыз.
Айтайын дегенім, уақыттың қадірін білу үшін керемет данышпан немесе жасы үлкен қария болудың қажеті жоқ. Күнделікті «Уақыт тез өтіп кетті» немесе «Күннің қалай өтіп кеткендігін байқамай қалдым», «Кеш болды, ал мен түк те бітірмедім» деген сөздерді жиі еститін шығарсыз. Осыдан адамдар уақыттың қадірін ұғынады демесек те, зымырап бара жатқандығына келіседі дей аламыз.
Ендігі кезекті уақытпен бірге зымыраған заманға берейік. «Біздің заманда былай еді, бұл заманда былай» «Бұрын керемет еді, қазір қайда бара жатқандығымызды бір Құдай біледі». Өмірлік тәжірибесі бар адамдардың айтатыны ғой.
Сонымен, бұл кіріспелерді не үшін айтып жатырмын? Уақыт, заман деп бүгінгі күннің бейнесін біраз сөз етейін деген жайым. 21 ғасыр – техника заманы, білімділердің заманы, ақпарат заманы дейді. Дегендеріне келіспесек болмайды. Себебі олар біздің өміріміздің бөлшегіне айналып кеткендей.
Солардың арқасында әлем бұрынғыдан да тынымсыз бір күйге енгендей. Әрине, бұрын да адамдар тыныш жатқан емес. Дегенмен қазіргідей қарқын болмаған. Жаңалықтарды қарасаң күнде бір нәрсе болып жатады: кеше Украина, одан Сирия, Франция, Түркия Еуропа елдері, тыныш жатпайтын Корея, Ресей мен Америка. Басшылары, терактар, соғыстар, эмигранттар, одан қалса табиғи аппаттар. Болмаса спорттық, мәдени жарыстар, жеңістер мен жеңілістер, ондағы ұрыс-керістер. Сары басылымдар жайлы әңгіме қозғаудың да қажеті жоқ. Аталғандарды жаңалық ретінде оқып қана қоймай әлеуметтік желілерде бөлісіп, арнайы хэштегтермен қолдап, наразылығымызды білдіріп, іш пыспасын деп басқалармен сөз таластырып қою, артынша оны әңгіме қылу бүгінгі өмірімздің сипатына айналғандай. Кеше мұның бірі де болмаған. Ертеде жер бетін аз аяқ басқандықтан ба жаңалық та соншалықты көп болмаған. Бірақ тарих кітаптары көп болды деп айтқанынан қайтпайды. Осыған қарағанда мәселе адам немесе жаңалықтар санынан гөрі сол техникада болу керек.
Анау мұхиттың арғы бетінде болған көлік апатын бірер минуттан соң біліп отырамыз. Сондықтан бүгін жаңалықтар толқын болып келуде. Бірін қорытып үлгермейсін екіншісі келіп жатады. Сондықтан бүгін естігеніңнің ертен мерзімі өтіп кетеді.
Біздің заманның көрінісі осылай. Бәрі жылдам. Осыдан уақыт қалай жай жүрсін. Күнделікті тіршілігің мен қоса өзгелердің де өмірін бақылаймын деп зымыраған таяқтарға ілесе алмайсын. Оларға мән бермейін десең заманыңнан қаласың. Сондықтан өмір сүру салтымызды уақыт пен заман іспетті қарапайым ұғымдармен салыстыруды жөн санадым.