Ертеңгі аңыз адамға құрмет
блог
Осыдан бірнеше жыл бұрын ресей әншісі Алла Пугачева жайлы жазған блогым бар еді. Оны не үшін халқы сонша сүйіп, басына шығарып құрметтейді екен деп ойланатынмын. Кейін теледидардан оның жеке концертін көргенде бәрі орнына түсті. Ол - нағыз актриса екен. Шығады да, айтып жатқан әннің образына кіріп, жалғыз өзі толық спектакль қойып береді. Көрермен де онымен отырып мұңға батады, шаттанады, билейді, көңіл көтереді. Сол кезде мен нағыз әртіс қандай болу керек екенін түсіндім. Алла Пугачева бір сұхбатында қызы жайлы әңгіме қозғалғанда: "Қызым өмірдің ащысы мен тұщысын көргенін қалаймын, өйткені қиындық көрмеген адам нағыз әртіс бола алмайды" дегені бар еді. Расында да Ницше айтқандай, "Бізді өлтіре жаздаған қиындық тек мықтай түседі" дейді ғой. Сол рас...
Мақпал Жүнісованы мен кішкентай кезімнен білемін десем артық айтқаным емес шығар. Ес білгелі оның әндерін тыңдап өстік. Заманбек ағамен бас қосқан кезеңдері жұрт шулағаны да еміс-еміс есімде. Мақпал апайдың талай сұхбатын тыңдап, оқыдық та... Жұрт оның тарқылдап күлетін қылығын да біраз сынаған-тын. Алайда, Мақпал апай ерке еді, еркін еді және жанында әрдайым оны демеп жүретін арқасүйер азаматы бар еді.
Және сол азаматы қаза тапқан шақ та есімде. Жұрттың даурыққаны, туыстарының әншіні кінәлағаны, тергеу жұмыстары, журналистер Мақпал апайдың үйінің есік алдын торуылдаған шақтары да көз алдымызда. Сондағы Мақпал апайдың қайғысын толыққанды ұғына алмаппыз-ау. Бәлкім, осы қарбаласта ол өзі де не болғанын дұрыс түсінбеген шығар. Тек уақыт өте келе ол бар қайғысын әнге салды, әндерінің мағыналары тереңдеп, сахнадағы образға енуі айқындала түсті. Енді ол тек жауапсыз махаббат, қайғы мен мұңды ойнап қана қоймай, толыққанды сезіне, тебірене, толғана орындайтын болды.
Қазір кез келген концерттің гүлі - Мақпал апай дер едім. Көңілді ән айтса, сол әніне көрерменін де сендіріп, онымен бірге қуанышына бөлейді, мұңды ән айтса - ел онымен бірге қоса мұңаяды, кейде көздеріне жас алады. Нағыз өнер деген осы емес пе?
Мақпал апай ертең 50 жасқа келеді екен. Алдында осы мерейтойына арналған бір бағдарламада қызы Мерейдің зеректігі мен ақылына, өзін ұстауына сондай тамсанған едім. Тектілігі бетінде тұр ғой. Құдай тіл, көзден сақтасын. Мақпал апай қызының қызығын көріп, тағы 50 жас жасасын деп тілеймін. Өйткені қазақ халқының маңдайына біткен жұлдыздың қадірін көзі тірісінде білуіміз керек.
Соңғы жазылған әнінде "Адамдар, кешіріңдер, тағдырым бар ешкімге ұқсамайтын" деген сөздер кездеседі. Иә, оның тағдыры ешкімге ұқсамайды және алыс болашақта Мақпал Жүнісова жайлы аңыздар айтылып, биографиялық кітаптар жазылып, фильмдер түсіріліп, аңыз адамға айналады деп ойлаймын.
Туған күніңізбен!
P.S. Мақпал апайдың әндерді домбырамен орындау шеберлігіне Қазақстанда ешкім жете алмайды.