Ертең орман болсын деген ниетпен қайың ектім

Мажарстан елінде әрбір туылған сәбидің ата-анасына бір түп көшет беріледі. Ата-анасы өз ықтиярына қарай ол көшетті өз үйінің ауласында, бақшасында, көшесінде, саябақта еге алады. Баламен бірге ағаш өседі. Ал Қытай, Жапония, Корей елдерінде ағаш егу мерекесі бар. Бұл мерекеде әрбір азамат көшет егіп, өзі тұрып жатқан аймақтың көгалдандырылуына септігін тигізеді. Біздің елде, өкінішке орай, мұндай мереке, сый-сыяпат жоқ. Бірақ, кез келген азамат өз еркімен үйінің ауласында, саябақта, тау бөктерінде көшет отырғыза алады. Бұл көктемде мен де көшет ектім. Жалғыз емес, көппен бірге.

«Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді,» - дегендей, Beeline компаниясының «Жылы жүрек» қозғалысының еріктілерімен бірігіп Жер күні мерекесіне орай осы демалыста сауапты іс атқардық. Ағаш егу – бұл қозғалыстың дәстүрлі шарасы. Алматы қаласынан бөлек Жер күні мерекесі Ақтөбе мен Ақтау қалаларында өткізілді.

Алатау баурайында 80 қайың көшеттерін ектік. Осы уақытқа дейін бос жатқан аумақтың болашақта әдемі қайыңды орманға айналатынына сенемін. Сенбілік таңды көңілді әрі тиімді өткізгеніме қуаныштымын. Медеуге барған сайын ақ қайыңдарымыздың жанынан өтетін боламын. 

 



Бөлісу: