28 мамыр күні «Esentai mall» сауда ойын-сауық орталығында Голливудтық әйгілі блокбастер «Малефисента» фильмінің алдын ала көрсетілімі болды. Бұл көрсетілімнің басты ерекшелігі фильм әлемнің ағылшын, француз, испан, неміс тілдері сияқты 19-шы болып қазақ тілінде жарыққа шықты. Фильм көрсетілімін «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Алматы қаласы бойынша «Болашақ» Корпоративтік қоры ұйымдастырды.
Әлем таныған таңғажайып актриса, әлем киносындағы сұлулық символы Анджелина Джоли бұл кезекті рөлінде Малефисентаның рөлін сомдады. Анджелинаны, яғни Малефисентаны Гүлназ Әуесбаева қазақша сөйлетті. Бұл фильм 400 жыл бойы ертегі ретінде айтылып келе жатқан зұлым жалмауыз Малефисентаның көпшілікке таңсық өмірін бейнелейді.
Фильм сюжеті өмірдегі ақ пен қараның тартысына құрылған. Сатқындық, махаббат, кешірім, жауыздық, атаққұмарлық... Перінің қызы алғаш рет адам баласына сенім мен махаббатын табыстайды, алайда пенделік мінез Стефанды да тұзағына іліктірді. Мейірімді періге сатқындық жасап, әдемі әлемді жауыздық әлеміне айналдырды. Бала Стефан мен патша Стефанға дейінгі адами өзгерістер, сезімдер тоғысы көрерменді үлкен ойға жетелейді.
Сұлу да сүйкімді ханшайым Аврораның жан тазалығы бұл фильмнің ең ұтымды тұсы. Осы мейірімділік пен пәктік жауыздықтың қамалын бұзды. Мұзға жылу тигені сияқты, қараңғыға жарық берілгені сынды Мор сияқты зұлымдық патшалығына нұр шашылды.
Стефан патшаны Азамат Қанапия, ханшайым Аврораны Гүлнара Құрманбекова дыбыстады. Алдын ала ұйымдастырылған көрсетілім көпшілік үшін қызықты болған сияқты. Алғашқы көрсетілімге келген қонақтардың барлығы өздерінің жақсы әсерлерімен бөлісті:
Марат Оралғазин(«Ду қол шоколад!» әзіл-ысқақ шоуының жүргізушісі, блогер):
Фильм өте жақсы. Жалпы әлемдік киноиндустрия қазақша сөйлеп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл тіліміздің дамуына үлкен серпін береді. «Малефисентаны» дубляждаған актерлердің даусы өзіме таныс, сондықтан барлығы жоғары деңгейде болды деп ойлаймын. Негізі бұл фильм ескі ертегі желісіне жаңаша көзқараспен қарауға арналған. Фильмдегі фабула өзгерсе де, барлығы жақсы болды деп есептеймін. Бұл жерге ұлымды да ертіп әкелдім. Осындай қазақша дубляжданған фильмдердің барлығына ертіп келуге тырысам. Бүгінгі көрсетілім өзгелер үшін ғана емес, мен үшін де ерекше болғаны рас.
Самат Андреев(бала Стефанды дыбыстаушы):
Маған бұл фильм өте қатты ұнады. Әсіресе, кейіпкерлерден Малефисентаны айтуға болады. Маған бала Стефанды дыбыстау қиын болған жоқ. Жалпы, фильм балалар үшін де өте жақсы туынды.
Кинозалдан шыққан көрерменнің барлығы «Ұйқыдағы арудың» 55 жылдан кейінгі нұсқасын (1959 жылы «Дисней» компаниясы «Ұйқыдағы ару» фильмін дүниеге әкелген болатын) жақсы қабылдады. Әсіресе, «зұлымдықты махаббат жеңетініне» куә болды. Осылайша «Ертегіге сенбеңіз» деген ұранға құрылған фильм слоганы өз қызметін мінсіз атқарды десек те болады.
Nurotan.kz сайтының мәліметтеріне сүйене отырып, фильм туралы толығырақ ақпараттармен таныс болайық:
· Малефисента фильмнің түсірілімі 2012 жылдың 11-маусымынан басталды. Бас-аяғы фильмге 200 млн АҚШ доллары жұмсалған; · Фильм кейіпкерлері үшін 2000 костюм тігілген, түсірілім алаңының құрылысында 20 суретші мен 250 құрылысшы 14 апта бойы жұмыс істеді; · Малефисента Disney компаниясының қазақ тіліне аударылған 5-ші өнімі; · Бұл фильм мемлекеттік тілде дубляж жасау бағдарламасы аясында аударылған 8-ші фильм; · Фильмнің қазақша нұсқасын дыбыстауға 20-дан аса актерлер қатысты; · Фильм 29 мамырдан бастап Қазақстан кинотеатрларында 2D және 3D форматтарында көрсетілімін бастады. · Әлемдік премьера 30 мамырдан басталды.Фильм әлемдік киноиндустриядан қазақ аудиториясына келді. Бұл қазақ тілін әлемдік масштабта танытудың бір құралы әрі әлемдік кинотуындыларды ана тілімізде тамашалаудың ең жақсы жолы. «Малефисента» 2014 жылы дубляжданған екінші голливудтық фильм. Бұдан әрі бұл іс өзінің жемісті жалғасын табады деп сенеміз.
Ертегіге сенбеңіз! Бәрі өз қолыңызда!