Ерте үйлену ерлік пе? Еркелік пе?
блог
13 жаста – отау иесі» деген қазекемнің бұл сөзі қыз баласына арналмаса керек-ті. Себебі, жанұяның ұйытқысы, адал жар атанып, ана бақытын сезінуге ойын баласының қауқары жетер ме? Жалпы ерте жастан некеге тұру әр түрлі жағдайда орын алады. Бірі – білместіктен сезім жетегімен алып ұшса, енді бірі – күштеп құрылған неке. Мұның салдары не болмақ? Ерте жастан тұрмыс құрған ойын баласы «ана болып, бала тәрбиелеуге әзірмін» деп айтуға қабілетті ме? Біз қаузаған бұл сауалдың жауабын кезекті дөңгелек үстелден тапқандаймыз. Ерте жастан некеге тұрудың заңсыздығы және оған жол берілмейтіні туралы аудандық орталық кітапханада аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық білім мен денсаулық сақтау саласының мамандары, батыр аналар, психологтар, қоғамдық ұйымдар мен жастардың қатысуымен жиын өтті. Аталмыш тақырып аясында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева ерте жастағы және күштеп қиылатын некелердің алдын алудың өзектілігі мен ерте жастағы неке шын мәнінде заңға қарама-қайшы екенін тілге тиек етті. Бұл өзекті мәселеге айналғаны да жасырын емес. Тек «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», белсенді азаматтардың қауым болып талқылауын қажет ететін секілді. Басқалай төтеп берер күш бар ма?
– Ұл мен қыз тәрбиесі бір адамның абыройы емес, қазақтың абыройы. Қыз оң босағада отырғанда дәрежесі жоғары. Баланы отбасында еңбек етуге тәрбиелеу, оның келешекте өзін, отбасын асырауға қабілетті болуын санаға жастай сіңіру керек. Кейбір тепсе темір үзетін азаматтар отбасы түгіл қара басын асырауға да құлықсыз. Кәсіп істеп, еңбек етудің орнына ата-анасына, отбасына масыл болып отыр. Отбасында ұл мен қызды қоса тәрбиелеу керек. Бірақ ондағы әкенің де, ананың да атқарар рөлі ерекше, – деді 9 баланың анасы Шарипа Сабытбаева.