Ерте болса да кеш, кеш те болса ерте!

15 сәуір Ғашықтар күніне орай осыдан 1 жыл бұрын Бостандық ауданы және "Арда" жас ақындар орталығының ұйымдастыруымен өткен айтыстың бас жүлдесін алған, менің досым, Массагеттің блогері - Амангелді Сейтханның жыр жолдары! (Сол айтыста айтылған 1 қайырым)

Өзгерту мүмкін емес өмір ісін,

Біз келдік бұл өмірді көру үшін.

Қасымның әуенімен мен айтайын,

Бүгінгі махабаттың көрінісін.

 

Алладан бастайыншы мәнерлеп жыр,

Сүй оны өйткені Алла әлемде бір.

Кейбіреу Жаратқанға махаббатын,

Жарылыс жасауменен дәлелдеп жүр.

 

Кім оны ондай іспен өлшетіп жүр,

Ойсыздар қылықтарын олқы етіп жүр.

Балалар ата-анаға махаббатын,

Қарттардың үйлерінде көрсетіп жүр.

 

Сезіммен ешкім қазір санаспай жүр,

Қураған жапырақсыз ағаштай бір.

Кей ананың туғанына махаббаты,

10 доллор ақшадан әрі аспай жүр.

 

Жастар да ақша бәрін шешед деп жүр,

Өткінші сезім кейін өшед деп жүр.

Жігіттер қызға деген махаббатын,

Бір сәттік ләззатпен есептеп жүр.

 

Айтайын ақындарды табалап жыр,

Дегенмен олар нені жағалап жүр.

Айтысқа махаббатын ақындарда,

Машина құныменен бағалап жүр.

 

Алланың аз көргендей шапағатын,

Жоғары жақ өсірем атақ-атын.

Жер мен тілді сатып көрсетті олар,

Бабалар рухына махаббатын.

 

Бұл заман қысып тұр ғой қос қапталды,

Пенделер дүниемен дос боп та алды.

МАХАББАТСЫЗ ДҮНИЕ БОС ЕМЕС ҚАЗІР,

ДҮНИЕСІЗ МАХАББАТ БОС БОП ҚАЛДЫ!



Бөлісу: