Еріншектің ертеңі біте ме?

Еріншектің ертеңі біте ме?
жеке
блог

Жалқаулықтың жаман әдет екенін балалық шағымыздан білеміз. "Босқа отырғанша ананы істе, мынаны істе" деген сөзді қанша рет естідік? Алайда еріншектік пайдалы да сау әдеттердің бірі болуы мүмкін. Бастысы - оны дұрыс пайдалану. Алдымен, еріншектік дегеніміз не? Ол адамға керекті заттармен емес, қалаған заттармен айналыстыратын ерекше хал. Осыны жағымсыз жағдай деп ойлайсыз ба? Психологтардың айтуы бойынша, "менің жұмыс істегім келмейді, яғни мен жалқаумын, демек жаман адаммын" деген ой атымен дұрыс емес. Мәселен, жұмыс арасында арагідік үзіліс жасамайтын адамдар жақын арада асқазан ауруына, ұйқысыздыққа, созылмалы шаршауға, депрессияға шалдығуы мүмкін, ал жалқаулықтың сәттері сізді сергітіп, көңіліңізді көтеретін нағыз демалудың бір түрі болып табылады. Сондықтан, өзіңізге ұнайтын істермен айналысуға күніне кемінде 30 минут уақыт бөлуді ереже ретінде сақтаңыз. Осы ереженің бір шарты - "жалқаулыққа" арналған уақыттың шегі болу керек. Алайда, осы жерден басқа сұрақ туындайды. Бұл жарты сағатты қайдан табуға болады?

Дұрыс ерінудің тәсілдері

  1. Өз күніңізді жоспарлаңыз. Осы жоспарға жұмыс істері де, үй шаруалары да кіру керек.
  2. Алдымен ең мағызды істерді атқарыңыз. Содан соң ұсақ-түйектерге де кірісуге болады.
  3. Істерді бөлу, яғни берілген істердің барлығын тек қана өзіңіз атқармай, қиыншылық туған жағдайда, достарыңыздан, әріптестеріңізден көмек сұраңыз.
  4. Бос уақытты "сатып алыңыз". Басқа сөзбен, кей кейде шаруаны өз ісін білетін кәсіпқойға тапсырған жөн.
  5. Жалқау болыңыз. Проблемалардан көңіл сергітіп, аздап тыныс алыңыз. 

Мамандардың көбі "әрқашан еріну керек" деген оймен келіседі: өзіңізді шаршап, құлайтын жағдайға дейін жеткізбеңіз. Алайда "еріну" сөзі "мүлдем ештеңемен айналыспау" дегенді білдірмейді. Өзіңіздің темпераментіңізе байланысты ерінудің ең қолайлы тәсілін таба аласыз:

  • Шошақай холериктерге серуендеу, сөйлесу, билеу, достармен кездесу жалқаулықтың ең үйлесімді түрі болады
  • Жайнақы сангвиниктер жаңа сезімдердің әсерінде болудан күш-қуат алады. Мұражай, көрме, кітап дүкендері соларға жаратылғандай
  • Сезімтал меланхоликтердің, керісінше, өз ойларына уақыт бөлгені жөн. Балалық шақты еске түсіру, ескі фотографияларды қайтадан қарау, сүйікті автордың туындыларын қайтадан оқу бос уақытпен бірге жаңа күш әкеледі
  • Флегматикке өзімен өзі қалу, жалғыз отырып кітап оқу, балық аулау нағыз демалыс болады. 

Қорыта келгенде, жалқаулықты прогресстің қозғалтқыш күші деп айтуға болады. Сыпыртқы сермеуге ерінген адам шаңсорғышты ойлап тапты, шотпен есептеуге ерінген адам калькулятор жасап шығарды. Еріншек адамдардың арқасында дөңгелектен бастап теледидардың пультына дейін пайда болған. Ең бастысы - оны дұрыс қолдана білу.