«Келін», «Шал», енді «Кемпір». Бұл әзіл емес. «Кенже»-нің жақында дүниеге келетіндігін еске салайын. Наурыздың жиырмасы күні еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін «Кемпір» киносының БАҚ өкілдеріне арналған тұсаукесерін атышулы режиссер Ермек Тұрсынов кеше жасады.
Жарнамасы, алдын-ала жоспарланған пресс-конференциясы жоқ бұл фильм жарнамасы айқайлап тұрған кейбір Отандық өнімдерден жақсырақ болып шықты.
Кемпірді көруге кеңес беремін, егер:
-Қазақы әзіл-қалжыңды түсінсеңіз
-ауыл адамдарын жақсы көрсеңіз
-Ғазиза Әбдінәбиева мен Қадірбек Демесіновті сыйласаңыз. Бұл актерлік карьераларындағы алғашқы басты рөлді сомдап жатқан кинолары (Ол кісілерге деген құрметімді ерекше атап өткім келеді)
-үйде жасы келген үлкен кісілер болса (Оларды кино көруге апаруға міндеттісіз!)
-Ермек Тұрсыновтың «Forbes»-ке жазылған хатын оқысаңыз, немесе жай құрметтесеңіз (хатты бәрібір тауып оқыңыз!)
-комедия көріп отырып, көзіңізге жас алғыңыз келсе (неге екендігін айта алмаймын, құпия болсын)
Көруге кеңес бермеймін, егер:
-көріп қойсаңыз
Пы/сы: «Кемпір» 23 күн ішінде Алматы облысы «Бірінші май» елдімекенінде түсірілген коммерциялық емес фильм. Жұмсалған қаржы көлемі шағын, оның өзі асарлатып жиналған қаражат екен. Эпизодтық рөлде Меруерт Өтекешова, Ерболат Тоғызақов пен Димаш Ахимовты көре аласыздар.
Автор: Жазира Байдалы