Ерлігі ерен Елбасы!

Осыдан дәл жиырма жеті жыл бұрын еліміз екі ұлы тарихи оқиғаны бастан кешті.Әуелі әлемдік саясатта жаңа есім пайда болып,халқымыз өзінің жаңа көшбасшысын сайлады.
 
Содан кейін көзді ашып жұмғанша екі апта өтер-өтпес уақыттан соң ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігімізге қолымыз жетті.Бұл екі оқиға да халқымыздың мерейін үстем етіп,арқадан ауыр жүкті түсіргендей болды.Кешегі бабалар арманы мен ұлы мұратының орындалуы,қазақтың қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған елде өмір сүріп,ұлы далаға ешкімнен сескенбей,ешкімге бас ұрмай иелік етсек деген арман-тілегінің ақиқатқа айналуы барша қазақтың қайсар жігеріне қанат бітіріп,келешекке деген талпынысын шыңдай түсті. 
 
Осы екі айтулы күннің бір айда,бір кезеңде орын алуы тегіннен тегін емес.Ол-ел тірегіне айналған Елбасымыз бен рухани құндылығымызға баланатын Тәуелсіздігіміздің егіз ұғым екенінің айғағы.Себебі Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы еліміз жаңа дәуірге қадам басып,дербес мемлекетке айналды.Ал жаңа көшбасшыны тағайындаудың арқасында халқымыз бұрын-соңды болмаған тарихи бетбұрыстардың куәсі болды.Олай дейтінім,расында да Елбасы талай қиын-қыстау замандардан туралап,болашаққа деген үміті үзілуге айналған қалың жұртты қолтығынан демеп,үміт отын қайта жақты,халықты дұрыс жолға бағыттап,кемел елдің көшін бастады.Кемеңгер басшымыздың арқасында елдігімізді бар әлемге паш етіп,егемендігімізді төрткүл дүниеге мойындаттық.Ешкімге бағынбайтын ел екендігіміздің бұлтартпас айғағы саналатын Мемлекеттік Рәміздерімізді жариялап,рухани байлығымыз бен ұлттық нақышымызды символға айналдырдық.Өзге елдермен бейбіт қарым-қатынас құрып,әлемдік аренаға шығу жолында да игі бастамалар орын алып,көптеген маңызды ұйымдардың қатарынан табылдық. Мұның бәрі кімнің арқасы,кімнің еңбегінің нәтижесі дегенге жауабымыз да,ерекше құрметпен,мақтанышпен атын атап,түсін түстеп бере алатын тұлғамыз да айқын.Ол-ерен еңбек пен ерліктің иесі,ел тірегі-Елбасымыз. 
 
Елбасымыздың әрбір шешімі,бастамасы- парасаттылық пен көрегенділіктің айқын көрінісі.Оған дәлел- Президентіміздің тіпті бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпаған тарихи мәні зор шешімі.Ол халыққа талай жылдар бойы айтарлықтай кесапатын тигізген ядролық қарудан бас тарту идеясы еді.Америка Құрама Штаттарының бұрынғы президенті Барак Обама "Президент Назарбаевтың "Ядролық қарусыз әлем" жобасы әлем көшбасшыларын таң қалдырған жоба болды.Қазақстан-ядролық қарудан өз еркімен бас тарта отырып,әлемдегі ең бейбіт,тұрақты мемлекет құрудың жарқын үлгісіне айналды" дегендей аталмыш жоба ТМД мемлекеттерінің арасындағы ядролық қаруға қарсы тұңғыш бастама,жаңа құрылған мемлекет үшін айтарлықтай айқын қадам,тың серпіліс болды.Бұған қарап біз Елбасының ел басқару ісіндегі оңшыл саясатын,осы жолдағы ешкімге есе бермес даралығын танимыз.
Елбасы.Тәуелсіздік.Қазақстан.Осы үш киелі ұғымды естігенде толғанбайтын жан,туламайтын,жырламайтын жүрек жоқ.Көшбасшымыздың қайталанбас тұлғасына,ұрпаққа үлгі болар өмір жолына қарап,жас жүректен еріксіз жыр шумақтары төгіледі: 
 
Еңбек жолын бастап темір өңдеуден, 
Жалықпаған еш уақытта ілгеріге өрлеуден. 
Жас жігерді алаулаған жалынменен шыңдаған, 
Перзенті бар халқымыздың,ел тірегі-Нұр Ағам! 
 
Ізін жалғап хандарменен сұлтандардың кешегі 
Елбасыны барша түрік ақсақалы деседі 
"Мәңгі Елдің" шаңырағын заңғар көкке көтерген, 
Нұр Ағадай тірегі бар елдің бағы бес елі! 
 
Барша жұртын биік санап көз жетпейтін асқардан, 
Елбасының ұлы жолы әділдіктен басталған. 
Күллі әлемді қан қақсатқан ядролық қарудан, 
Өз еркімен Елбасымыз шартты түрде бас тартқан. 
 
Саясатта өзі салған сара жолды бастады, 
Әр шешімін күллі әлем лидерлері қостады. 
Кемел ойлы бұл ғаламда саясаткер санаулы, 
Жаратқанның өзі берген Нұрсұлтандай ағаны. 
 
Жетелеген Нұр Әлемге барша халқы мен жұртын, 
Таныстырған шартарапқа қазақ салты мен ғұрпын. 
Тарихты да қайта ақтарып,"Рухани да жаңғыртқан", 
Елбасыны ұлықтаудан ешбір қазақ жалықпан. 
 
Ол кісінің әрбір сөзі парасаттың тұғыры, 
Әр үндеуі болашаққа бастаманың ұлығы. 
Өркендеудің даңғылында ар-намысты ту еткен, 
Елбасымыз жасай берсін,ұзақ болсын ғұмыры! 
 
Иә,Елбасымыз халқының ұлы перзенті,кешегі Абылай хандардың ұлы мұратын жалғастырушы тарихи тұлға.Президентіміздің жыл сайынғы жолдаулары,әр бастамасы-дамудың даңғылындағы сара жол,кемел келешекке бастайтын айқын да ашық бағдарлама.Елбасының "Мәңгілік Елмен" бірге мәңгілік ғұмыр кешуі- күллі халықтың асыл арманы.Себебі көшбасшымыз "Мәңгілік Елдің" іргетасын қалады,өзі сол мемлекеттің діңгегіне айналды.Егер елдің діңгегі құлар болса,ол ұлттың әл-ауқаты,хал-жағдайы қандай болары айтпаса да түсінікті.Сондықтан да ақ сақалды,сары тістілеріміз айтатындай "патшамыз аман болсын",еліміз мәңгі өмір сүріп,Тәуелсіздігіміз тұғырлы,бостандығымыз баянды болсын дегім келеді.


Бөлісу: