Еркелеу...

Үйден таңда шығып кеттім ертелеу,

Мүмкін болмай өзегімді өртемеу.

Бәлкім таныс, бәлкім енді танысар,

Керек маған бір адамға еркелеу...

 

Кез болады кейде үйіңді тар еткен,

Сөз болады айтатұғын жар өктем...

Әйелдердің айтқанына мақұл деп,

Күн кешпейді еркектердің бәрі еппен.

 

Көліктері қара нөпір, кісі көп,

Қала жатыр бесті айғырдай кісінеп.

Нән шаhардың гүлзарында отырмын,

Жаңа оянған жанартаудай ішім от.

 

Көңіл бөлмес, маған қамқор болып кім?

Талай таныс ақылдыға жолықтым...

Таппадым тек, еркелейтін бір адам,

Күттім оны, таңнан кешке толық күн.

 

Үйден таңда шығып кеттім ертелеу,

Мүмкін болмай өзегімді өртемеу.

Бәлкім таныс, бәлкім енді танысар,

Керек маған бір адамға еркелеу...

Авторы: Мұратхан Шоқан.




Бөлісу: