Еркектің бес түрі
блог
Бұрындары, яғни интернет жоқ заманда, адамдар ойларын, хаттарын қағазға түсіргенін білетін шығарсыздар? Менің ойымша, егер сол заманда интернет болғанда қазақ жазушылары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлерінен керемет мықты блогерлер шығатын еді. Қазірде қазақтың ұлы тұлғаларының күнделіктері, хаттарын оқысаңыздар, терең ой толғауларын, пәлсапалық тұжырымдарын байқауға болады. Мысалы, Абайдың күнделіктері бүгінде "Қара сөз" болып классикаға айналды.
Өз кезінде қазақ қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров те күнделік жазған. Жазбаларының бірінде ол еркек адамдарына сипаттама беріп, олардың сүйе білетін қасиеттеріне қарай 5 типке бөлген екен. Оқып көріңіздер, қызық...
Еркектің бес түрі
Өмірді көріп жүріп, өмірді суреттеген жазушыларды оқып жүріп, мен еркек атаулыны бес топқа бөлем:
Бірінші — әйелді ауламайды. Салқын қанды, көтерем жанды. Өмірдегі әйелге біткен көріктің, жалын құшақтың, нәзік сезім, қызбалықты қылықтың біреуі де қызықтырмайды. Өздігінен бас көтермейді. Ол өзімен өзі болса болды. Бірін сүйді, болмаса қойды. Бой ұрмайды, жоқтамайды. Ондайларға әйел — әйел емес, айналадағы ағаш, шөп, су, мал сияқты заттың бірі. Мен білетін адамда бұл — Байназар.
Екінші — отты, жалынды, әйелге құмар еркек. Әйелді аулампаз, әйелді алғыр, сыпыра соғар. Әйел артына армансыз түсіп, есалаң сабылып, есі шыға ізденеді. Бірақ, бірден бірге көшкен, көп әйелді, жақсы көргіш, бәрін де соңына түсіп қызықтап, қыдырып тастап отырады. Ылғи соңырқап, жанын жаналап, жаңадан жаңаны сүйіп ләззат алады. Ақылынан айуандық сезімі күшті. Ұдайы... билеген құмарлықтың боранында... Бұл Стефан Цвейг жазған кісілердің көбі — осы. Әсіресе, Казанова.
Үшінші — әйелді жақсы көрмейді, жек көреді. Жаны сүймейді... сүймей тұрып сүйкенеді. Алған үлгісі айналадағы айуан қылығынан — құстың, қораздың, жылқының айғырының екі аяқты пендедегі үлгісі осылар. Бұл, әйелді көп аулайды, көрінгенін атады, абиырын алуды мақсат қылады... Бұл, Еуропа әдебиетіне түскен Дон-Жуан. Бұл — өмірде тіпті көп...
Төртінші — әйелді — әйел деп емес, адам деп ардақтап, асыра сілтеп, жабайы адамнан жанын жоғарылатам деп, екінші қарсыға шығып кетіп, еркектіктен алыстаған, сопылыққа тереңдеп, әйелге еркектік махаббатын мұқалтып, сүюін сөндіріп алған абыздар өмірде болмайды емес, көп заманнан болып та келеді. Ғылыми адамның көбіне осы мінез ортақтасады. Толстойды осының қатарынан қарастыру керек шығар.
Бесінші — бар әйелді емес, бір әйелді сүйетін, ісін де, ішін де, қанын да, жанын да сол сүйгені үшін бағыштаған, көрмесе, сағынатын, көрсе от боп қабынатын біреулер болады. Ол сүйгені жалпының ішіндегі жабағының бірі болса да, жаман жағының бірін көрместен, жақсылығына қол қойған, жаны құмар, тәні құрбан ол еркектің ерекше бір бітімі болады. Шынайы махаббат иесі. Мен — осы!
Әркім өзін таныған болар? :)