Еркекке де декрет
блог
Қазақы отбасында әкенің орны қашанда жоғары.
Ана-баланың тәрбиешісі, ал әке-отбасын асыраушының рөлін атқарады. Қайткенменде сәби дүниеге келгеннен кейін оны бағып-қағудың ауыртпалығы екеуінің де арқасына түсетіні шындық. Сол себепті, өзге елдерде қашаннан қабылданып қойған заң турасында сөз қозғамақпыз.
Ең алдымен декреттік демалыс дегенге тоқталайық. Баршамыздың түсінігімізде декреттік демалыс деген-әйел адамның жүкті болған кезінде немесе баланы дүниеге әкелгеннен кейін жұмысынан босап, демалысқа шығуы. Бірақ, бірқатар дамыған елдерде (Норвегия, Беларусия, Ресей, Украина) әйелдің орнына еркектің де декреттік демалысқа шығуына рұқсат бар екен. Бұл да бір аса таң қаларлық құбылыс болып көрінбейтін де шығар. Себебі, қашаннан ер азаматтарымыздың орнын әйел адамдар басып, жұмыстың қандай да болсын түріне араласқан нәзікжандыларды кқріп жүрміз. Бүгінде сол декрет мәселесіне келгенде керісінше әйелдің орнын еркек ауыстыруына да себептер табылады. Біріншіден, ол қаражат мәселесі.
Кейде әйелдердің ер адамнан көбірек жалақы алатын жағдайлары да болады. Яғни, әйел декретке шығар болса, отбасылық бюджет азая түседі деген сөз. Білетініміздей, балаға арналған төлемақының құны аса көп емес (бірінші балаға–9 520 тенге; екіншіге–11 252 тенге; үшіншіге–12 983 тенге). Екіншіден, егер ол жалғызбасты әке болса, декреттік демалыс аса қажет. Сәбидің ешқандай қараушысы болмаса, амал жоқ ер азаматтар да декреттік демалысқа шығуға мәжбүр болады.
Сөз басында айтып кеткендей, баланы күтіп-баптау бойынша арнайы демалыс аналарға ғана берілмейді. Жақында ғана Норвегиялық депутаттардың бастамасымен еркектерді декретке шығару қолға алынды. Бірер жыл бұрын ол елде тиісті заң жобасы дайындалып қойған. Ендігі уақытта норвегиялық ер-азаматтар бала күтіміне байланысты арнайы демалысқа шығуға құқылы. Заң 2013 жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енген. Жаңа заң бойынша, бала күтіміне байланысты ер-азаматтар 14 апта, ал нәзікжандылар 35 апта демалады екен.
Ақпараттар іздестіріп көрсек, Еуропада бұл жағдайдың белең алуын да түсіндіруге болады. Олар да өз әйелдерін жұмысқа шығарып қойып, бала бағып үйде отырға аса құмартып отырғандығы шамалы. Дегенмен, ол елдерде бала тәрбиесіне ата-ананың екеуіне де бірдей жауапкершілік артылатындығын ескеру қажет. Германияда 2010 жылдың ішінде әрбір төртінші әке бала бағу үшін демалысқа шыққан. Оған дейінгі 2007 жылғы дерек бойынша, ол елде декретке шыққан еркектер 3,5 пайызды құраған. Ал, Украина мемлекетінде еркектерді екі апталық декреттік демалысқа жіберуге рұқсат бар. Қазір Украинада еркектердің 4%-ы декреттік демалыс алады екен. Министрліктің бұндай шешім қабылдаудағы мақсаты-отбасының бір мүшесі, күйеуі сәбиді бағып, екі апта перзентханадан енді шыққан анасының жағдайын жасауға көмектесуі қажет.
Деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда елімізде 134 еркек декреттік демалысқа шыққан көрінеді. Қазір бұл құбылыс бізге де ақырындап ене бастапты. Себебі, барлығының бірдей отбасын қаржылық қамтамасыз етуші әкелері емес. «Егер ер
азамат декреттік демалысқа шыққысы келсе, сөз жоқ арнайы бұйрықпен жұмыстан болсатылатын болады. Бірақ, бұндай еркектер саусақпен санарлық. Егер де белгілі бір себептермен баламен отыруға мәжбүр болса, оған тиісті төлемақылар төленеді» - дейді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының президенті Алмаз Кұрманов.
Қазақстанда да бұл тақырып Парламентте талқыланып, арнайы заң жобасы жасалынып Президентке жіберілген болатын. Соңғы кездері көп талқыланып жүрген тақырып еркек пен әйелдің тең дәрежелері, оның ішінде басты мәселе ер азаматтың декреттік демалысын заңдастыру болса керек. Яғни, әйел адам жұмыс істесе, еркегі үйінде баламен отырады деген сөз. Бірақ, бұған қазақтың жігіттері келісе қояр ма екен? Қоғамда қалыптасқан ер адам-отбасының асыраушысы
деген стереотиптерді бұзып, бұл заң жобасын көпшіліктің қолдайтынына сену қиын. Бұл сөзімізді жұршылыққа тастаған сауалымыздың қорытындысынан түйіндеп отырмыз. Жалпы, ер азаматтың декретке шығуы дұрыс па? деген сауалымызға жауап бергендердің 94 пайызы бұл заң жобасының қабылдануына келіспейді екен. Ал, Парламенттегілер және қоғам қайраткерлері бұл заң жобасының президент қабылдайтынынеа кәміл сеніп отыр. Алдағы уақытта декреттік төлемақы алуға әкетайлар кезекке тұра бастайтынын көретін де болармыз. Дегенмен бұл құбылыс қоғамдағы ойды түгелімен,
түбімен өзгерсе де, бұл біздің менталитетімізге әлі жат нәрселердің бірі болып көпке дейін қала беретін секілді.
Ш.Болат