Ержан Алаш. Шәкерім vs Steve Jobs



Ержан Алаш. Шәкерім vs Steve Jobs

Ертең не мейрам екенін білмеймін, бірақ жоғары жақтағыларға рахмет пен дұғай-дұғай сәлем! Бұйыртса ертең үйде асханама жөндеу жасап, жарды басқа түске бояп, терезеге басқа жапқыш іліп, дәлізге Абайдың суретін ілемекшімін. Сонда Стив Джобсқа қарама-қарсы енді Абай тұратын болады. Мүмкін екеуі түнде сөйлесер))) Олар сөйлесіп, мен оны еститін болсам ғой шіркін!


Стив Джобс: Hello mister Abai. Welcome to Yerzhan's apartment! Nice to meet you! 
Абай: Өй не дейді мынау, қазақша сөйле ініншек, қайда жүргеніңді білесің бе? Алаштың Атыраудағы штаб-пәтерінде жүрсің! Жарда ілулі тұрғаныңа 2 жылдың жүзі болды, немене қазақша үйрене алмадың ба?
Стив Джобс: О не дегеніңіз, кешіріңіз, Абай мырза. Үйреніп жатырмын. Енді қасыма сіз келдіңіз. Тезірек үйренетін болдым. Жақынырақ таныссақ, мен сіз жайлы Ержаннан естідім. Ол маған бір рет айтқан сіздің гений ініңіз жайлы.
Абай: Еее менде толып тұр ғой ініншек деген, айналып кетейін Оспанжаннан бастап Амалбек Өмертаевқа дейін іні деген менде жетеді. Қай інімді айтасың?
Стив Джибс: Абай мырза, атын ұмытып қалдым, Ш-дан келе ме, сондай, әйтеуір Ержан кейде соны айқайлап жүріп оқиды ғой. Оның ойынша қазақта одан асқан ақын жоқ екен.
Абай: Ееее, сен Шәкерімді айтасың ба? Тәйірі-ай, Толстойдың тілімен айтканда "он превзошел самого себя, сам даже не ожидал что из него выйдет такой гений" Парсы жаққа бет алып білім қу деген едім, пәллі, ол неме Парсы асып, Мекке, Медина, Стамбул, Парижге кетіп қалып білімді болып кетті. Білім деген сол ғой, қызығымен бір айналдырса, шыр айналдырады. Әттең қазақ арзан нәпақаның артымен кетіп, саф білімді игере алмай жүр...
Стив Джобс: Иә-иә, сол Шәкерім. Сіз гений деп қай жағын айтып тұрсыз?
Абай: Гений дегенде, ол мықты ақын. Жазғанын мына қалың қазақ оқыса, бақытты болар еді. Әй Стив інім, сен тыңда мені. Осы күнгі дәрігерлер емге дәрі береді екен. Сол дәрігерлерге айтар бір кеңесім бар. Олар ем-доға іздеп келген әрбір адамға Шәкерімді оқуға кеңес берсін. Жан саулығы - ден саулығы. Шәкең өлеңдерінің әрбір сөзі адам жүрегіндегі емші қолы жетпейтін небір-небір түкпірлеріне барып жайғасады. Жайғасқан соң адам керемет рухани ләззат алып, жаны жайлбырақат күй кешеді. Шәкерім өлеңдерінің әрбір сөзінде рухани витаминдер бар. Адамның бүкіл ауруы жүректен басталады. Пайғамбар айтпап еді солай. Жүрегі кірленген адамның қаны қарайып, сырты бүтін, іші түтін күй кешеді. Шәкерім өлеңдері бүкіл ауруға ем бола алады. Профилактика ретінде әрбір қазақ оны оқып тұру керек. Алдымен жүрек туралансын, кейін сана, тіл, құлақ өздері-ақ кәмілденеді. Міне, жаһанның талай мынау деген емшілерін он орап алатын Шәкерім өлеңдері осындай. Гений десе гений ғой біздің Шәкерім...
Стив Джобс: ммм, солай деңіз. Демек сіз Шәкерім мырзаның бірегейлігі деп ақындығын айтып тұрған екенсіз ғой. Менің ойымда бір гәп бар. Әлгінде Ержан ұйқыдан тұрып, көзін ашар-ашпастан менің жанымнан өтіп бара жатып: "Стив, сен гений емессің, гений деген ол Шәкерім деді. Бәтшағар неге екенін айта ма екен деп күтіп ем, онымен айтпады. Тек кейін баяғы әдетімен апыл-ғұпыл аяқ киімін киіп жатып: Неге десең сен әлемнің майталман технократтары жиналған Стенфордтың түбінде тұрып әрең дегенде бір телефоңды жасадың. Оны да Палоройд компаниясынан Билл екеуің ұрлап алдыңдар. Біліп қой, бізде Шәкерім деген гений бар. Сол Шәкерім 19-шы ғасырда дархан даласынан басқа дымы жок киелі Шыңғыстауда екі ауылды біріктіретін сымды телефон жасаған! Ол сен сияқты Стенфордта тұрғанда сені он орап алар еді. Менің шыдамым жетпей оған: "Ендеше нақұрыс, менің айфонымды қолданбай, Шәкерімімнің сым телефонын қолданбай не талтаңдап жүрсің" - деп айқайладым артынан. Сұрайын дегенім сізден, сондай телефон болған ба шыныменен?
Абай: Иә, болған. Болғанда қандай! Шәкерім ақын ғана емес, бүгінгінің тілімен айтқанда технократ жан еді. Әлгіндей ойлардан бөлек, басы ойға тұнып тұратын еді. Екі ауылдың арасына сымды телефон жасатып ауыл тұрғындарына хабар алмасып тұруға мүмкіндік сыйлаған. Шәкерімнің сонда шат-шадыман боп секектеп күліп жүргенін көрсең....Көпекбайдың телефоннан адам даусын естіп "ооо шайтан!" деген реакциясын көрсең)))) Бақыт деген сол еді..Қайран бақыт...Қайран Шәкерім...Неткен мүбәрәк саф жан еді...

Мінеки, Абайдың суретін бұйыртса ертең Стив Джобсқа қарама-қарсы ілмекшімін. Екеуі сырлассын. "Интеллектуалды" әңгім-дүкен құрсын. Мүмкін суреттер өзара бізге белгісіз тылсым күшке ие болып, біз де бір нәрсе естіп қалармыз))))

Ертең мейрам дейді ғой. Маған белгісіз мейрам. Сонда да рахмет. Үйде өзгеріс енгізуге тағы бір керемет мүмкіндік! Ертеңгі мейрамды өзгелер тойлап жатқанда, мен де тойлаған болып, жоғары жақ не айтса, мен де басымды изеп, ләппай тақсыр, мейрам құтты болсын деп бақытты күй кешпекпін. 
Сіздер де бақытты болыңыздар!

Ержан Алаш (экономист) 

30.04.2013



Бөлісу: