Ерхат Тәжібаев: Менің мақсатым – өзгелерді жігерлендіру.

Ерхат Тәжібаев: Менің мақсатым өзгелерді жігерлендіру. 

 

         Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алматы қаласындағы Білім басқармасына қарасты Н.Островский атындағы зағип және нашар көретін балаларға арналған № 4 арайы мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Ерхат Тәжібаев. Ол өзін әнмен егіз деп санайды. Жастайынан қазақ әндеріне сусындап өскен жеткіншек Белорусь мемлекетінде өткен Халықаралық «Ореон қанаты астында» фестивалінің «Бас жүлдесін», «Аспаптық орындау» номинациясы бойынша І орын, Мәскеу қаласында өткен «Белая трость» халықаралық фестивалінің дипломанты,  республикалық «Жұлдыз-ай» балалар шығармашылық фестивалінің, «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» жалпыұлттық жобасының, «Мейірім» балалар шығармашылық фестивалінің, Республикалық Мұқағали өлеңдерін оқудан және өлеңдеріне жазылған әндерді орындаудан өткен «Жырлайды жүрек» байқауының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымдастрырған ән-би-аспаптық байқауда «Жарқын жұлдыз» наминациясының, тағы да басқа көптеген бәйгелердің лауреаты.

         Ол өзінің қатарластарынан оқ бойы озық тұрады. Достарының арасында барлығын күлдіріп те жүреді. Оқуға деген ынтасы да жаман емес. Ұстаздарының айтуынша Ерхаттың  мінезінде адамға жылу сыйлар бір керемет қасиет бар екен. Біздің кейіпкер мына жарық дүниені көрмесе де, оның қандай екенің жүрегімен сезеді. Ол қасындағы достарына үнемі қол ұшын созып жүреді. Өзінің көмегін ешкімнен аямайды. Бос уақытында домбыра тартып, ән айтып, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.

         Ерхат өзінің мүгедектігінен еш қысылмайды. Соған қарамастан биік белестер мен алынбас асуларды бағындыруға әзір.

Ерхат бізге сұхбат беруге қуана келісе кетті. Ендігі кезекті оның салиқалы әңгімесіне бергенді жөн дедік.

-         Ерхат, Беларусь мемлекетінде өткен байқауға қалай қатысың?

-         Бақыт Оспанова ханымның ұйытқы боуымен Алматы қаласында өткен «Меірім»  балалар шығармашылық бәйгесінің жеңімпазы ретінде қатыстым.

-         Байқау жайында айта кетсең?

-         Басында республикалық  байқау ретінде ұйымдастырылып, биылдан бастап халықаралық деңгейде өткізіліп, сегіз елден тек қана мүгедек балалар емес, сонымен қатар қол аяғы балғадай ұлдар мен қыздар болды.

-         Қазақстаннан сенен басқа тағы да кімдер қатысты?

-         Қазақстаннан Әлбина Ахметқазы екеуіміз ғана қатысып, елдің намысын қолдан бермеуге тырыстық. Сарпы еткен күшіміздің жемісі «Бас  жүлдемен» оралдық.

-         Ерхат біз сені құттықтаймыз. Естуімізше Мәскеу қаласында Диана Гурскаяның ұйытқы болуымен өткен «Белая трость» халықаралық фестивальге қатысып қайтыпсың. Осы жайында айта кетсең....

-         Бұл байқауға Ресей мемлекетінің үкімет қайраткерлері мектепке хабарласып, арнайы шақыртқан болатын. Жобаға он мемлекеттің өкілдері қатысты. Фестивальде Ринат Молцаковпен «Қазақстаным» әнін шырқадық. Зал ұзақ уақыт қол шапалақтап, сахнадан жібермей қойды.

-         Арманың қандай?

-         Менің арманым халық әндерін төрткүл дүниеге таныту. Елімді өзгеге танытар керемет әнші болсам деймін.

-         Кімге еліктейсің?

-         Мен ешкімге де еліктегім келмейді. Қазақ музыка тарихында өзіндік жолы бар ерек тұлға болғым келеді. Еліктеу демекші, Шыңберген Сүлейменовты, Танат Мамырханұлы, Қайрат  Байбосынов пен Рамазан Стамғазиевтерді, сонымен қатар Ғарифолла Құрманғалиевті үлгі тұтып, рухани ұстаз санаймын.

-         Ерхат, сен өз еліңді қаншалықты сүйесің?

-         Мен Отанымның әр таңын қарсы алғанға шын жүректен қуанамын. Елден жырақтан жүрген қанша азаматтар бар десеңізші. Кезінде Отан деп үлпілдеген жүрекпен Қарақалпақстаннан келген едік. Қазақ еліне келгенге еш өкінбеймін. Қайта осындай бейбіт, егемен, дербес елдің ұланы болғанымды мақтан тұтамын.

-         Өмірлік ұстанымың қандай?

-         Менің мүмкіндігім шектеулі болғандықтан өмірден көп зардап шегемін. Кейбір дүниелерді көре алмай қиналамын. Осы кездерде адамсыз ең далаға кетіп қалғым келеді. Басыма түскен қиындықтарға қарамастан тек қана алдыға жүргім келеді. Айналамдағы басқа азаматтарға рух пен жігер сыйласам деймін.

-         Қазақстандық оқушы ретінде сені не алаңдатады?

-         Мен үшін түйткілді мәселе – қазақ халқының дәстүрлі әні. Қазіргі таңда оларды орындамақ түгілі, тіптен тыңдамайды да. Жастарды осы салаға бет бұрғызу үшін қызығушылықтарын да арттыру керек. Сол себепті де аудандар мен елді-мекендерде дәстүрлі ән мектептері ашылып, телевизиялық бағдарламалар жасалынса екен деймін. Қазіргі жастардың даусы мен дарыны жетерлік. Тек оны қолданбайды. Ал пайдаланып жүргендері өзгенің орамдыларын орындап, сол арқылы өзгелерге танылып жүр. Осындай әдеттен арылсақ деген ой ғой менікі. 

-         Ерхат, алтын бөліп бізге сұхбат бергенін көп рахмет. Алда өзіңе тек шығармашылық табыстар мен өз ұғымыңдағы бақытты тілейміз. Биік белестерді бағындыра бер!

         Біз Ерхаттың жалынды сөздерінен біраз сабақ та алған болармыз. Енді өмірге, тіптен айналамыздағы адамдарға деген көзқарасымыз да өзгерер. Ал өзгермейтін «Менің мақсатым – өзгелерді жігерлендіру» деген жас өскіннің бізге айтам десе де, қанша айтуға оқталса да айта алмаған «Көз жанарым көріп кетсе ғой» дейтін арманы секілді болып көрінді.

         Менің осы мақаланы жазғандағы басты себебім, біреудің көңіліне кірбің түсіріп, енді біреудің Ерхатқа деген аяушылығын тудыру емес. Тек қана Ерхаттың мықтылығы мен беріктігі, өміргі деген көнпістігі, жігерлілігін бүгінгінің жастарына үлгі ету. 

 



Бөлісу: