Ерекше сыйлық
блог
Кез келген мерекеде, туған күнде гүлшоғырынан артық құрметті білдіретін сыйлықты елестету мүмкін емес. Қандай бағалы сыйлық болса да, гүлшоғырының, ондағы гүлдің беретін терең мағынасының орнын баса алмайтыны даусыз. Әдемі гүлді өсімдіктің әрқайсысы табиғат ананың бізге берген қайталанбас туындысы.
Жылдың кез келген мезгілінде өз қолыңызбен гүлшоғыр жасап, жақыныңызға тарту етіп, қуаныш сыйлауыңызға болады. Ол үшін гүлшоғыр жасау заңдылықтарын білумен қатар, шығармашылыққа да ой бөлу керек. Сондықтан, бүгінгі постымда мен сіздерге сыйға тартатын гүлшоғырды тастармен қалай безендіруге болатындығы жайлы айтпақпын.
Қажетті заттар: раушан, альстремерия, бақыт гүлі, жібекшөп, шығыс гүлінің жапырағы , шыны құмыра, гүл түсіне үйлесімді болатын әдемі тастар мен моншақ, оазис, түссіз орама, жапсырма, пышақ және қайшы қажет.
1) Алдын-ала 5 минут суға салып, дайын болған оазисті жапсырмамен орайды.
2) Оралған оазистің гүл орнататын бөлігіндегі жапсырманы қиып алады.
3) Жапсырма оралған бөлікті жасыру үшін шығыс гүлінің жапырағын қайырып, оазиске айналдыра қадаймыз.
4) Оазистің үстіңгі бөлігіне сатылай раушан гүлін қадаймыз.
5) Оазистің шығыс гүлінің жапырағы қадалған жеріне жапырақтың қайырылған бөлігін жасыру үшін бақыт гүлін арақашықтығын бірдей етіп қадаймыз.
6) Раушан гүлі орналасқан бөліктің әр жеріне оазисті толық жасыратындай етіп альстремерия гүлін қадаймыз.
7) Шыны құмыраға гүлшоғырға пайдаланылатын гүлдің түсіне сәйкес таңдап алынған тастың жартысын салып, оазисті бетіне қоямыз.
8) Қалған тасты арнайы темірге өткізіп, жібекшөпті екіге орап, оралған бөлігін оазиске қадаймыз.
9) Жібекшөптің көлеміне қарай моншақты да жібекшөптен өткізіп, оазиске қадаймыз.
Дайын болған гүл шоғыры жақындарыңызға әрқашан қуаныш сыйласын!