«Эстафета таяқшасын алмағалы көп болды, енді тек түсімде көрсем арман жоқ» деп жүргенде мен жаққа қарай Мейіргүл сөз кезегін бұрып жіберіпті. «Ерекше қызығушылығым» тақырыбына жақын кезінде On.Kz сайтында жүргізілген бір эстафетасы болған-ды. Енді одан бері күн мен ай түгілі, жылдар өтіп кетті, сол себептен ескіні қозғамай көпшілік біле бермейтін қызығушылықтарымды айтайын.
Спортпен кәсіби деңгейде болмаса да өзім үшін шұғылданамын. Коньки тепкенді ұнатамын. Бірақ, мойындау керек соңғы кездері коньки тебуге уақыт таппай жүрмін. Жүзумен айналысамын. Болашақта сноуборд тебуді, үлкен теннисті жақсылап ойнауды армандап жүрмін.
Атқа, итке құмармын. Осы екі жануарға көңілім ерекше ауып тұрады. Өзімнің жеке атым болғанын қалаймын. Ал итім бар. Борсық деген. Таңертең жұмысқа шығарып салып, кешке күтіп алады. Алдағы күндері Борсыққа ермек болар тағы бір ит алмақшымын.
Келесі қызығушылығыма кеңінен тоқталғым келеді. Бала кезімнен іс тігуге, тоқыма тоқуға әуестенгенмін. Ара-тұра іс тігіп, бұйым тоқып қоятынмын.
Осы уақытқа дейін кішкентай балақайларды жылытып, өмірін сақтап қалуға ықпал ету үшін бір мыңнан астам бұйым тоқылды. Қолыңнан келсе, көмек көрсетіп, игілікті істер атқаруға асығу керек деп ойлаймын. Сондықтан да, массагет әлемінде осындай ізгілікті іске ат салысамын дегендер болса, мархабат! Ал тоқыма тоқи алмаймын, бірақ үйренгім келеді дегендер болса, хабарласыңыздар, төменгі жаққа өз пікірлеріңізді қалдырыңыздар, сіздерді қуана-қуана үйретемін. Ал шараға қатыса алмаймын, тоқыма тоқу қолымнан келмейді дегендер болса, еріктілерге жәрдем ретінде қаржылай көмек бере аласыздар. Сапалы әрі жұмсақ бір бума жіп бағасы 300-500 теңге көлемінде. Әрине, барлығы патша көңілдеріңіздің қалауы бойынша. Ешкімді қинамаймыз, тек қана балақайларға жәрдемдесуге шақырамыз. Сондай-ақ, еркітілердің жұмысын көргіңіз келсе, біздің клуб сайтына жол ашық - club28petel.kz немесе Facebook әлеуметтік желісіндегі «Клуб 28 петель» парақшасына қосылыңыздар.
Назарларыңызға Фейсбуктағы "Клуб 28 петель" тобының ресми парақшасынан алынған суреттерді ұсынамын:
«Ерекше қызығушылығым» эстафетасын ары қарай жалғастырсын деген ниетпен сөз кезегін Сара Джессика Паркерге, Балдәурен Рахымға, Қостанайдағы Арайлымға, Айкона не Айжанға, сосын тағы Анджеллина Джолиге беремін. Ал қабыл алыңыздар, қыздар)