«Ерекше қызығушылығым» эстафетасы

«Ерекше қызығушылығым» эстафетасы
жеке
блог

«Эстафета таяқшасын алмағалы көп болды, енді тек түсімде көрсем арман жоқ» деп жүргенде мен жаққа қарай Мейіргүл сөз кезегін бұрып жіберіпті. «Ерекше қызығушылығым» тақырыбына жақын кезінде On.Kz сайтында жүргізілген бір эстафетасы болған-ды. Енді одан бері күн мен ай түгілі, жылдар өтіп кетті, сол себептен ескіні қозғамай көпшілік біле бермейтін қызығушылықтарымды айтайын.

Спортпен кәсіби деңгейде болмаса да өзім үшін шұғылданамын. Коньки тепкенді ұнатамын. Бірақ, мойындау керек соңғы кездері коньки тебуге уақыт таппай жүрмін. Жүзумен айналысамын. Болашақта сноуборд тебуді, үлкен теннисті жақсылап ойнауды армандап жүрмін.

Атқа, итке құмармын. Осы екі жануарға көңілім ерекше ауып тұрады. Өзімнің жеке атым болғанын қалаймын. Ал итім бар. Борсық деген. Таңертең жұмысқа шығарып салып, кешке күтіп алады. Алдағы күндері Борсыққа ермек болар тағы бір ит алмақшымын.

Келесі қызығушылығыма кеңінен тоқталғым келеді. Бала кезімнен іс тігуге, тоқыма тоқуға әуестенгенмін. Ара-тұра іс тігіп, бұйым тоқып қоятынмын.

Ал өткен жылдан бастап бұл іске қайта әрі оны белсенді түрде атқаруға кірістім. Оның себебі, елімізде 2012 жылы бастау алған шара, авторы белгілі фототілші Карла Нур. Шараның мақсаты – мерзімінен ерте дүние есігін ашып, өмір сүруге талпынған ерекше балақайларға жылулық сыйлау мен қолда көрсету. 500 грамм салмақта туылған баланың да өмір сүруге толық құқығы бар. Яғни, жүрегі мейірім мен нұрға толы ерікті жандар сол балалар үшін жылы бұйымдарды тоқиды. Біздің елде де мерзімінен ерте туылған балақайлар өмірге келіп жатады. Жүннен тоқылған бұйымдар инкубаторда жатқан балаларға тек жылулық сыйлап қана қоймай, олардың қан айналымына оң әсерін тигізіп, тыныс алуына ықпал етеді. Шара бастау алғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер қатары күн сайын толып, тоқылған бұйымдардың да саны артуда. Бұл шараға белсенді түрде Қазақстанның 9 қаласы қатысады. Басқа да қалаларда еріктілер табылып жатса, оған тек қуанамыз. Дайын бұйымдар қалалық перзентханалар мен облыстық ауруханаларға жіберіледі.

 Менің кезекті жұмысым)

Осы уақытқа дейін кішкентай балақайларды жылытып, өмірін сақтап қалуға ықпал ету үшін бір мыңнан астам бұйым тоқылды. Қолыңнан келсе, көмек көрсетіп, игілікті істер атқаруға асығу керек деп ойлаймын. Сондықтан да, массагет әлемінде осындай ізгілікті іске ат салысамын дегендер болса, мархабат! Ал тоқыма тоқи алмаймын, бірақ үйренгім келеді дегендер болса, хабарласыңыздар, төменгі жаққа өз пікірлеріңізді қалдырыңыздар, сіздерді қуана-қуана үйретемін. Ал шараға қатыса алмаймын, тоқыма тоқу қолымнан келмейді дегендер болса, еріктілерге жәрдем ретінде қаржылай көмек бере аласыздар. Сапалы әрі жұмсақ бір бума жіп бағасы 300-500 теңге көлемінде. Әрине, барлығы патша көңілдеріңіздің қалауы бойынша. Ешкімді қинамаймыз, тек қана балақайларға жәрдемдесуге шақырамыз. Сондай-ақ, еркітілердің жұмысын көргіңіз келсе, біздің клуб сайтына жол ашық - club28petel.kz немесе Facebook әлеуметтік желісіндегі «Клуб 28 петель» парақшасына қосылыңыздар.

 Назарларыңызға Фейсбуктағы "Клуб 28 петель" тобының ресми парақшасынан алынған суреттерді ұсынамын:

«Ерекше қызығушылығым» эстафетасын ары қарай жалғастырсын деген ниетпен сөз кезегін Сара Джессика Паркерге, Балдәурен Рахымға, Қостанайдағы Арайлымға, Айкона не Айжанға, сосын тағы Анджеллина Джолиге беремін. Ал қабыл алыңыздар, қыздар)