Бүгінгі алты Алашқа аты мәшһүр Егемен Қазақстанның тамыры көп біле бермес тереңде жатыр. Басылым жиырмасыншы ғасырдың он тоғызыншы жылдары «Ұшқын» атауымен көзі қарақты көрерменге жол тартты. Тарих қойнауындағы талай жылда тар жол, тайғақты да кешті, жеңілге желпінбей, ауырды да арқалады. Бірақ, ешқашан еңсесі түспеді, өлмеді керісінші жыл санап өрлей түсті.
Бұған, әрине сеп болған газеттің қажырлы еңбек еткен қайсар редакторлары. Расыменде, басылым- тарих сахнасына енгелі бері осал басшының қолшоқпары емес, мықтының қанжарына айналған.
Алғаш газетті санаулы ғұмырында сауаттылығымен көптің есінде қалған Т.Сәниев басқарды. Артынша, есімдері алтын әріппен санамызда сақталған С.Сейфуллин, М. Жолдыбайұлы, С.Садуақасов, Т. Рысқұлов, О. Жандосов, Ғ.Мүсірепов сынды тұлғалар басылым жұмысын дөңгелетіп әкетті.
Заты өзгермеседе басылым аты бірнеше рет ауысты. «Еңбек туыда» болды, «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», кейін «Социалистік Қазақстан» аталса, тәуелсіздік алар жылы «Егеменді Қазақстан» болып, мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылдың бірінші қаңтарында бұл «Егемен Қазақстан» атауына өзгертілді.
Газет шыққан уақытына қарай, сол заманда елде, одақта болып жатқан оқиғаларды, жаңалықтар мен жарлықтарды жариялап отырды. Қоғамда орын алған кез- келген жағдай редакция назарынан тыс қалмады. Атап айтар болсақ, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде болған Азамат соғысы ауыртпалығын сипаттай келесі жылдың жетінші қарашасында «Астық үшін күрес- социализм үшін күрес» мақаласы жариаланды. Мақалада соғыстың зардаптары, табиғаттың адамзатта теріс айналып, құрғақшылықтың болуы, салдарында егіннің бітік шықпай аштық ауыртпалығын қарапайым қара халықтың арқалағаны сөз болады.
Сонымен қатар, «Еңбекші қазаққа» жаңа бір лепті Ғ.Тоғжанов алып келді. Редактордың қазақты қара танымайтын надан деген пікірлерді жоққа шығарып, кінә кімде, кінәрады неде екенін ашып айтты.
-Қазақ газет оқымайды, газет алдырмайды дейді. Қолына тимейтін газетке жазылып не қылсын. Кінә газет басындағыларда. Олар сөзін жазып, баспаханаға бердік, блды деп йлайды. Ол шықты ма, жазылғандары жетті ме, бұл жағымен ісі жоқ. Бұл газет жұмысына партия тілегімен қарамағандықтан,- деді газеттің 1926-1932 жылғы басшысы Ғ.Тоғжанов.
Солай редактор ішкі жұмысы мен ұйымдастыру жағына орынды талап қоя, жұмысын иіріп әкетті.
Кейін, өлкеде индустрияландыру саясаты жүргізілді. Бұл кезде газетте «Құрылыс алаңында», «Түркістан- Сібір теміржолында», «Жұмысшылар тұрмысы» сынды көптеген жаңа айдарлар пайда болды.
Меніңше, басылымның ең өрлеген сәті Желтоқсан оқиғасының кезі және тәуелсіздік алар жылдары секілді. Оның үстіне, осы жылдары газетті Шерхан Мұртазаның басқаруы бұл ойымды дәлелдей түскендей.
Шынында, Шерағаң басқарған жылдары газетте тың әрі батыл өзгерістер орын алды. Оның бірі, басылым атауы мен сол кездегі әр басылымда болған «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» атты ұранның, тоқсан бірінші жылдың он сегізінші маусым күні шыққан санында «Егеменді Қазақстан» атауымен бірге, «Азаттық. Теңдік. Туыстық!» ұранына өзгертілуі.
- Газеттің аты мен ұраны нарықтық экономика дейтін әзірше қысылтаяң шақта өзгеріп отыр. Біздің мың сан қалың қауым оқырмандарымыз газеттегі бұл өзгерісті дұрыс түсініп, бұрынғыша достық пейіл танытады, қол ұшын беріп қолдайды деп сенеміз. Ал «Егеменді Қазақстан» өз кезегінде сол қалың қазақ оқырмандарының сенімін ақтап, әрқашанда оның көкейкесті мүддесін қорғаудан танбайды,- деді газеттің редакция алқасы.
Тілге тиек ететін тағы бір жайт, Шерағаң –ов, -ев жалғауларынан алғашқылардың бірі болып құтылған жан. Мысалы, тоқсан бірінші жылдың алғашқы жарты жылдығында газетте «Бас редактор Шерхан МҰРТАЗАЕВ» деп көрсетілсе, сол жылдың тамыз айындағы жүз сексен төртінші санында «Бас редактор Шерхан МҰРТАЗА» делінген. Бұл сөзімізге, Нұртөре Жүсіптің «-ов тан оңай құтылдық» мақаласы да дәлел бола алады.
Бүгінде «Егемен Қазақстан» қоғамдық саяси басылымға айналып, озық ойлы оқырманынды дәлелді әрі шынайы ақпаратымен дер кезінде қамтамасыз етуде.
Тарихы терең басылымның өміршең газетке айналатынына еш күманім жоқ.
Назерке Альбертқызы
Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің
студенті