Еңлік құрбым! Massaget.kz сайтында 2013 жылы 5 қазанда жарық көрген «Ауыл – алаштың анасы» атты шағын көлемді мақалаңды оқыдым. Мақалаңды оқыдым. Оқыдым да налыдым.
Ұнағаны: Сенің қолданған ұтқыр сөздеріңді оқығанда көз алдыма ауыл, «қияғы қылыш секілді, құрағы ырыс секілді, төбе-дөңдердің етегінде» орналасқан әкем туып-өскен үйді елестеттім. Тақырыбыңа орай суретті де сәтті таңдағансың. Суретке қарап та үйіміздің «тұяғы жұмсақ малын» да сағынады екенсің. Сенің кереметтігің сонда, Еңлік! Оқырмандарыңа айтқың келген ойыңды түсінікті етіп, әсерлі етіп жеткізесің. Қарапайым десек те, қарабайыр емес.
Налыдым. Жоқ, өзімді кінәлі адамдай сезіндім. «Шөбі майса, жұрты жайса» ауылыма жылда мектеп бітіріп, демалысқа шыққанда барып тұратынмын. Сонда, білесің бе, Еңлік? Ауылда бір құрбым болатын. Жазда мен ауылға демалуға барсам, ол қалаға демалуға кетіп қалатын. Қызық, солай емес пе?! «Ауыл алаштың-анасы, әрі панасы. Бүкіл қазақтың «қаймағы» ауылдан шықты. Ауыл оларды өсіріп, олар ауылды көтерді. Енді, жастар да ауылды көркейтуі тиіс», - деп жазыпсың мақалаңда. Иә, шындығында еліміздің болашағы - жастар. Жаңағы айтып өткеніміздің өзі сол кездегі елімізде урбанизация процесінің қарқынды дами келе, шарықтау деңгейіне жеткенінің айғағы.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы сөз қозғағаның да орынды. Сенің айтқан сөзіңнің жаны бар. Шынтуайтына келгенде, мен де қолыма Құдай бұйырып , Алла жазса дипломымды алғаннан кейін ауылға бармас едім. «Еліміздің болашағы жастардың қолында деп ұран салып жастарды көтеріп жатқанда, кері тарттың», - деп айыптамағайсың мені. Менің айтқаным да шындық қой. Көпшіліктің де менің сөзімді құптайтынын білемін. Қалада барлық технологияларды дамыта берейік, адамдар шаршағанда ауылды сағынып өздері-ақ іздеп барады. Осындай ой да келді кенет. Айтпақшы, Еңлік, осы жайлы, яғни осы мақалаңды кеңейтіп, неліктен ауылға бармаймыз, қала қарбаласы сынды тақырыптармен біріктірсең үлкен ғылыми жұмыс болып шыға келеді.
«Ауылдың көркеюі – еліміздің өрістеуі», - деп аяқтапсың. Жарайсың! Осы бетіңнен тайма! Менің ұсыныстарымды да ескере жатарсың.
Рухани серіктесің: Гүлім Рысқұлова