«ЕҢЛІК – КЕБЕК». ПЬЕСА ТАРИХЫ. 4-парақ. 2-бет

«ЕҢЛІК – КЕБЕК». ПЬЕСА ТАРИХЫ. 4-парақ. 2-бет
жеке
блог

Бір күні: «Абайдың баласы Тұрағұл үлкен қызы Ақиланы Оразбайдың баласы Саниязға ұзатады. Шілде айында үлкен той жасамақ», – деген хабар қожаның ауылына келіп жетті. Мұхтардың осы кезде «Еңлік – Кебек» атты пьесасын жазып болған кезі еді. Бұл хабарды естігеннен кейін Мұхтар Ізкәйіл, Сірәйіл, Жебеш, Мүбәрак, Ақкенже, өз туысы Ахмет пен басқаларын үйге шақырып алып: «Мына Тұраш ағамның ең үлкен қызын ұзатқалы отырған тойына біз, жастар, ең үлкен бір сый көрсетелік. Оразбайдың ауылынан келген құда-құдағилар бір таңғалып кетсін. Бұл сый не десеңдер, мен «Еңлік – Кебек» пьесасын жазып бітірдім, осыны тойға арнап қоялық», – деп еді, Ізкәйіл: «Мұхтар-ау, мұндай пьесалар орыстың сахналарында ғана қойылмаушы ме еді, біз ойнаушыларға киімді, гримді және басқаларын қайдан табамыз?» – деді. Бұған Мұхтар: «Ол жағынан сендер саспаңдар. Осы «Еңлік – Кебекті» ең алдымен елге қоямын деп бірнеше пьесадағы ойнаушыларға керек нәрсені қаладан өзім ала келдім. Ал киімдерді ауылдан-ақ тауып аламыз», – деп, ойнаушыларды белгілей бастады. Еңлік рөлін ойнайтын қыз табылмады, сондықтан оны Ахмет ойнайтын болды.

 Тұраш Абай

Мұхтар ойнаушылардың барлығын жинап алды да, «Еңлік – Кебек» пьесасын оқып берді. Жиырма күндей оларға репетицияны өзі жүргізді. Құдалар келіп, той басталды. Ат жарысы, күрес, лақ тарту, ат үстінде жерден теңге алу ойындары болды, тарқар алдында Мұхтар және басқалары алты қанатты үш үйді қатар тіккізіп, бір-бір керегелерін алғызып тастады да, төбесіне туырлық салғызды. Сөйтіп, сахнада ойнаушылардың үйін түгел киізбен жапқызып, үлкен шымылдық құрғызды. Бұл алты қанатты үш үйден 200 адамдық үлкен зал шықты, керегелердің арасынан көруге де мүмкіншілік болды. Ел әбден жиналып болғаннан кейін Мұхтар екі сандықты бірінің үстіне бірін қойып үстіне шықты да, жиналғандарға қоятын ойындары «Еңлік – Кебек» пьесасы жөнінде түсінік берді. Ойын басталды. Мұхтардың өзі суфлер болып отыр. Әр шымылдық жабылған сайын оның өзі елге түсінік беруде: ойын сондай қызықты болды білем, кейбір шал-кемпірлердің жылап жіберген кездері көп кездесті.

Спектакль біткеннен кейін келген адамдар Мұхтарға барып: «Қарағым, өркенің өссін. Қалай ойлап таптың? Біз «Еңлік – Кебектің» хиссасын естігеніміз болмаса, тап осындай көзіміздің алдына елестеп көрінеді деген жоқ едік. Арманда кеткен марқұмдарды бұлай көрсеткеніңе үлкен рақмет. Шынында, сол кезде біздің Тобықтыда сондай жан аямастық болғаны рас», – деп Мұхтарды орталарынан жібермей көп ұстады.

Ескерткіш

Той біткеннен кейін Мұхтар 1916 жылы айттырып қойған қалыңдығы Райханға бармақшы болды. Сөйтіп, бес-алты жолдасымен Шыңғыстың ар жағын жайлаған Кәкен ауылына барып бірнеше күн жатып, елге келгеннен кейін қайтадан Семейге жүріп кетті.

Бұл 1918 жыл. Мамыр айының аяқ кезінде Разақ Семейге кісі жіберіп, жазғы каникулға шыққан Мұхтарды ауылға алдырды. Біраз демалып, жолдастарымен әбден көңілін көтергеннен кейін бір күні Мұхтарды шақырып алып: «Қарағым, сен келердің алдында мен Кәкен ауылына барып келісіп қайттым. Өзіңмен бірге баратын жолдастарыңды дайында, барлық ырымын мен әзірлеп қойдым. Енді барып келінді алып келу керек», – деп еді, Мұхтар қарсылық жасаған жоқ. Разақ басында құда түскендегі 30 түйе қалың малды екі жылдың ішінде түгелімен беріп болған.

Мұхтар өзінің замандасы, домбырашы, әнші, скрипкашы Сірәйіл мен Ізкәйілді ертіп бір топ адаммен келіншегін алып келуге жүріп кетті. Разақ маңайындағы елдердің барлығына хабар беріп, оншақты үй тіккізіп, басы туа бие, екі-үш тай, семіз еркек қойларды атап, үлкен дайындық жасап жатыр. Мұхтар қайын жұртында жолдастарымен бір жұма жатып, қазақтың ырымы бойынша барлық әдетін істеп, келіншегі Райханды құда-құдағилармен алып келердің алдында Өмірзақты алдын-ала елге жіберіп, Разаққа хабар бергізді. Әбден дайындалып отырған Разақ құдалардың келетін күнін тосып отырып, көш жерден алдарынан топты еркек, әйелдерді жіберіп қарсы алды. Сөйтіп, ол жалғыз інісі Мұхтардың үйленгеніне үлкен той жасап, ат шаптырып, көкпар беріп, күрес жасап, бірнеше күннен кейін құдаларды риза етіп аттандырды.

Үйленгеннен кейін Мұхтар бұл жолы жылдағыдай Семейге ерте кетіп қалмай, сабақ басталар кезде ғана жүріп кетті. 1918 жылдың аяғы мен 1919 жылдың басы ақ бандылардың қашып жатқан кезі болатын. Бұл уақытта Мұхтар Семей губисполкомінде секретарь болып істеп жүрді де, осы жағдаймен ол қаңтар айында болатын қысқы каникулға келе алмады. Қытай жаққа қашып бара жатқан ақ бандылар біздің ауылдың және басқалардың үстімен өткенде елдің мазасын алып жүрді. Олар ауылға тобымен түсе қалып, малға беретін шөпті, жемді, аттарына шашып салып, қысқа дайындаған еттерін қазан-қазанға асып бүлдіріп кетті.

1919 жылдың ақпан айында Мұхтар сырқаттанып ауылға келіп жетті. Бұл кезде ақ бандылардың саябырси бастаған кезі еді. Сонда да қыста қолда ұстайтын 2-3 атты ауылдан 4-5 шақырым жердегі жардың төбесін жауып, қалың қарағанның ішіне жасырып ұстайтынбыз. Осы кезде ауылға келген Мұхтар таңертең және кешкі мезгілде далада біраз жүріп келеді де, күні бойы жазу жазып, кітап оқып отыратын болды.

«Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» кітабынан

 Қосымша:

Еңлік пен Кебек туралы хикаялар XVIII ғасырдан бастап ел арасына кең тараған. Алғашқы жазба дерек 1892 жылы «Дала уәлаяты» газетінің отыз бірінші және отыз тоғызыншы сандарында жарияланған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген мақалада келтіріледі. Бүгінгі күнде жыр түрінде жеткен «Еңлік – Кебек» дастанының екі нұсқасы белгілі. Оның біріншісі – 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жеке кітап болып жарық көрген Абай ұсынған тақырып бойынша Шәкәрім жазған «Жолсыз жаза яки кез болған іс» деген шығарма да, екіншісі – Мағауия Абайұлы жазған «Еңлік – Кебек» дастаны. Шәкәрім нұсқасы 1988 жылы қайта жарық көрді. Бұл поэма 652 жолдан тұрады. Мұхтар Әуезовтің жеке кітапханасында сақталған Мағауия Абайұлы дастанын 1941 жылы Қайым Мұқаметханов баспаға әзірлеген. Бұл қолжазба тек 1960 жылы баспадан шығарылған «Дастандар» деген жинақта алғаш рет жарияланды. Әуезов осы дастанның арқауымен трагедия жазған болатын.

Тұрағұл Абайұлы (1875-1934)әдебиет зерттеуші, аудармашы, қоғам қайраткері. Тұрағұл Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов сынды Алаш қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болған. 1922 жылдан бастап біржола шығармашылыққа бет бұрған. «Әкем Абай туралы» естелік кітабы қазақ әдебиетінде естелік жазу жанрының басы болып саналады. Тұрағұл бұл еңбегін М.Әуезовтің өтініші бойынша жазған. Тұрағұл ағылшын жазушысы Джек Лондонның «Эскимос Киш» әңгімесін, орыс жазушылары М.Горькийдің «Челкаш», А.С.Неверовтың «Марья-большевичка», «Мен өмірге жерікпін» атты әңгімелері мен Б.Прустың «Антек» деген шығармасын қазақ тіліне аударған. «Челкаштың» aудармасы «Таң» журналының 1925 жылғы сандарында жарық көрген. А.С.Неверовтың аталмыш екі шығармасы «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» деген атпен Мәскеуде 1927 жылы жеке кітап болып шыққан. Қалған аудармалары да Мәскеудегі баспаларда жарық көрген. Тұрағұл Джек Лондонның «Мартин Иден» романын аударған, бірақ қолжазбасы сақталмаған. Тұрағұл немере ағасы Кәкітаймен бірге әкесі Абайдың шығармалар жинағын 1909 жылы Петербургтен алғаш рет кітап етіп шығарды. Тұрағұлдың ақын ретінде де танылып, «Алладан мен қапа боп тілеген күн», «Хат», «Әбішке», «Жауап хат» және т.б. өлеңдер жазып қалдырған. 1928 жылы Шымкентке жер аударылған Тұрағұл ауыр азап үстінде дүниеден өтеді. «Әкем Абай туралы» естелігі 1993 жылы Б.Байғалиевтің құрастыруымен жеке кітапша болып шықты.

Ақылия (Ақыш) Оразбаева (Ғақылия, Ақила) (1901-1990) – Тұрағұлдың қызы, Абайдың өз қолында өскен немересі. Ақылияның шілдеханасында Оразбай құтты болсын айта келіп, Абайға немерелер татулықтың ұйытқысына айналсын деген тілекпен бесік құда болуға өтініш білдіреді. Абайдың өсиеті бойынша Ақылия бойжеткен соң, Оразбайдың Медеу деген баласынан туған Санияз есімді немересіне тұрмысқа шыққан. Жастардың 1917 жылғы шілде айының 7-сі күні Ойқұдықта өткен некелесу тойында М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесасы қойылады. Абай төңірегіндегі Әуез, Әйгерім, Омархан, Шәкәрім, Көкбай сияқты кісілерді жақын біліп өскен Ақылия кезінде Әуезовке мол құнды деректер берген. Абай аулына А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтар әрдайым келіп, Ақылия қолынан дәм тататын. 1918 жылдың қысында Шұнайдың бауырындағы Садыр қыстағында отырған Санияз бен Ақылияның үйінде денсаулығы нашарлаған С.Торайғыров бір қыс жатып, қымызбен емделіп қайтады. С.Торайғыровтың бірқатар жырлары осы кезеңде жазылған. Ақылия Алматыдағы Опера және Балет театрында ұзақ жылдар бойы Уәсила екеуі Абай ауылы, Абай заманы, Тобықты елі киім үлгілерін тігетін бірден-бір шебер болды. Ақылияның Абай жайындағы естелік әңгімелері Қ.Қуанышбаевтың ақын бейнесін сомдауына көп әсерін тигізді. Ақылияның Оразбай-Абай ауылдарында болған қиян-кескі оқиғалар туралы естеліктері Абайдың әдеби-мемориалдық музейі қорында сақтаулы.

Аймағамбетов Ақкенже (1896-1932) – Алашорда азаматы. Дәулетті отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінен мұсылманша оқып білім алған. Алаш қозғалысына қатысқан. 1917 жылдан кейін уездік, облыстық қазақ комитетінің жұмысына араласып, қаржылай жәрдем берді. Шыңғыстағы «Талап» игілік ұйымының құрылтайшысы болды. Мұхтар Әуезовтің басшылығымен киіз үйде алғаш қойылған «Еңлік – Кебекте» Кебектің рөлін ойнады. 1918 жылы Семейде құрылған Алаш әскерін көлікпен, ақшалай қаражатпен жабдықтауға зор үлес қосты. Қызылдармен шайқаста қол бастап, майданға аттанды. Ақкенже Тұрағұлмен бірге қызылдарды Семейден Рубцовкаға дейін қуған соғыста болып, ерлігімен көзге түсті. Ол Алаш қозғалысының белсенді азаматтарына, олардың отбасына, шәкірттерге, аштыққа ұшыраған Жетісу, Сырдария қазақтарына азық-түлік, қаражат жағынан көмектесіп тұрды. 1928 жылы тәркіленіп, отбасымен Сырдария округіне жер аударылды.

Киіз үй – қазақтың ұлттық баспанасы. Бұрынғы хан-сұлтандар мен атақты байлардың үйлері 8 қанаттан бастап 30 қанатқа дейін болатын. Бұларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруа мен кедей шаруаларға тән киіз үйлерді алты қанат ақ үй, боз үй, қоңыр үй, қара үй, жаба салма, көтерме туырлықты,  күрке, қамсау (шошала), отау, итарқа, жаппа деп атаған.

Киіз үй Кереге

Кереге кесілген ағаштарды тор көздеп көктеп құрастыру арқылы жасалады. Оның әрбір бөлек қабырғаларын қанат деп атайды. Қанатқа көктелетін жеке-жеке ағаштарды кереге деп, ал қоспаларында болатын қысқа керегелерді сағанақ деп атайды. Керегелер торкөз, желкөз деп екі түрге бөлінеді. Торкөзді керегенің ағаштары жиі көктеледі, көздері тар, 20-22 басты болып келеді. Желкөз сирек көктеліп, көздері ісең, бастары 17-21 болып келеді. Керегелер тез керіліп жазылады, тез жиырылып жиналады және жайған кезде жарты шеңбер жасап дөңгелене қалады.