Енеңіз қандай жан?

Қыздардың көпшілігі күйеуге шықпай жатып, өз сүйген жігітін өмірге әкелген асыл жанды көрмей тұрып, енесімен бір шаңырақ астында тұрғысы келмейтінін айтып шағымданады. Өйткені, олар өмірде келінін қызындай көріп, анасын жоқтатпай маңдайынан сипап отыратын енелерге қарағанда, келін байғұсты отырса опақ, тұрса сопақ етіп күн бермейтін енелер көп екеніне куә болған.

Ғұмырдың ащысы мен тұщысын толық татып үлгермеген, ыстық-суығы басылмаған, жаңа құрылған жас шаңырақтың түтіні түзу ұшуына, керегесі мен уықтары берік болуына енелердің тікелей қатысы бар.

Кей адамның кісілік келбетін сөйлеген сөзі мен еткен ісінен тануға болады. Төмендегі әр түрлі енелердің монологын оқи отырып, ене мен келін арасындағы түсініспеушілік азаюына сеп боларсыз деп ойлаймыз. Сонымен, сіз қандай енесіз немесе болашақта қандай ене боласыз?

Аузынан ана сүті кеппеген келінімнің балалығы мен шалалығы көп. «Қыз – өз үйіне қонақ» деп, қастерлеп, су әкелу мен шай құюдан өзге жұмысқа жұмсамайтын қазақтың ұрпағымыз ғой. Үй шаруасын түгелдей өзім үйреттім. Бар істі біртіндеп игеріп келеді. Ал, сырт көз сыншыларға келінім барлығын өзі істейді, қолынан келметйіні жоқ деп айтамын.

Құдағай келінге түк үйретпепті. Әр ісіне ескерту жасап, жүйкем тозып бітетін болды. Мұны ешкімнен жасырудың да қажеті жоқ. Сәл ағат басса, балама айтып, сазайын тартқызбасам болмайды. Жалғыз балам бұрын мені ғана жақсы көруші еді, қазір сол шүйкебастың ырқынан шықпайды.

Келінім біздің үйдің табалдырығын аттағаннан бастап, мойнына бар шаруаны іліп қойдым. Алдымен өзін ширатып алайын дегенімді түсінген болуы керек. Бір қабағын шытпастан, бар шаруаны күліп жүріп істеді. «Мама», «мама» деп елжіреп тұрғанына ішім жылып, өзім де көмек көрсете бастадым. Бірдеңені бұрыс істесе, оңашада қалай істеген жөн екенін ақырын айтып түсіндіремін. Өзегімді жарып шыққан балапанымның ұнатып әкелген адамы болған соң, ол да өз балам сияқты. Қандай болса да, балам сүйген баланы мен де жақсы көруге тиіспін.

Баламның баласы – менің де балам. Немерелерімді келініме сүйгізбеймін. Балабақшаға да бергізбей, бауырыма алып жатып, өзім бағамын. Қалағанымша еркелетемін.

Келінім әлі жас. Салт-сананы сіңірмеген орыс қолды отбасында өскен. Жас келін етек-жеңін жинақы ұстап, жабық киім кию керек деп үйрете алмадым. Жаулық салу дегенді естігеннен-ақ ит көрген мысықтай күжірейіп, тыжырынып шыға келеді. Сәл артық сөз айтсаң, жүгін жинап, төркініне кетуге дайын тұрады.

Жасымыз ұлғайған сайын бала секілді қылықтар шығарғанымызды байқаймын. Артық сұрақ қойсақ не шайды төгіп алсақ, кішкене бірдеңе бүлінсе, келінім дауыс көтеріп, жекіп тастайды. Өзім ештеңе емес, еріме жаным ашиды. Балама айтайын десем, екеуі келіспей қалып, шиіттей немерелерімізге кесірім тие ме деп қорқамын. Жарайды, келінім басына түскенде өзі түсінер.

Мен оны өзгеге жамандағанмен басқа біреу жақсы келінін әкеп бермес. Кісіге келінімді жамандасам, бойымдағыны сіңіріп, өз ыңғайыма баули алмаған өз қателігім. Сондықтан өзге тұрмақ, өз баламның да келінім жөнінде жағымсыз пікір айтуына жол бермеймін.



Бөлісу: