Енді "таксовать" етпеспін...

      Әңгіменің бәрі таксиден шығайын деп тұр. Қазіргі заманда біздің елде он көлік жүргізушінің біреуі такси болып көрді десем өтірік емес. Олардың біреулері таксиден жанұя қамы деп нәпақасын тауып жүрсе, біреулері жай ғана ала кетейін немесе бензинімді толтырып алайын деген ниетте таксист қызметін атқарады.

      ...Осыдан бірер жыл бұрын жайдары бір түнде 3 жолдас болып қала ішінде бір отырыстан келе жатырғанбыз. Орта жолдан 30-35 жас шамасындағы жігіт ағасы қолын көтеріп, жанына тұра қалдық. Досым алдыңғы терезені ашты. Жаяуымыз "....." көшесіне 400 теңгеге жеткізіп салуды өтінді. Рөлдегі досым риясыз қуанып келісе кетті. Мен артқы орындықта отырғанмын. Менің қасыма жайғасты. Ішімдік ішкен екен, салонды иісі алып кетті. Діттеген жеріне апардық. Ортасы асфальтталмағандықтан көшеге кіру мүмкін емес. Көшенің бергі бетінен түсемін деген Жаяуымыз көшенің арғы бетінен түсір деп дік еткізді. Жә, "клиент всегда прав" деген қағидамен үнсіз ғана көшенің арғы басына айналма жолмен апардық. "Келдік, аға!" деген сөзді естісімен, оң жағымда отырған Ол есікті ашып, түспекші болып жатыр. Сасқанымнан "Ақшаңызды төлеңіз!" деп иығынан қапсыра құшақтап алдым. "Иә, иә, төлеймін!" деп, сол қолымен қалтасынан темекі талын шығарып маған ұсынды. "Темекіңізді қалтаңызға салып қойыңыз" деп қолын итеріп тастадым. Төлейтін болды ғой деген оймен оң қолымен қалтасын ақтарып жатқан оның иығынан қолымды жинап алдым. Көзді ашып-жұмғанша ол қалтасынан кнопкалы кездікті жарқ еткізіп суырып алып, бетіме қарай сілтеп қалғаны. Жан дәрмен пышақ жүзіне жалаң қолмен жабысып кеттім. Ойбуу, апыр-топыр қоян-қолтық жанталас басталып кетті. Құдды бір кинодағыдай дерсің. Оң қолыммен пышақтан айырылмай, сол қолыммен оның бетінен төпелеп ұрып жатырмын. Алдағылар түсініп үлгермей жатыр. Зорға дегенде еңгезердей пәлені құлатып, пышағын тартып алып, тепкінің астына алдым. Жанымдағылар әрең тоқтатты. Содан машинаға мініп тайып тұрдық. Шоктың әсерінен саусақтарыма мән бермеппін. Көліктің еденін қан жуып кетіпті. Медқобдишадағы "зеленкамен" сүртіп-сүртіп байлап тастадық. Рөлдегі досымның көздері алайып кеткен, зәре-құты қалмаған. "Енді "таксовать" етпеспін" деп өлердегі сөзін айтып жатыр...

     Бұл менің ғана басымнан өткен бір ғана жағдай. Нан табам деп шыбын жанын шүберекке түйіп жүргендер қаншама?! Машина алып, таксист бола салу оңай шаруа емес. Ойланайық, олардың еңбегін бағалайық...

(Көліктің артқы орындығында келе жатып жазғандықтан ойым шашыраңқы болып, жинақтай алмаған секілдімін. Қатем болса кешіріп қойыңыздар)



Бөлісу: