Түнгі сағат: 02.43. Үнсіз жатқан телефоным безілдеп, шырылдай жөнелді. «Түн ортасында хабарласып тұрған бұл кім екен? Қоңырауымда басқа ән тұрған еді ғой. Шынымен менің телефоным ба шырылдап жатқан?» деп таңырқай қолыма телефонымды алдым. Ұмытып кетіппін ғой, кезінде сен екеуміздің жұбымыз жарасып жүргенде, «Жалын» тобының орындауындағы «Махаббатым» деген осы әнін тек сенің ғана қоңырауыңа қойғанымды. Ән қандай керемет болса, сенің маған айтылатын сөздеріңде сондай тамаша еді. Ұйқылы ояу жатқан мен, телефонымның экраннан сенің суретің мен номеріңді көргенде аңтарылып қалдым. Өңім бе әлде түсім бе... Осындай ойдың жетегінде отырғанымда, қоңырау мерзімі бітіп қалды. Сен мені іздеп, сағынып жүрсің бе? Елдің бәрі шырт ұйқыда жатқанда, түннің ортасында қоңырау шалу сенің әдетің. Үнемі менің түнгі ұйқымды бөліп, менің дауысымды естіп, жағдайыма қанық болмайынша тыныш таппайтынсың. Сол күндерді еске алсам, қазір бәрі түс сияқты көрінеді. Екеуміз жарасып жүрген күндердің бірінде таңғы 05.00-де мен тұратын үйдің алдына келіп, «Гүлнұр! Гүлнұр! Шықшы далаға, мен сені көргім келеді» деп бүкіл ауланы басыңа көтеріп, айқайлағаның әлі есімде. Достарымыздың тойына барғанымызда, өзге жігіттерден қызғанып, мені алып кетіп қалатынсың. Тіпті бөтендермен бірге билеуге рұқсат етпейтінсің. Әсеттің тойы есің де ме? «Жетісайлықтар алып қала ма деген қорқынышым бар. Сондықтан бүгін түнде мұнда қалмай, менімен бірге қайтшы» деп өтініш білдіріп едің. Сол тойда екеуміз аққаудай жарасып, жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Тіпті би алаңына ең бірінші болып екеуміз шығып, келген қонақтарды өзімізге қараттық. Менің сол кездегі ұялғаным-ай... «Әлі ешкім шықпады ғой билеуге, ұят емес пе? Кейінірек билейікші, елдерде жиылсын ортаға» деген сөздеріме құлақ аспай, «мейлі, оларды күтіп тұра бермейміз ғой. Жиналған барлық қонақтар екеуміздің биімізді тамашаласын. Кеттік.» деп қолымнан жетелеп ортаға алып шықтың. Қайта оралмас, бақытты күндер десеңші...
Сені соңғы рет туылған күінмде көрдім. Қолыңа гүл алып, келіп едің мені қуантып. «Төрге шық» дегенімде, «Жоқ, мен сенің қасыңда отырамын. Төрге басқалар шыға берсін » деп күлімдеп менің қасыма жайғастың. Неге екенін білмеймін, сол күннен бастап саған деген көңілім өзінен өзі суынып, тілдескім келмей қалды. Саған деген сезімімнің су сепкендей басылуына ешқандай себеп жоқ. Қаншама күндер бойы дамылсыз қоңырау шалсаң да, тұтқаны көтеруден бас тарттым. SMS хаттарыңда толласыз келіп жатты. Өкінішке орай, менен жауап болмады. Осылайша себепсіз, жолымыз екіге айырылды. Бірақ есіңде болсын, мен сені әлі ұмытқан жоқпын. Сенің атыңды естісем, жүрегім елең етіп отырады. Басталмай жатып, тез сөнген махаббатым үшін мені кінәламашы. Өтініш!
Осындай ой жетегінде отырғанымда, телефоным қайта шырылдады. Бұл тағы да сен. Тұтқаны көтеруге жүрексініп отырсам да, дауысыңды естігім-ақ келіп тұр. Мендегі дәл қазіргі жүрек дүрсілін есітісең ғой шіркін... Ойлана келе жауап беруге бел буып, бар күшімді жиып, ақ соткамның жасыл тетігін бастым. Мен әлсіз үнмен «иә, тыңдап тұрмын». Біраз үнсіздіктен соң «Гүнұр-аууу, барсың ба? Маған сенің дауысыңды есту, мұң болды ғой» деп әңгімені бастап кеттің. Осылайша әңгімеміз жалғасын тауып, біраз сырдың басы ашылғандай болды. Қанша тырыссам да ішкі жан дүнием сенімен бірге бола алмайтынымды сездіреді. Солай жаным, енді мені мазаламашы... сен мені жақсы көрсең де, мен сені жақсы көрсем де бәрібір бірге бола алмаймыз!!!