Ешкім тиіспесінші маған. Ешкім сөйлемесінші. Жалғыз қалғым келеді. Оңаша.
... Бір күні таңда оянып, оны сүймейтініңді ұғыну қандай қиын еді?! Жүрегім бос, жанарым жылусыз, өмірім мағынасыз қалғандай. Апырай, құр сүлдерім қалыпты-ау! Өмірімнің шуағы тек махаббат екен ғой.
Енді келме. Осы сөзді айту үшін қанша оқталдым екен?! Сезім тұнған көздеріне арбалып, кіршіксіз болмысына төтеп бере алмай өзімнен-өзім жанарымды жан-жаққа алып қашып, алқынатыным-ай... Батылым жетпеді. Тағы да.
Ол ештеңе сезер емес. Әдеттегідей әдемі әңгімесін айтып, жымиып қояды. Ауық-ауық сүйретіліп үнсіз келе жатқан маған қиығымен көз тастап, әңгімесін жалғастыра берер еді.
«Соншалықты бейғам болармысың? Өзің-ақ қалай сезбейсің?» Іштей сөгем. Оны. Әңгімесі үзілер емес. Сөзшең екен ғой. Қалай байқамағам бұрын? Ұнамайды. Сөзшеңдер ұнамайды! Ұнатпаймын!..
Қалың оймен келе жатып, үйге жеткенімізді байқамай қалыппын. Тоқтаусыз жүріп, үй тұсынан өтіп бара жатыр екем. Қолымнан ұстап тоқтатты.
Көзіме түскен шашымды қайырды да, ұзақ қарап тұрып:
-Тыңдап тұрмын, - деді. – Айта ғой...
Сезбейді деппін. Бәрін сезіп келеді екен. Бәлкім... Сол күні-ақ сезген шығар?!
Банағы әдемі әзіл иесінен түк қалмаған. Қарсы алдымда нені де болса көтеруге дайын алып кейіп тұрды.
Сол бір екі сөз көмейімнен шықса-шы. Соншалықты әлсіз екем ғой. Соншалықты бейшара екем ғой!
-Хм... Енді келме!
Әлсіздік пен бейшаралық туралы ой келгені сол екен, сағаттар бойы кептелген екі сөз өзінен-өзі атып шықты. Қараңғы түн көңіліммен бірге күңіренгендей бір күрсініп қойды. Жарықтық түн неге сонша қараңғы болады десем? Құпияларды жасыру үшін екен ғой!
Арамызда өлі тыныштық орнап, секундтар сағаттарға созылды.
Қымбатыңның құнын жоғалтқанда бір-ақ білерсің деген.
... Келесі таңда мен одан өзге ешкімді сүймейтінімді ұқтым.
Кеш еді...
Сурет: vk.com