"Сүйісу тозбай тұрмайды, Еңбекке аз күн татымас"
Абай
Адамдардың статусы оның оқу орнына, жұмысына көп байланысты. КазГУ-де оқимын деу ЖенПИ-да оқимын дегеннен күштірек, КИМЭП-те оқимын деу КазГУ-де оқимын деуден күштірек. Ұшақпен жүрдім деу пойызбен жүрдім деуден күштірек. Күндіз жұмыстамын деу үйдемін деуден күштірек. Машинаның бар екені машинаңның жоқтығынан күштірек...
Сонда деймін да, адамның кісілік келбеті адами болмысы осындай белгілі бір нәрселерге көп байланысты болғаны ма? Адамның адамшылығы, жалпы бет-бейнесін айтам...
"Дүние – қолдың кірі" деп алып, бәріміздің осы күні айтатынымыз, ойлайтынымыз ақша болып кеткенін мойындау керек. Шіркін, балалық шақты айтсаңшы?! Тамақ қайдан келіп жатыр, ақша қайдан келіп жатыр, ондай дүниеге тіпті бас қатырмайсың. Рахат. Тіпті ақшаның не екенін білмей өстік қой. Кейін студент болып тиын санай бастағанда ғана... Сіз де сөйткен шығарсыз?
Соңғы кезде Абайға қатты таңғалып жүрмін. "Пәлі, өлеңдерінде ұйқас жоқ қой, неге бәрі Абайды оқы дейді?" деген кездерім болған. Ол кезде Абайды түсінуге, түйсінуге өрем әлі жетпеген болса керек. Бала кезде не түсінерсің? Абай дананың, Абай данышпанның менің көңілімде қордаланып, сыртқа шыға алмай жүрген ойларымды бір түйінмен жайып салғанына таңғала отырып, күннен-күнге Абайды сүйіп барам... Сол Абай "Пайда ойлама, ар ойла" деп айтып кетсе де, қазір заман адамды адастырып бара ма білмедім, пайдасын күйттемей жүрген бір адам көрмедім. Пайдасын күйттемей жүрген адам – бұл күні есі ауысқан ақымақ біреу не қолынан ештеңе келмейтін жалқау. Шындыққа тура қарайықшы, сізге мың том кітап пен мың доллардың екеуінің біреуін берем десе, қайсысын таңдайсыз?! Мың доллар біреудің қолын сүртіп тастайтын "жаулығы", ал біреулер үшін бүкіл денсаулығы, сол сәттегі өмірі, тынысы, талпынысы, керек десеңіз, өмірінің мәні! Бұл күні ар, білім, ілім, іздену, өз-өзіңмен жұмыс бәрі ақшаның жанында адыра қалғандай. Сәтекемнің тілімен айтқанда, босағадан сығалап тұрғандай...
Түптің түбінде бәріміздің іздейтініміз жанның тыныштығы, құлақтың тыныштығы, ешкім мазаламаса екен, ешкім түртпектемесе екен, нанымды тауып жеп, берекелі өмір сүрсем деу емес пе? Аз волюнтаристердің қатарын толықтырып, өз-өзіңе қожайын болу емес пе?!
"– Сеніңше, мен Лондонда не бітірем?
– Бақытты боласың!"
Марк Левидің "Кім-кім де сүйгісі келеді" кітабы осылай басталады. Кітаптың ортасына қарай ол расымен Лондоннан бақытын табады, бірақ кітапты әлі бітірмегендіктен, Матиастың өмірі әрі қарай не болғанын білмедім...
Өзімді осы Матиастың орнына қойып көрсем, мен де Алматыға бақытты болам деп келдім. Айырмашылығы – маған оған айтқандай бақытты болуыма ешкім кепілдік берген жоқ. Дегенмен мен де әрі қарай өмірімнің не боларын білмеймін ғой...
Бұл күні догмам – Еңбек!
Сурет: facebook.com