Еңбек еткіміз келеді!
блог
Қазақстан 25 жылдық өткелден өтіп, егемен елімізбен бірге бір буын ұрпақ өсіп-жетілді. Пионерлер галстугын таққан да жоқпыз, комсомол болуға тырысқан да жоқпыз. Ауыр 90-жылдар, жалпы тоқырау мен күйзеліс, ал одан кейін бұрын-соңды болмаған дамуға қадам бастық. Тарихи кезеңдердің куәсі болдық, оның үстіне оның қатысушысы да біз. Отанға деген махаббатымызды көрсету үшін туып-өскен жерімізге деген сезімді әрбір сәті келген тұста айғайлап айтпасақ та, ерекше киінбесек те, айрықша белгі тақпасақ та дәлелдедік. Сүйіспеншілікті бұлай көрсетудің қажет емес екені бәріне де түсінікті шығар. Заманауи жас қазақстандық бірінші кезекте іскер адам болуы керек. Жас державамыздың болашағын құру үшін миллиондаған жігіт пен қыз қалалар мен ауылдарда өндірісте, мектептер мен ауруханаларда еңбек етіп жатыр, мемлекеттік қызметке барады немесе әскери қызметті таңдайды, ерекше жобалар жасап, оларды жүзеге асыруда. Міне, бұл нағыз патриот болу деген сөз.
Алайда мемлекет те бұл мәселеде тысқары қалып қоймауы тиіс – жастарға әрқашан шабыт беріп, әлеуетін аша түсуіне қолғабыс етуі тиіс, лайықты жұмыс ұсынып, соған сәйкес жалақымен қамтамасыз етуі керек. Амал не, кейде бұл міндеттер орындалмай қалып жатады. Маңызды әлеуметтік мәселе – еңбекпен қамту, бұл проблемаға айналып та жатыр. Өңірлердің тарапынан қарайтын болсақ, көңіл көншітерлік жағдай деп те айта алмаймыз.
Бұл мәселені Оңтүстік – Солтүстік аясында қарап көрейік, Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс орындары әрқашан табылады, себебі өңірге мамандар қажет. Мұнда ірі орта-мамандандырылған оқу орындары мен бір жоғары оқу орны бар. Жергілікті жастар ресурсы орталығының ай сайын өткізіп отырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне лайықты жұмыс іздеп келетін жандар көп. Біреулер тауып жатады, алайда екі қолға бір күрек таппайтындар да баршылық.
Әрине, жұмыспен қамту мәселесінде олардың мүмкіншіліктері көп те емес. Алайда жоғары оқу орындары мен колледждердің жергілікті кәсіпорындармен белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтпесек болмайды. Тіпті оқу кезінде-ақ студенттер өндірістерде тәжірибеден өтеді. Нәтижесінде кейбірі сол жұмыс орнында қалады.
Дуалды білім беру жүйесі жемісін беріп жатыр, алайда жұмыспен қамту мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік бермейді. Себебі оқу орындарын тәмамдап шыққан техникалық мамандық иелерінің саны өз кезінде өзге мамандықтарды таңдағандарға қарағанда айтарлықтай аз. Мұнда жастарды кінәлауға да болмайды, себебі жан қалауындағы жұмыс нарықта қажет болып отырған мамандық аясында бола бермейді немесе жалақысы көңіл көншіте бермейді. Бірақ талапкер белгілі бір мамандықты таңдаған кезде нарықтағы сұранысты ескере бермейсің, көңіл қалап тұрған салаға бет бұрасың.
Бұдан не шығады? Дәл осы мәселе еліміздің түкпір-түкпірінде кездеседі. ЖОО-лар көптеген педагогты оқытып шығарады, алайда солардың көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мұнда мәселенің беті ашылып отыр. Біріншіден, қаладағы мектептерде жас мұғалімдердің жалақысы аз, заманауи адамның күнкөріс деңгейіне жетпейді. Екіншіден, бұл жалақы мұғалімдік еңбекке қатынасында әділ болуы тиіс.
Оңтүстік Қазақстан облысында бұл турасындағы мәселе де осындай күйде. Кадрлар жетіспеушілігіне қарамастан, жұмыс берушілер жас мамандарды тәжірибесіз жұмысқа қабылдауға дайын емес. Шын мәнінде бұл жерде мәселе анекдоттағыдай, тек оның шындық болғаны көңіл көншітпейді. Бұл мәселені шешу үшін елімізде «Жастар практикасы» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба жастарға кәсіби жұмыс істеп, тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауға септігін тигізеді. Оның үстіне мемлекет те қаржылай көмек беріп жатыр. Мәселен, ОҚО-ның Ордабасы ауданында жастардың кәсіби білім алуына шамамен 100 миллион теңге бөлінген. Мұнда қысқамерзімді курстар да, кәсіби білім беру де кіреді. Облыста жалпы 89 мамандық бойынша қысқамерзімді білім беруге 9682 адам бағытталған.
Сондай-ақ, 2009 жылдан бері Қазақстан бойынша "Дипломмен ауылға" бағдарламасы жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін он мыңдаған қазақстандық өздерін ауылдық жерде сынап көріп, жетістікке жетуге бел байлады. Әрине көрсеткіш үлкен көрінуі мүмкін, алайда, бұл 7 жылда ғана қол жеткен жетістік. Бітірушілердің саны мен ауылда еңбектеніп жүрген мамандар санын пайызға шақса, әрине айырмашылық үлкен. Оның үстіне бұл әрбір облыстағы жағдай. Екінші жағынан мәселеге үңіле қарап, жастардың неге ауылда тұрақтығысы келмейтінін түсіну керек. Ол қолайлы инфрақұрылымның, жолдардың жоқтығы, кей жерлерде орталықтанған су құбыры да тартылмаған - мұның бәрі әсер етпей қоймайды.
Ал аймақтарда мамандық бойынша жұмысқа орналасу күрделі мәселе болмаса да, оны жылы жауып қоя салатындай емес. Мұндай жағдайда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қауіпке тігіліп, білім ордасы мен жергілікті атқару органының атына кір келетін еді. Әрине нарықтық заманда бұлай айтудың өзі қолайсыздау. Дегенмен кадрлардың жетіспеушілігін сезініп жатқан кәсіпорындар адамдардың онда тұрақтап қалып, еңбектенуі үшін бір шара қолдану керек. Кадрларды жаңарту - қажетті процедура және кез келген ЖШС бұл мәселемен бетпе-бет келері сөзсіз. Бастысы мұнда кешігіп қалуға болмайды.
Жастардың жұмысқа орналасу мәселесіндегі кері жақтардың бірі - урбанизация. Оның үстіне Қазақстанда оның өз ерекшелігі бар. Жас буын ауылдарда емес, тіпті облыс орталықтарында да қалғуға құлықсыз. Олар өздерінің болашағын Алматы мен Астана сияқты мегаполистермен байланыстырғысы келеді. Қай жерде жақсы табыс болса, сол жерде қалуға тырысуы да заңдылық. Ал басқа қалаларда істейтін адам жоқ деп жатамыз. Қазір елдің барлық қалаларында инфрақұрылым мен тұрғындардың өмірін жақсартуға бағытталған іс жүріп жатыр. Әрине әркімде әр түрлі - біреулерінде жылдам, кей жерлерде баяу, ал жалпы үрдіс оң нәтиже беріп жатыр. Қалалар көркейіп, бастысы жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр, ал оларды жас мамандарсыз елестету мүмкін емес. Еңбекақы мәселесі басты мәселелердің бірі екені рас, сондықтан еңбекақы төмен облыстарда да оңды өзгерістер байқалуда.
Жұмысқа орналасу саласында қиындықтар жетерлік және ол туралы үнсіз қалуға болмайды. Өйткені еліміздің болашағы осыған байланысты. Мемлекет бұл мәселені оңды шешу үшін барынша күш салып отыр. Көптеген әлеуметтік бағдарламалар, тегін техникалық білім алу мүмкіндігі, жеңілдіктер, бизнесті дамытуды қолдау - бұл механизмдердің барлығында ықпал бар және облыстарда нәтижелі іске асырылып жатыр. Дегенмен ізденушілердің саны мен олардың жеке талаптарын ескерер болсақ, жұмыс орындарының нарығы тоқтап қалмай, лайықты деңгейге жетуі қажет. Бұл еңбекақы көлемі, мансап жолының болуына да жалпылай қатысты.