Еңбегі егіздің - байлығы сегіз

Автор: Қажиев Жамбыл Шиналиұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика-техникалық факультетінің магистранты.

Жетекші: Жанатаев Данат Жанатаевич, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия кафедрасының доценті,философия ғылымдарының кандидаты.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/blogs/28848/

Өмірдің өрнегіне келістіре реңк беретін нар тұлғалы ауыл азаматтары елі мен жерін сүюді перзенттік парызына балайтыны көңіл қуантады. Ауыл өмірінің қай саласында болмасын қолда барын кәдеге жаратып, қара басының қамын ойлауды білмейтін ерлер ісіне сүйсінесің.

Алғаш еңбек жолын жүргізушіліктен бастап, кейіннен әкенің ізін жалғап, ақ таяғына ие болған, төрт түліктің киесін бала күннен сезіп өскен еңбеккор жан Тоқтарбайұлы Кермұхан туралы ақтарылар сөз орайы тіптен бөлек. Құмырсқаға да қиянат жасамайтын әулиемінез еңбек адамының әр таңы атқа қонып, малын өріске айдағаны ол үшін теңдессіз бір тәтті күйге бөленумен тең. Өзіндік парасатты пайымы бар ел ағасының кесапатқа қадам баспайтын, топ алдында сөз бастайтын, әуелетіп ән салатын тыңдарманын таңдай қақтыратын серілік өнері қоса бар-тын.  Көсем сөздің құдіретін сезетін сезімтал жанның тұлғалық болмысына қайран қаласың. Мінсіз ғұмыры,тәңірден келген кінәратсыз көңілі көктегі күннің сәулесіндей мөлдір әрі тап –таза. Бұндай қасиет  еңбек дегенде еңкеюден қашпаған жанда ғана болса керек.   Құба жылдардың еншісінен бұйырған бақытына құдай қосқан қосағы Күмісхан Айтанқызымен отасқан қырық жылғы кезеңі әулетінің сәулетін асқақтатты. Шаңырақтың күмбезді болуы шарт деп білген бақытты жұп өмірге маңдайы кереқарыс ұл мен қырмызы қыздарды әкеліп, тәрбиеледі. Бекзат өнердің иесі,ұлықты ұл Дархан Кермұханұлы бүгінде  Бескөл ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін мінсіз атқарып жүрсе, қос қарлығашы Самал мен Салтанат мәртебелі мамандық иесі атанып, өз алдына шаңырақтарын құрған.

Жаны ізгілікке тұнып тұрған еңбек адамы жастардың ауылдан қашыққа кетіп, бақытын қарбаласы көп қаладан іздейтіндерге налиды. «Жұмыс жоқ» деген жаңсақ пікірді аузынан тастамайтын жастардың ырыздықты мал мен жерден табуға болатынын алға тартқан еңбек майталманының ағалық ақылына неге құлақ түрмеске?

Бақытын баянды еткен, еңбегінің өнгегін көрген Кермұхан Тоқтарбайұлы зымыран уақыттың тезіне бағынып, бүгінде бейнеттен арылып, зейнет жасына жетіп отыр. Еңбек патшалығында патша атанбаса да, атша шауып өткізген тынымсыз өмір керуенінің ендігі зейнет жолында еңбектің байлығын мансұқ етсе деген арда тілегіміз барда азаматтың ақ туы аспандай бермек.

 



Бөлісу: