Ең үздік бес роман

  Өмір құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынастар молынан қамтылып, құрылымы күрделі болып, лириканы да драманы да ішіне еркін сиғызып жіберіп, оқиғалар жүйесі, сюжетті тілі, әр түрлі адамның өзіндік сипаттағы образдары көбірек қамтылып келген бұл шығармаларды әрине "роман" деп атаймыз. Роман да адамдар тағдырын, замана шындығын суреттеу арқылы қоғамның қилы бұралаңын бейнелейді. "Ұлы әңгіме өңшең үлкен оқиғалардан болмай, ұсақ істерден де өнеге көрсетуге тырысады, оны жазушы көркем сөздің әуезі, толғау, айтыс – барша түрін жұмсайды. Ұлы әңгіме жазуға шеберлік керек." деп, Ахмет Байтұрсынов атамыз атап көрсеткен. Иә, бұл сөздер романға бағытталып айтылған. Яки, роман жайында. Роман атауына "ұлы әңгіме" деген титул берген екен Ахмет атамыз. Қазақ әдебиеті болсын, әлем әдебиеті болсын, солардың ішіндегі оқымағандығымыз көп. Алда әлі оқуға тиісті миллиартаған, жоқ, санауға келмес соншалықты беттер бар. Әлемдегі барша кітаптарды 100 % деп алар болсақ, біздің арманымыз 0 %-ға жету болатын шығар. Неге? Әлемде не көп? Кітап көп... Бірақ, оны оқитын уақыт аз.Қазақ романдарының ішінде мен оқығандар ішінен менің туысыма айналып үлгерген романдар кенде емес. Менің мидағы флешкамда "Ақиқат пен аңыз" елеулі орын алады. Себебі, мұнда мен жақсы көретін екі жазушы, екі батыр сұхбаттасады. Әрі, Баукеңе мен қойғым келетін сұрақтарға жауаптар бар. Көңілге бекітіп, көкейге түйетін сәтті детальдар көп. Бір сөзбен айтар болсақ, бір-екі күннің ішінде "Бауыржантану" курсын тәмәмдаған сыңайлы боласың. Роман-диалог түріндегі бұл көлемді шығарма Абайдың мынадай сөздерімен өз шымылдығын ашады.

"Сүйер ұлың болса, сен сүй

  Сүйенерге жарар ол."

Баукеңнің мінезі тым қатал, тым жақсы. Ер-азаматтар осы Баукеңе еліктесін дегім келеді. Бұл кітапты оқып аяқтаған соң, тағы жалғасы.., тағы сұрақтар...деп қынжыласың. Күлкілі оқиғалармен қатар, рухты сезімдер, өмір сабақтары, жорық саяхаттары, әдеби орта, бәрі қамтылған мұнда. Сіздер Баукеңнің С.Асфендияровпен кездесіп, медуниверге түскенін білесіз бе?! Бір қызығы, морк дейміз ғой, Баукең соған ел қатарлы кірген кезде, жаны түршігіп ақ халатын тастай салып, дым деместен атып шығып, алды-артына қайта келместей боп қашады. Кейін, О. Жандосовпен кездесіп... ары қарай кітаптан оқыңыздаршы, дееп қызықтырып қояйын сіздерді. Оқығаннан көкейімде қалған бір оқиғаны баяндайын."Бауыржан Момышұлына радиодан магнитофонын арқалап тілші келеді. – Әй, сен кімсің? – дейді Бауке оны көрген бойда. – Радиожурналиспін, ағай. Сізбен сөйлесейін деп келіп едім. – Өзің әйелмісің, еркекпісің, мен соныңды айт деп тұрмын саған. – Еркекпін, ағай. – Круугом! – дейді Баукең оған ежірейіп. Сасқан жігіт ұршықтай айналып кейін бұрылып, есікке қарап тұрады. – Сен еркек болсаң, онда шашыңды еркекше алдырып кел. Марш!... Осыны естігіен Әзекең де Баукеңе баруға жүрексінеді. Бірақ, бұлардың әңгімесі ерекше. Бұл да долы жылдардың куәсіндей... Баукең жайлы шығарма оқып, артын сұм соғысқа қатысты тағы бір шығармамен жалғадым. Бұл роман,

"Елестеп өтті алдымнан

Жаралы жылдар бейнесі" деп басталып, көз алдыңнан өз жалғасын тауып кете барады. Мұнда Панферов дивизиясы жайында айтылады. Иә, бұл Тахауи Ахтановтың "Қаһарлы күндері". Ержан мен Раушанның мөлдір махаббаты, соғыстың дауылды жылдарымен бірге келген ызғырық боран ұйытқып соғып, мөлдір болған махаббаттың жібін үзіп жіберіде. Махаббат... Соғыс... Махабат үшін күрес емес, Отан үшін күрес бұл. Вагонның сатыр-сұтыр дауысымен пойызға мініп, соғыс майданына аттануымен, Көжектің пойыздан қалып қалуымен өрбиді. 4 тараудан тұратын романның қызығынан гөрі шыжығы басым. Қаһармандар көп... Жеңіспен аяқталған сәтті картина, оқырманды бір жылатып, бір қуантып барып қоштасады. Романның соңғы сөзі, "Қандай жау алмақ бізді!" болып кітаптың мұқабасын бір сәтке аударады да сөредегі орнына қайта барады.Өздеріңізге мәлім, махаббатың нәзік те мөлдір символына айналған шығарма бұл. Соғыстан келген ер жігіт Ерболдың КазГУ-ге түсуімен басталар шығарма қалың оқырманның ып-ыстық ықыласына бөленген.

"Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын-ақырын шегініп,

Адасып кетті-ау құрғырлар."

Абайдың әсем өлеңімен басталар бұл шығарма белгілі бір ритммен жүретіндей... Ақырғы соңы оқырман үшін қайғылы трагедиямен аяқталады...Абылай ханның немересі, ұлт-азаттық күрестің басшысы Кенесары Қасымұлыны жұрт білмеуі мүмкін емес. Осы оқиғаның бір қысқа да болса тарихпен байланысы айқын сипатталады. Шоқанның әкесі, Шыңғыс Уәлиз\хановтың образы романда өз рөлін сомдайды. Орынбор-Ташкент теміржолы, Шалқар көлі, станциясы, бәрі-бәрі тарихтың куәсі болып отырғаныңды білдіретіндей. Бұл әрине, "Ұлпан" романы. Мені әттеген-ай, албасты Торсан деп көзімнен жасты пар-парлап ағызуы арқылы, Ұлпанның әр қылығы мен қазақи болмысы мен үшін үлгі тұлғаға айналуы арқылы, Шынардай, Есенейдей, Мүсірептей жақсы адамдар болуымен жүрегіме жақын тартқан осы шығарма.Өз әдебиетіңе жетер байлық жоқ, сірә. Дегенмен де, өзге мемлекеттерге сапар шегуді кім ұнатпайды дейсің?! Сондықтан, кітапханадан қолыма түскен әлем әдебиетінің ерекшесін оқып көрдім. Мұнда, дүние жүзіндегі ең ежелгі, ең сәби халықтың бірі негр жұрты жайлы айтылады. Олардың қилы-қилы тағдыры, шыдамдылығы, батырлығы, әсіресе көнбістігі... Ақ пен қара нәсілге бөліну тұсы осы кездер. Кінәлі кім? негр... Бәрі негрден... Жалған жала, жазықсыз адам, жуылған жүздер, қайнаған қан, ыза... Негр жазушысы Джон О. Килленстің – "Қайнаған қан" (ағылшын тілінде "Янгблад" деп аталады) Негізі Янгблад осы оқиға желісіндегі бас кейіпкер. Бұл кітап орысша "Жас қан" деп аталады. Қазақша ықшамдап "Қайнаған қан" деп өзгертілді. Мұны жазушы Қалижан Беқхожин аударған. Романда негізінен Янгблад атты негр отбасының бастан кешкен қиямет тағдыры суреттелумен бірге, бір қауым негр жұртының ақ түстілерден көрген жан түршігерлік қорлығы және нәсілшіл мырзаларға қарсы ашынған ыза, күрестері баяндалады. Американың әйгілі қоғам қайраткері, негрдің атақты әншісі Поль Робсон бұл романның орыс тіліндегі кітабына жазған алғы сөзінде: бұл жан тебірентер тамаша кітап Америка халқының басындағы қазіргі замандағы ең бір қиян-кескі мәселе деп толғайды; бұл кітапты оқығандар АҚШ-тың оңтүстігіндегі негр жұртының ақ түстілерден қандай қорлық, зомбылық шегіп отырғанын айқын сезінумен бірге, сол ашынған жұрттың нәсілшіл содыр-сойқандарға қарсы қандай ызамен, қаны қайнап күреске түскенін де жақсы аңғарады, дейді. Джон О. Килленс бұл туындыны өте керемет жазған. Бір деммен оқып шықтым. Кеңес беремін, оқыңыздар...



Бөлісу: