Қайырлы күн, игі жақсылар мен массагеттік жас блогерлер! Хал-жағдайларыңыз қалай? Әне-міне дегенше екі айға жуықтаған «Мақсатыңа массагетпен бірге жет» атты байқау да өз мәресіне таяп қалды. Енді міне, байқауға қатысушыларға арналған арнайы өз тапсырмаларымызды иемденіп, қызу жұмыс үстіндеміз. Мақсат жайлы блогымда жариялағандай, тәлімгерлеріміз кітап оқу мақсатын алға қойғанымды ескеріп, маған тапсырмасын берді. Мұнда көркем әдебиеттің үздіктерін анықтап , әрі бұрын оқыған шығармалар ішінен ең үздік бес туындыны атап, мазмұны мен оқырмандарға берер пайдасын, тәрбиелік мәнін барынша сипаттап жазу қажет. Алдымен, ертегі дегеніміз не? Осы сұраққа тоқталғанымыз жөн болар. Ертегілер халық ауыз әдебиетінен мол орын алған және халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезінде ауызша шығарған күрделі шығармаларының бір түрі. Халық әдебиетінің басқа түрлері секілді ертегілер де адам баласының еңбек, кәсіп ету, тұрмыс-тіршілік құру тәжірибесіне байланысты туған. Жаратылыс құбылыстарын, табиғат сырларын жетік білмегендіктен, ертедегі адамдар әр нәрсені қиял еткен.
«Ертегі» деген атау «ертеде», «ерте күндегі» деген сөздерден туған. Кейде «ертек» деп те айтылып, ертегі айтатын адамды «ертекші» дейміз. Ертегінің өз оқырмандарына, кішкентай бүлдіршіндерге берер тәлім-тәрбиесі, әрине, мол. Ертегі көркем, бай тілі арқылы шешен сөйлеуге, өз ойын әдемі баяндауға үйретеді, әрі танымдық қабілеті мен ой - қиялын, тіл байлығын байыта түспек. Әлімсақтан қазақ халқының ақ жаулықты әжелері мен ақ сақалды қариялары өз немерелері мен шөберелеріне ертегі айтып, ақыл-кеңестерін беріп, баланың ой-қиялының жетілуіне көп септігін тигізген. Ертегілер өз құрылысына қарай үшке бөлінеді. Олар: шыншыл ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер және хайуанаттар жайлы ертегілер. Мен өзім оқыған шығармалардың, соның ішінен үздік әрі таным-тәрбиесі мол ертегілер деп төменде көрсетілген ертегілерді таңдап алдым.
Қазақ ауыз әдебиетінде ерекше орын алған, шоқтығы биік «Тазша бала» ертегісін білмейтін оқырман жоқ-ау, сірә!? «Тазша бала» – қазақтың күлдіргі, әзілі аралас тұрмыс-салт ертегілеріне жатады. Кейіпкеріміз халық арасынан шыққан ақылды, айлалы, тапқыр, батыр жігіт ретінде суреттеледі. Өзінің бойына дарыған ақыл-парасаты, тапқырлығы арқылы талай қиындықтан, ауыр халден, өз айла-тәсілімен аман-есен құтылып, неше түрлі сындардан мүдірмей өтіп, жеңіп шығады. Өзі кедей болса да, уәзір, жендеттердің әділетсіздігін, сараңдығы мен зұлымдықтарын әжуалап, халық алдында мазақ етеді. Сөйтіп, Тазша бала данышпандығы мен шешендігін бойына жиған кейіпкер ретінде саналады.
«Ер Төстік» – қазақ батырлық ертегілерінің көне үлгісі. Ертегіде ерте дәуірдегі халықтың мифтік нанымы, ырымдары мен әдет-ғұрыптары толығымен айтылады. Төстік қиял-ғажайып жағдайда дүниеге келеді. Ер жеткенде жылан Бапы ханның бұйрығымен Темір хан еліне барып, онда айдай сұлу қалыңдықты алу үшін неше түрлі сайысқа түсіп, сол сайыста керемет достарының көмегімен қарсыласын жеңуі тамаша суреттеледі. Оның достары: Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысар сынды мифтік кейіпкерлер және адамша сөйлеп, адамша іс-әрекет қылатын жүйрік аты – Шалқұйрық.
«Қарт пен тапқыр жігіт» ертегісінің басқа ертегілерден – шешендік сөздерге ұқсас келуінде. Халқымыздың тереңнен тұнығын сүзіп ішетін, әр сөздің байыбына терең барып, мәнін түсінуге, тиісті жерінде қолданып мән беруге, көркем сөйлеуге үйретеді. Ертегіде халықтың зерделі санамен ғана ұғатын астарлы меңзеу түрінде айтылатын сөз шеберлігін жас жігіт бейнесі арқылы береді. Көп жасаған емес, көп көргеннен сұра демекші, жасы ұлғайса да сөз төркінін түсінбейтін кейіпкер қарттың білімсіздігін қыздың сөздері арқылы әшкерелейді.
Менің саралауым бойынша үздік деп таныған ең соңғы ертегі – «Үш ауыз нақыл сөз» атты ертегі. Қазақ халқы – ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген дана халық. Әбден екшелген, тәжірибеден өткен бай мақал-мәтелдердің қай-қайсысы болмасын аз сөзге көп мағына сыйғызған ,өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге мол үлесін тигізеді. Аталмыш ертегіде бас кейіпкердің нағыз адам болып қалыптасуына әкесінің малына сатып алған үш нақылының пайдасы тиеді. Үлкеннің сөзін тыңдап, айтқанды көңіліне қондыра білген жас жігіт ақылшы қарияның нақылдарын өміріне азық етеді.
Қорыта келгенде, ертегілер халқымыздың сәбилік кезінде келешектен тек қана жақсылық күткен, жарқын болашақты армандаудан туған туындылары.Арман алысқа жетелеп, сол армандары шындыққа ұласып жатқанына кейінгі ұрпағы куә.